Мұғалімнің арақ ішіп, темекі шеккені дұрыс па?

Мұғалімнің арақ ішіп, темекі шеккені дұрыс па?
жеке
блог

Мұғалімнің арақ ішіп, темекі шеккені дұрыс па?

  Естімеген елде көп демекші, 2000 жылдары байтақ еліміздің бір өңірінде тарих пәнінен мектепте еңбек етіп жүрген ағамыз тентек суға сылқия тойып, мектеп ауласында шалқасынан түсіп жатқан тұсын ұтымды пайдаланған ұстаз шәкірттері оны мазақ етіп, абыройын айрандай төгіпті.Ертесі күн мұғалімдер жиналысында тиісті адамдар ұстаз сымақтың жасаған қылығы білім саласында тер төгіп жүрген барша жандардың бетіне салық, арына дақ түсіргенін баса айтып, қызметінен босатамыз деп шешіпті. Хан алдында басы кеткелі отырған адамның өзі датын айтып қалатыны секілді, ағамыз да жиын соңында сөз алып:   « Туған жерді бір құшып ұйқтасам болмай ма?»-деп ағынан жарылыпты. Қолдан келер шара жоқ, залға жиналған жұртшылық ду-ду күліп тарқасыпты.

   Өкінішке орай, қазіргі таңда осы сынды естісең бас шайқарлық оқиғалар шаш жетектен. Еліміздің ертеңі болатын жас ұрпақ тәрбиелеп жүрген ұстаздар қауымы айтуға ауыз бармайтын тірліктер жасағанын ойласаң, жағаңды ұстайсың.

  Өткенде шырайлы Шымкентте ащы суға өле тойған мұғалім шатақ шығарып ұсталған болатын. Ол көшедегі адамдарды балағаттап, сабырға щақырған тәртіп сақшыларына қоқан-лоқы көрсеткен. Ішіп алған 22 жастағы келіншек қалалық айықтырғышқа қамауға алынған.

   Мақта отаны аталған сол Шымкент шаһарындағы тағы бір оқиға төбемізден жай түсіргендей болды. Қаладағы жетімдер үйінің бірінде ішімдік тұтынған психолог әйел жарым жалаңаш билеген болатын. Аталмыш жетімдер үйінде тәрбие алып жатқан қара домалақтар келешегі сары уайымға салады.

    Ақтөбе облысында жергілікті мектептердің бірінде мас ұстаз пышақпен әріптестері мен оқушыларын қорқытқан. Осындай жайдың куәгері болған жас жеткіншектер қандай жаман түйін түйіп, әсер алды екен? Олар да болашақта көргенін қайталамасына кім кепіл?

    Қызылорда облысында одан да сорақы жайт тіркелді. Аймақтағы бір оқу шаңырағында дене шынықтыру пәнінен беретін мұғалім арақ пен темекіні қойып, есірткі саудасымен айналысқан. Мұны естіген жан қалай ел болашағына алаңдамасын?

   Қазбалай берсең сан түрлі мұғалім сұмдықтары ашыла беретіні жүректі қанға борайды. Жалпы, ұстаз атаулы жұртшылық назарында жүргендіктен өзін үлгі боларлық тұлға ретінде көрсете білу керек. Олардың темекі мен ішімдік тұтынғаны бала шәкірттер көзіне ерсі көрінері сөзсіз. Алайда қоғамда бұл мәселе тұрғысында пікірлер әртүрлі және сан жаққа жүгіреді. Көпшілігі мұғалімнің темекі тартып, арақ ішкеніне қарсы, бірақ әркімнің өз еркі деушілерде жоқ емес.Ұстаз бала тәрбиесімен айналысатын екінші ата-ана, сондықтан өз орнын біліп, үлгі бола білу керек, мұны қабылдамаса, басқа мамандыққа ауысуы керек деушілер де табылады. Кейбір адамдар ұстаздар жұмыстан, басшылар талабы мен айқайынан жиі мезі болады, сондықтан анда-санда тамақ жібіткенде тұрған еш оғаштық жоқ деп санайды. Жұмыс уақытында ішпей, жұмыстан тыс уақытта тыйым салатын арнайы заңның жоқ екенін ескере отырып, ішуге болады дейтіндер де кездеседі. Алайда қазіргі қоғам ішімдік пен темекінің мұғалім, мұғалім емес, жұмыс уақыты немесе жұмыстан тыс деп бөліп жармай, барша адамзатқа әрқашан арам етілгенін ұмыт қалдырғандай.

  «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп дана халқымыз отбасы мен мектептің ұрпақ тәрбиесіндегі ауадай маңыздылығын атап өткен. Жалпы, білім саласында ат терлетіп жүрген ағайын шәкірттерін жамандықтан тыймас бұрын, алдымен өздері сол бұрыстықтан түбегейлі іргесін аулақ салуы керек.Осы орайда ойыма белгілі Ислам ғалымы, мыңдаған шәкірттердің ұстазы Әбу Ханифаның басынан өткен оқиға түсіп отыр. Бір күні Әбу Ханифаға бір әжей келіп: «Имам ағзам, немеремді жалғыз бағып отырмын. Күннен-күнге бағуым қиындап барады. Балам балды жақсы көреді, күн сайын бал сатып әперуге менің мүмкіншілігім жоқ. Сол себептен немереме балды жеуге болмайтынын түсіндірші», – дейді. Әбу Ханифа қырық күннен кейін келуге бұйырады. Қырық күннен кейін келсе, немересінің басынан бір сипап тұрып: «Сен енді бал жеме», – дейді. Бірнеше күннен кейін кейуана имамға қайтып келеді. «Сізге мың да бір алғыс, балам бал жемейтін болды. Бірақ, сіз мұны неге ертерек айтпадыңыз? Неге қырық күн күткіздіңіз?» – дейді. Сондағы Әбу Ханифаның айтқаны: «Мен өзім де балды жақсы көруші едім. Қырық күн бойы мен бал жемедім. Баланың басынан сипаған уақытта Алладан дұға қылдым. Алланың тілегімді қабыл еткені де содан болар», – дейді.

   Жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жол табады демекші ұстаз атаулы өзі арақ ішіп, темекі тартар болса, шәкірттеріне ішпеңдер, шекпеңдер деуі бекершілік. Себебі бұл сөздер оның жүрек түкпірінен шығып тұрған жоқ. Оқушылар мұғалімнің сөзінен емес, амал-әрекеттерінен көбірек әсер алатыны даусыз. Осы орайда есіме бір мұғалімнің айтқан әңгімесі түсіп отыр. Ол бірде университет әжәтханасында шылым тартып тұрған студуенттерді көріп, оларды сөкпекші болғанда: « Бізге емес, әріптестеріңізге айтпайсыз ба, олар жаңа ғана осы жерде темекі шеккен болатын»,-депті студенттер. Не деген сұмдық, мұндай жайт куәсі болған бұл студенттерге енді мұғалім қанша айтса да, түсінуі екіталай.

     Қазіргі таңда мектеп тәмәмдаған түлектер бітіру кештерін жасуды дәстүрге айналдырған. Сол кештерге қадірлі қонақ ретінде ұстаздар қауымы да шақырылады.Алайда бір өкініштісі көптеген мұғалімдер бұл кеште өздерінің ұстаз деген ұлы мамандық иелері екенін естен шығарып, ащы судың түбін түсіріп, есінен айырылады.

   Баланың бойындағы арсыздық, тәрбиесіздік – оның бауырындағы бұлақтың лайланғандығын аңғартады. Сол баланың таза бұлақтан нәр алуы ұстаздың өзінің таза болуына тікелей байланысты. Сол себепті ұстазға қойылатын бірінші талап білім емес, себебі білімі болмаса, мұғалім бола алмайды, ең бірінші талап - оның жан-дүниесінің рухани бай болуы. Ал ішімдік ішіп, темекі тартып, лас қылықтар шырмауында жүрген ұстаздаздарды рухани таза әрі бай деуге ауыз бармайды.

     Дәрігердің қателігінен бір адам зардап шексе, мұғалімнің қателігі ұлтқа зардабын тигізетінін естен шығармауымыз керек. Келешегіміз баянды болсын десек болашақ ұрпақ тәрбиесіне тиісінше көңіл бөлгеніміз жөн-ақ. Қазақ елінің білім саласында былыққа белшесінен батқан ағартушы сымақтар азайып, сөзі мен ісі бір жерден шығатын ұстаздар қатары көбейсе деймін.

 

  Қазыбек Халықбек