Естімеген елде көп....

Бүгін, яғни 13 тамызда « Астана» телеарнасынан бір таңғажайып, адам сенгісіз дүниені тамашаладым. Үндістан еліндегі Чиннау елді мекенінде  3 жасқа жаңа толған Рапул есімді бүлдіршін мүлдем сирек кездесетін ауру түріне шалдығып отырған көрінеді. Бұл бүлдіршін өздігінен «тұтанатын бала» атанып отыр. Аты айтып отырғандай бүлдіршін өздігінен лаулап кететін көрінеді. Қазір бұл сәби жатқан аурухана бөлмесіне шелекпен су және өртсөндіргіш қойып қояды екен. Мұндай ауру түрі расымен де  кездесе ма екен деген қызық оймен көп мәліметтер іздестіріп көрдім. Ізденістерім бойынша, «Замана» газетінен Е. Рауан мақаласынан мынадай мәліметтерге қанық болдым.

                                                             Пирокинез деген не?

«Пиро» сөзі грек тілінде «от», ал «кинез» – «қимыл» деген мағынаны білдіреді. Яғни парапсихология ғылымына жататын бұл термин өздігінен тұтану, жану деген ұғымды меңзейді. Ал бұл әрекетті меңгерген адамды «пирокинетик» деп атайды. Ол отты қашықтықтан әлдебір тылсым күштің әсерімен басқара алады.

 Дегенмен пирокинездің нақты дәлелденген ғылыми анықтамалығы жоқ. Яғни оны ғылым мойындамайды. Сол себепті де пирокинезді зерттеуге арналған ауқымды іс-шаралар мүлдем жасалынбаған.

 Соған қарамастан, адамдардың кенеттен, өз-өзінен бір­ден тұтанып, әп-сәттің ішінде жанып кеткен оқиғалары өткен ғасырдан бері көп кездескен. Тіпті мұндай түсініксіз әрі қайғылы жағдай одан бұрындары да орын алып тұрған. Ал әлгіндей жағдайда жанған кезде оттың температурасы үш мың градусқа дейін жетеді екен.

 Бір қызығы, осыншама күшпен лезде жанып кеткен адамның қасындағы тез тұтанатын заттар, мысалы, көрпе-төсек, қағаз, мақта дегендер еш бүлінбей, сол күйі тұра береді.

 Енді ғалымдар да, дін өкілдері де нақты себебін таба алмай келе жатқан «пирокинетика», яғни адамның өз-өзінен ойламаған жерден тұтанып, жанып кеткен оқиғаларынан бірер мысалдар келтіре кетейік.

 Осыдан оншақты жыл бұрын Ресейдің Томск қаласында­ бір ер кісінің лезде отқа оранып өлгені жайлы жағымсыз хабар тарады. Көрген адамдардың айтуына қарағанда, әлгі бейшара саябақтағы ұзын ағаш орындықтардың бірінде ішімдік ішіп отырған екен. Ол жұрттың көз алдында өзінен-өзі бірден тұтанып, небәрі 5-6 минуттың ішінде тұтас өртеніп кеткен. Оқиға орнына дереу жеткен жедел жәрдем қызмет­керлері ол адамның асқазанында алкоголь мөлшері көп болғандықтан, әлдеқандай бір от ұшқынанын тұтанып ала жөнелген деген қорытынды жасапты. Алайда орындықта отырып, арақ ішкен оның айналасында ешқандай да от ұшқынын тудыратын нәрсе атымен болмаған. Бұл қайғылы оқиғаны көзімен көргендердің айтуына қарағанда, от ең алдымен әлгі адамның іші мен асқазаны тұсынан лап етіп тұтанып, қатты жалынға ұлас­қан көрінеді. Осының бәрін көріп, үрейленген адамдарды әлгі кісі лезде өртеніп кеткен кезде де ол отырған ағаш орындыққа мүлдем жалын тимегені одан бетер қайран қалдырыпты.

 Ал аталмыш елдің Скадово-Херсонск облысында бол­ған­ мына жағдай мүлдем сенімсіз, дегенмен болған оқиға. Аталған­ облыстағы бір елді мекенде қарауыл болып еңбек ететін бір кісінің қатты күйік шалған жансыз денесі таңертең­ табыл­ған. Бір қызығы, бүкіл денесі өртеніп кеткен оның сырт­қы киім­дері сол күйі қалған. Тіпті оны алдымен тыржала­ңаш шешіндіріп алып өртеп, сосын киімін қайта кигізіп қойғандай.­

 Бірақ оқиға болған күні ол адамның әлгі киімімен ауыл ортасынан жантүршігерлік дауыс шығарып, отқа оранған күйі жүгіріп бара жатқанын ауыл тұрғындары түгел көрген. Тіпті бір көршісі оның бала кезінен-ақ әлдебір түсініксіз кеселмен ауыратынын, кей кездері терісі өртенердей болып қатты қызарып кететінін айтады. Сондай ауруынан кейін ол адамның терісі көпке дейін күлдіреп жүреді екен.

 1988 жылы Мәскеудегі өз пәтерінде бір такси жүргізушісі аяқ астынан тұтанып, лезде жанып кеткен. Оның денесінің 80 пайызын күйік шалған екен. Бірақ бөлмедегі жиһаздар мен өзі отырған орындығына ештеңе болмаған.

 Сол жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы ауруханада 26 жасар Эмилия Эрнавдес деген әйел де кенеттен өртеніп ала жөнелген. Оның соқырішегіне ота жасап жатқан дәрігерлер қас пен көздің арасында орын алған бұл жағдайға ешқандай шара жасай алмаған көрінеді.

 Міне, мұндай таңдай қақтырарлық оқиғаларды көптеп келтіре беруге болады. Соған қарамастан бұл «пирокинез» дегеннің кесел екенін не басқа жағдайдан болатын тылсым құбылыс екенін ешкім анықтай алар емес.



Бөлісу: