Шырайлы Шымқаланы шулатып...

Сәлем, достар! Өткендегі жазбамды асығыс жазып, әр жаңалығыма кеңірек тоқталуға уәде берген едім. Орайы келгенде бүгін шырайлы қала Шымкентке барған сапарымды айтайын.

Сөздің шыны керек қой, "Шымкент" десе дір ететін халықпыз. "Не шықса да Шымкенттен шығады", "Шымкенттіктер қу", "Шымкентке жолама", "Ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын да осы Шымкент", "Шшс дейтін де Шымкент", "Жол ережесін бұзатын да Шымкент" дегенді өз басым айналамдағылардан болмаса да көпшіліктен жиі еститінмін. Ішімнен "Расымен де сондай ма?!" деген күдік ойлардың болғанын да жасырмаймын. Содан не керек, "Мың рет естігенше бір рет көріп қайт" дегенді ескеріп, "Қайдасың, Шымқала?!Күт мені" деп жолға шықтық.

Шымқалаға баруыма себепкер болған өзіммен бірге білім алған Лаура есімді құрбым. Сынақ, диссерді артқа тастап, барлығымыз диплом алу салтанатына жиналып қалғанбыз. Бір кезде дипломнан бұрын барлығымыздың қолымызға Лаураның ұзату тойына шақырту қағазы түсті. Улап-шулап мәз болып, Лаураны сұрақтардың астына салып жаттық. Бір бума шақыру қағазын ұстап, әрқайсысымызға ерекше ұсынған Лаураға риза боп қалдық. Шақырудағы мекен-жайды көргендердің арасынан бірден "бармаймын", "көреміз ғой" деген сөздер кетті. Шақыру қағазы маған келгенде мекен-жайда "Сарыағаш қаласы, Абай ауылы" деп тұр. Лаураға қарадым да "Тойыңа барам, ән де айтып берем" деп уәде бердім. Бірақ, ішімнен "Сарыағаш деген Шымнан да ары. Барам деп қоям, әке-шеше жібере ме екен" деп ойландым. Сонымен не керек, дипломды алдық, әке-шеше алдынан да өттік, улап-шулап керек күнге билетті алдын ала сатып алдық. Ендігі кезекте белгіленген күнді күту ғана қалды.

Менің Шымға кететінімді естіген туыс-ағайын, көрші-қолаң, құрбы-құрдастардың барлығы шулап қоя берді. "Абайла", "Жаныңдағы жігіттерден бір елі қалма", "Олардың жігіттері шатақ келеді, басыңа мөшек кигізеді де алып кетеді", "Сені алып қашып кетеді, апа жатып алады" деген ыстрашный әңгімелерді айта бастады. Тіпті, Абзал да "Үй ішіңмен давайласып ал" деп ескертіп еді))))

Жүгімізді жинап, үй-ішімізден рұқсат алып, екі қыз, екі жігіт болып жолға шықтық. Ниетімізге орай, бізге жаңа поезда жол жүру бақыты бұйырған екен. Жолға шыққанына бір апта ғана болған жаңа ресейлік поездің жолаушылары болдық. Тіпті, купе ішіндегі төсек-жабдықтардың целлофан қапшығы да алынбаған. Жолсерік ағайдан бірнәрсе сұрасаң "Ашылғаны енді ғана, сендер түгілі өзім білмеймін" деп аң-таң болып жүрді. Жол бойы Шымкентке қатысты ойымыз бен күдігімізбен бөлісіп, улап-шулап Шымға да жеттік. Біздің барар мекеніміз Шымнан да ары екі сағаттық жол болған соң, Абай ауылына жетудің амалын іздестірдік. Алматыдан келгенімізді көрген такси жүргізушілері бірден жол бағасын аспанға шығарып жатты. "Айттық қой Шымкенттіктер бәле" деген ой осы кезде расталды. Сонымен ауыл-ауылды аралайтын Газельге міндік. Шынымды айтсам, мен газель көлігіне сегізінші сыныпта соңғы рет мінгенмін. Маршруткаға мініп, жолға шықтық. Жүргізуші ағай "Мына мынадай жер", "Анау жақта мынау бар" деп жол бойы кезіккен дүниелерді айтып жатты. Бір кезде "Ал мынау тау" деп маған екі метр биіктіктегі төмпешікті көрсетіп тұр. "Охо, ағасы, мынау тауыңыз тау ма?! Біздің қорғандардан кішкентай" деп едім, күліп жіберіп "Енді Алатау болмаса да бізге жарайды" деп қояды. Бір кезде ағамыз қызыл түске өтіп кетті. "Мұныңыз қалай, аға?!" десем, "ай біз осылай өтіп кете береміз" дейді. Шымкенттіктер жайлы расталған тағы бір ой осы болды))))))

Арада екі сағат өткен соң, Абай ауылына, Лаураның үйіне келіп жеттік. Алыстан ат терлетіп келген бізді өте жақсы күтіп алып, Сарыағаштың шипалы суына алып барды. Ел ішінде тәтті су дейді екен. Жолдан шаршап келген бізге сол су ғой керегі. Кейін аздап демалған соң, тойға дайындалдық.

Лаураның үйінің есік алдында жүзім-шабдалы өсіп тұр


Той екі сағатқа кешігіп басталды. Басталғанда қалай. Тойханаға ерте келгендер өз орындарына жайғасып, тойды елден бұрын бастап кетті. Қызық екен дедік. Бізде жастар келмейінше, үлкен кісі бата бермейінше той басталмайтын еді. 

Жастар да келді. Оларды салтанатты түрде төрге шығарды. Тамада тойды бастады. Тост-тілектерді оптом берді. Ән-жыр, сахналық көрініс, әзіл болды. Антракт деген болмады. Уақыт тығыздығы, адам көптігі (оңай ма тойға 400 адам келді) тсс. Бір кезде сөз кезегі бізге келді. Атымызды атап тұрып, ортаға шақырды. Тілегімізді жаудырып, конвертімізді берген соң, әнді жібердім мен. Содан кейін би болды. Биден соң, Лаураға тілектер айтылып, оны шығарып салды. Бір кезде бір апай (қызып алған тағы) "Тамада давай музыка" деп, тойға келген жамағат биді жіберді. Бұл жақта бір қызығы қазақ әндер өте аз қойылады екен. Барлығы шыли (Шымкенттен үйреніп келгенім ғой) өзбекше. "Нозлигулим" дегеннен бастап біз естімеген өзбек әндерді қойғанда таңданып қалдық. Той осылай түнгі үште бітті. 


Бұл тойда тойбастар деген болмады. Оның орнына барлығымызға "Тойбастар" деген шәй таратты.


Ертесі бізді демалыс орындарының біріне апарып, қима жегізді. "Қима жейсіңдер" дегенде "ол не екен"дедік ішімізден. Бір кезде алдымызға люля-кебаб сияқты кәуәп келді. Қима деген осы екен. 


Бізді күтіп алған Лаураның ата-анасы, ағайын-туысына рахметімізді айтып, Шымға кеттік. Шымқаланың барлық көрікті мекендерін көрмесек те біраз араладық. Қайтудың кезі келгенде вокзалға жетіп, жаңа поездге мініп, "Алматым, қайдасың?!" деп қайттық.



Маған Шымқала өте ұнады. Жоғарыда жазған екі күдіктердің расталғаны ғана болмаса, басқа ешбір ой расталмады. Бір боқтап, дөрекі сөйлеп, мәдениетсіздік танытып жүрген адамды көрмедік. Әлде, барлық сондай тентектерін Алматы мен Астанаға жіберген бе?!)))))

Шымкент шынымен де шырайлы екен. Көшелері таза, елі шырайлы. Өзге ұлт өкілдері қазақша сөйлеп жүр. Тіпті, дүкенге кірген кезде сатушы қыз біздің жігіттерге сәлем салды. Бізді алып қала ма деп қорқып едік. Бекер екен. Біз сияқты әдемі сылқымдар өздерінде де бар екен)))))

Кеңес заманында "Любой советский человек должен отдыхать в Ялте, Сочи, Одессе" деген сияқты ұран болыпты-мыс. Сол сияқты кез келген адам, әсіресе, Шымкент десе көзі шарасынан шығатын адам міндетті түрде ғұмырында бір рет болса да Шымқалаға баруы тиіс. 


Шымқала - керемет қала! Бірақ, бәрібір де Алматыма ешбір қала жетпейді ғой) Солай



Бөлісу: