Махаббатқа сенемін!

Махаббатқа сенемін!
жеке
блог

«Сырлы сұхбат алаңында» - Ақжелең Рахатдин!

Сіз үшін бақытқа бастайтын жол қайсы? Қай кездерде өзіңізді керемет бақытты сезінесіз?

Бақытқа бастайтын жол дәл қайсысы екенін білсем, тек сол жолмен жүрер едім. Бірақ, дұрыс келе жатырмын деп те ойлаймын. Өзімді бақытты сезінетін сәттер көөөөөп қой. Мектеп бітіру кешінде бақытты сезіндім. Оқуға түскен кезім, алғашқы аралық бақылауды жапқан кезім, бірінші семестрді аяқтаған кезім... Жай ғана үйге барлық туысқандарым қуанышқа жиналған кез... Жетістікке жеткен кездерімді бақытты кезім деп сезінетін шығармын...

Болашақта жарыңыз Сізге: «Отбасымызды қамтамасыз ете алам, ал Сен отбасы ошақ қасында отыр!» десе, қалай қабылдар едіңіз?

Негізі, өзімді мансап қуғандардың қатарына жатқызбаймын. Мен үшін өмірдің рахаты – мансабымның өскені емес. Бірақ, сонша оқу оқып үйде отыру дегенді де түсінбеймін. Ең болмаса, бес-алты жыл жұмыс істеуіме көндірер едім деп ойлаймын.

Ғашық болу дегенді қалай түсінесіз? Махаббатқа сенемісіз?

Махаббатқа сенемін.

 

 

Өз еліңізді қаншалықты бағалайсыз? Өз ортаңызда, отбасыңызда қай тілде сөйлесесіз?

Жақсыыыыыыыы көрем ғой Қазақстанды! «Ой, соқпаш» деп ернін жыбыр еткізгендер бар шығар. Бірақ маған бәрібір, шын жақсы көрем. Қазақты жамандаған адамның қолында өлем. Әкем де, анам да өте ұлтжанды адамдар. Мені де солай тәрбиеледі.

Отбасымда да, туыстармен де, достарыммен де ана тілімде сөйлесемін. Анда-санда орысша сөйлеп қалатын кезім болады. Ондайда жыным келіп кетеді өзіме. «Көпұлтты елміз ғой, бейшара-ай, түсінбейді ғой мені» деп басқаларды мүсіркеп, былжырайтындарға да жыным келеді. Басқа тіл қазақсыз-ақ дамиды! Сөздің қысқасы, өз ұлтымды, тілімді, дінімді, ділімді, елімді, жерімді шексіз сүйем!

 

Шет елден жоғары оқу орнына түсу туралы ұсыныс келсе, баратын ба едіңіз?

Әрине! Олар ұсыныс жібермей-ақ өзім баратын едім. «Екі жылымды осында, қалған екі жылды басқа жақтан оқып, екі диплом алып алсам ба» деген «арам» ойым бар, негізі...

Қай сайтта көп отырасыз? Не үшін?

Massaget.kz, vk.com, dl.iitu.kz, ayakino.net, twitter.com.Негізгі отыратын сайттардан осылар еске түсіп отыр. Массагет пен Вк айтпаса да түсінікті. Ал, ДЛ деген - біздің университеттің электорнды журналы. Тапсырма сонда жазылады, сабақтың бағасы, сессияның бағасының бәрі сонда қойылады, отырмасқа амал жоқ. Аякино деген сайтта қол боста (демалыс күндері) кино көремін. Туиттер... Туиттер деген - ол туиттер!

Сөмкеңізде жүретін үш нәрсе?

Бір жексұрын блокнотым бар, сабақ, ескертпелер жазып қоятын. Ұялы телефонымның қуаттағышы (зарядка). Сосын, университетке кіру үшін қолданылатын «пропуск-карточка» мен студенттік билет. Сөмкеге салуды ұмытып кетсең, ит боласың. Әр студентке жеке нөмірленген, компьютермен басқарылады. Сол күні сабаққа келген-келмегеніңді, ұмытып кеткеніңді, бәрін біліп отырады.  Қырсық күзетшілер бар кіргізбей тұрып алатын. Оларға жалынып тұрғанша, кірмеген артық! Жалпы, сөмкемде анау-мынау заттар көп, күнделікті салып жүретін. Оларды жаза бермейін...

 

Сіз үшін мына өмірде не қымбат?

Ата-анам, бауырларым, дос-жарандарымның амандығы мен денсаулығы қымбат!

Жаттанды жауап, бірақ шынымен солай болса, қайтем енді?!


Кім яки Не үшін өмір сүресіз?

Тек қана өзім үшін өмір сүремін дей алмаймын. Алдыма мақсат қойып, сол үшін өмір сүретін шығармын.

 

Кенеттен байып кетсеңіз, ақшаны қайда жұмсар едіңіз?

Ата-анам, бауырларым, туған-туыс, дос-жаран, т.б. деп жауап берсем де болады, бірақ, олардың жайы бөлек!

Ойымда жүрген бір нәрсе бар. Бір оқытушым бар. Атын айтпаймын ғой енді. Сол бізге былай деді: «Сендер езіліп жүре бересіңдер! Сендейлердің кесірінен қазақ журналистикасы дамымайды! Мен күшті...блаблабла...мен мықты...блаблабла». Кейде бізді кемсіткеннен өзі рақаттана ма деп ойлап қалам. Сол, айтайын дегенім бір жағынан өзіме, бір жағынан сол кісіге дәлелдегім келеді. Егер, байып кетсем, телерадиокомпаниясын ашып, сол оқытушымды жұмысқа алам ( келмесе, «Ақша берем» деймін )))

Неше тіл білесіз?

Ана тілімнен бөлек орыс тілі, ағылшын тілі. Түрік тілін шала білем. 

Бақытты болу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

Шынымды айтайын, қалай әдемі жауап берсем деп ойланып отырдым бір сағаттай. «Жындымын ба?» дейм бір кезде. Білмеймін ғой мен! Мен қазір бақыттымын деп ойлаймын, негізі...Ол үшін ештеңе істеген жоқпын. Әзірге әкем мен анамның нұсқауымен келе жатырмын... Ата-анамның арқасында осылай жүргенім...

 

 

Махаббат пен достық арасында таңдауға мәжбүр болсаңыз, қайсысын таңдар едіңіз?

«Достықты» деп қысқа жауап бере салайын деп едім. Негізі, махаббат дегенде де неше түрлі махаббат бар ғой. Шала махаббатқа бола достарыммен айырылыспас едім. Сосын ойлаймын, ертең жарым болса соны тастап, достықты таңдар ма едім?! Жоқ!

Жалпы, өзім де әлі анық білмеймін, лайым, ондай таңдау түспесін!

Әр адамның бармақ тістеп қалатын кездері болатыны хақ. Сіздің өкінген сәттеріңіз болды ма?

Менің ең нашар, өзім жек көретін қасиетім – тіліме не келіп тұрса соны былш еткізіп айта саламын. Сосын артынан қатты өкініп қалам. Ондай сәттерім жетеді! Бірақ, қатты өкінетіндей кездер болмады. «Не де болса - жақсылыққа» деп жұбатамын ғой өзімді.

Сіздің фобияңыз?

Ниткофобия – қараңғылықтан қорқу.

Аутофобия – жалғыздықтан қорқу.

Изоптерофобия – жыбырлаған жәндіктерден қорқу.

Эритрофобия – жұрт алдында қызарып кетуден қорқу. Көпшілік алдында (концерт, жиын) тез қызарып кетем, жеееееек көрем ғой. «Бетім қызарып кетпеді ме?» деп қайта-қайта айнаға қараймын, қасымдағы адамдардан сұрап тұрам.

Сосын, ағамның қазіргі жүріп жүрген қызының біздің үйге келін болып түсіп келуінен ужсссс қорқам!

Қазіргі таңда көкейіңде жауабын таба алмай жүрген сауал бар ма?

Егер бір адамға қатысты сауалым болса, өзіне барып айта салам. Айта алатын адамым болса, әрине! Қалғандарының жауабын өзің-ақ шамалай бересің...

Ал «Тілдің жайы не болмақ?», «Қазақ қызы батысқа неге еліктейді?», «Неге жігіттер ұсақтанып барады?», «Қыз бен жігіттің арасында достық бола ма?» деген сияқты сұрақтармен бас қатырмаймын!  Жалпы, ондай сұрақ басыма келе қалған кезде форумдағы «Жауабы жоқ сұрақтар» деген тақырыпқа жаза жатармын...

Бетіңе қарап «Сен жамансың» десе, не дер едің?

Ернімді сылп еткізіп немесе «пффффффффф» деп кетіп қалар едім. Кімнің қалай айтатынына да байланысты ғой. Біреу еркелетіп айтады, біреу жек көріп айтады. Бірақ, жек көретін адамыңның «Сен жамансың!» деп қана қоя салуы үшін ол өте өте-өте мәдениетті адам немесе кууучккооонтай бөпе болуы керек. Сіңліме ұрысқанымда «Қандай жаман адамсың?!» деген маған. Қатты күлгем...

P.S. Әзіл-шыны аралас жауаптарымды дұрыс қабылдап, ренжімессіздер деп ойлаймын! 99% шынымды жаздым!