Бетпердеңді шеш!

Жаратқан әрқайсысымызды әрқилы етіп жарататыны белгілі. Одан қалса, мінезіміздің, ой-санамыздың қалыптасуына өскен ортамыз, жанымыздағы жандар себепші болатыны да айдан анық. Бірақ...

Бірақ, кейбіреулер бар өз ойын білдіргісі келсе де білдіре алмай жүреді. Өзгелерден ұялып, қысылып, жасқаншақ болып қалады. Кейін "Айту керек еді", "Мен солай ойлағам, бірақ, айтуға ұялдым" деп ақталып шыға келеді.

Кейбіреу бар қазақ оны "қой аузынан шөп алмас" дейді. Былай қарасаң, одан артық өмірде нәзік, момын, жуас адам жоқ. Ал бірақ, уақыт өте көретінді сол адамнан көресің. Оған да қазақ "Үндемегеннен үйдей бәле шығады" деп айтады.

Келесілер бар алдыңғы сипаттамадағы екі мінезді де бойға сіңірген. Тіпті, одан асып кетсе, кем емес. Өз басым ондайларды екіжүзділер қатарына қосамын. Бетпердесі болған кезде басқаша, бетпердесін алған кезде мүлдем басқаша болатын. Әсіресе, қазіргі әлеуметтік желілердің дүркіреп тұрған заманында оларды көптеп кездестіруге болады. Шынайы өмірде содан артық момақай, тәрбиелі, үндемес адам жоқ. Ал виртуалды өмірде ол талайды жерден алып, жерге салып, одан қалса, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығаратын қасиетке бай адам. Монитор арғы жағында одан артық батыл, ержүрек, пәлсафашы, данагөй, ақылды адам жоқ. Біреудің айтқан сөзіне тиісіп, болмайтын нәрсе үшін жағадан алады. Қайтсін енді, мықты екенін көрсетудің амалы ғой.

Өз ойыңды дер кезінде айта алмасаң, айтқың келіп, жеткізе алмасаң, босқа бармақ тістеудің қажеті жоқ. Айтқың келді ме, орайын тап та айт. Ол үшін ешкім сені ату жазасына кеспейді. Шынайы өмірде бетке айтуға батылың жетпесе, экранның арғы жағында отырып, ерлік жасаудың қажетң шамалы. "Барды бар, нарды нар" деп бағалап, бетпердеңді шеш. Солай)))




Бөлісу: