Шағын жазба

ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕГЕН СЕЗІМ

Айшуақ  студент атанғалы, бүгін бірінші рет сабаққа келді. Кішкене толқынысы жүрегінің жиі соғуынан байқалады. Бүгін бірінші сабақ күні. Байқаса бірге оқитын топтастарының  дені қыз балалар екен. Бірақ соңынан араларында бір ұлдың бар екенін көрді. 1 курстың қызықтары мен қиыншылықтарын әрбір студент болған адамдар жақсы біледі ғой.  Қоңырау соғылғанда демалуға дәлізге шыққан Айшуақ өзінің қай аудиториядан шыққанын таба алмай қалды. Қатар–қатар орналасқан көп аудиторияның  қайсын ашып көрсе де, өз топтастары емес, уақытта өтіп барады... Есі қатты шыққаны сондай екі беті қызарып, не істерін білмей тұр. Ол осы үлкен дәлізден далаға шығар есікті де таба алмайтын сияқты қорқыныш бойын билеп алды. Бір уақытта:

- Сабақ кезінде бұл не бос жүріс?! - деген қатқыл, сондай- ақ, жағымды шыққан дауысқа қарап еді. Өзіне қарап тұрған ұзын бойлы, жарасымды ақ жейде киген сымбатты жігітті көрді. Көрді де құтқарушысы келгендей бір жағынан  қуанып, бір жағынан бейтаныс жігіттен қысыла тіл қатты.

- Мен өз  тобымды таба алмай тұрмын, қай аудиториядан шыққанымды ұмытып қалдым.

Кенет жігіттің жүзінде бір түрлі жылылық пайда болып:

- Сен бірінші курс студентісің бе? 

- Иә.

Айшуақ жігітке  таңғала қарады. 

- Онда қысылатын ештеңе де жоқ, бәрімізде осындай жағдайды басымыздан өткергенбіз. Жүр, мен сенің тобыңды табуға көмектесейін. Менің атым Руслан! Мен  екінші  курста  оқимын. Осылай-осылай үйренесің, - деп жылы сөйлеген жігіт Айшуақты тобына әкеліп қосқан болатын.

Күндер өтіп жатты, Айшуақ оқу орнына үйреніп, студенттік қызықты өмірге араласып та кетті. Алғашқы күні адасып жүргенде танысқан Руслан атты жігіт осы оқу орнының белсенді студенттерінің  бірі екенін білді. Тіпті, осындағы белсенді жастар қанатының  көшбасшысы екенін естіді. Айшуақ оны көргенде қарапайым, өз ісіне тыңғылықты екенін бірден байқаған болатын. Руслан да сүйкімді қызға әрдайым білмегенін үйретіп, жанашырлық көрсетіп жүрді.  Сабақтан үнемі бірге қайтатын. Күн өте келе олардың аралары шынайы достыққа айналды. Бірде осында танысқанМаржан есімді құрбысы Айшуаққа өз ішкі сырын білдірді.

- Мен осында бір жігітті ұнатып қалдым, өзі сымбатты, белсенді, өте тартымды жігіт. Көрсең ғой шіркін! Мен оны алыстан көріп жүрем, қатты танысқым келеді, - деді ішкі толқынысын жасыра алмай.

Айшуақ та  құрбысының қуанышына ортақтасып, досының жүрегін қозғаған жігіттің кім екенін білгенше асықты. Көптен күтіп отырған қоңырау  шыр еткенде, екеуі қолтықтасып дәлізге қарай жүгірген болатын. Бір-бірін итере дәлізде демалуға шыққан көп студенттердің арасынан Маржан, сабақ кестесіне көз жүгірітіп тұрған жігітті  иегімен нұсқап:

- Айшуақ,қарашы маған анау тұрған жігіт ұнайды, - деді.

Нұсқаған жаққа назар аударған Айшуақтың жүрегі дір ете қалды, өйткені, ол Русланды көрсетіп тұрған еді. Өзі ұнатып жүрген жігітті құрбысының да ғашық боп қалғанын білгенде өңі қуарып, жүрегі сыздады. Бірақ, ішіндегісін сездіргісі келмеген ол құрбысына Русланды танитынын айтып, екеуінің дос болып кеткенін жеткізді. Мұны естігенМаржан ерекше қуанды. Сол күннен бастап өлең жазатын болды. Ал, жазған өлеңдерін Айшуақтан Русланға жеткізуін өтінетін. Тіпті, бір күні, көптеген қағаз қиындыларынан өрнектеп, өлең жолдарын құрастыратын. Айшуақ құрбысының осындай сезімді алғаш басынан өткеріп тұрғанын байқайтын. Оның Русланды шынайы жақсы көріп қалғанын байқап, өз сезімін тұншықтырып тастады. Құрбысының  күннен күнге оқу үлгерімі де, шығармашылық ізденістері де айрықша көріне бастаған болатын. Бірте-бірте Маржанның ақындық өнері де бағалана бастады. Белсенді жастардың қатарына да қосылды. Енді Маржан мен Руслан жұп боп,мерекелік кештерді қатар жүргізіп жүрді. Ал, Айшуақ Русланға ғашық болған құрбысының кіршіксіз махаббаты арқасында биіктерден көріне бастағанына шексіз қуанды. Оның махаббатына кедергі болмағаны үшін өзіне де риза. Шынайы ғашық жандардың бірге болуыалдағы уақытта мақсаты айқындалып, жетістікке қол жеткізетініне куә болды. Енді ол да арманына қанат бітіретін жанның тезірек жолығуын күтіп жүр.

Жаннұр САХАРИЕВА

 



Бөлісу: