7 майдың кереметі: "Шаш күтіміне арналған ең пайдалы майлар"

7 майдың кереметі: "Шаш күтіміне арналған ең пайдалы майлар"
жеке
блог

 Ғаламтор бетін парақтап отырсақ, шаш күтіміне арналған жүз түрлі маскаларды табамыз.Алайда жүз түрлі масканың барлығы да жүз пайыздық әсер бере қоймайтыны да-рас. "Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың" демекші, жасай-жасай шебер де болады екенсің. Дегенмен бүгінгі болгтың тақырыбы шеберлікті аса талап ете қоймайды, бар болғаны-мұқият танысып, шын ықыласпен жасасаңыз, сіздің талабыңызға сәйкес келуі әбден мүмкін.

 Бүлдіршін кезеңнен бастап қыз баланың көзайымына айналатын дүние-шаш.Алайда оның әдемілігі мен саулығын сақтап қалу үшін күтім керек. Шашқа арналған әр түрлі дайын күйдегі заттардан гөрі үй жағдайында өз қолыммен жасалған дүниелерді қолданғанды жөн көремін-таза, пайдалы, сенімді. Сондай дүниелердің бірі-шашқа арналған майлар. Қазіргі таңда теледидардан түспейтін үнді сериалдарындағы қыздардың қою, қара шаштары менің де назарымнан тыс қалған жоқ. Сол қыздар қашан көрсең бір-бірінің шашына май жағудан жалықпайды-ау! Мен де осы тәсілді пайдаланып сынаққа кірістім.Импорт пен экспортты екі ескегіндей ұстаған нарықтық экономика кемесі әлем деген ашық теңізде еркін жүзетін уақыт болғандықтан дәріхана сөрелерінен шаш күтіміне арналған майлардың бір емес, бірнеше  түрін табуға болады. Менің таңдауым мына май түрлері болды:

1.Майсана майы-ең танымал, тіпті, майлардың патшасы деп айтсақ та болады,кең қолданыстағы бәріне таныс май.Оның пайдасы туралы айтудың да аса қажеті жоқ деп ойлаймын. Бағасы-80тг.

2.Ошаған майы-тек шаш күтіміне ғана емес, тырнақ күтіміне де зор пайдасы бар таптырмас май.Зат алмасу үрдісін күшейтіп, шаштың үздіксіз түсуін тоқтатады.Бағасы-240тг.

3.Шабдалы майы-бас терісінің тітіркенуін басып, бояудан кейін зақымданған шашты қайта қалпына келтіреді.Бағасы-245тг.

4.Жожоба майы-барлық дерлік нәрлендіретін маскалардың құрамына кіретін май.Себебі, кез келген тері түріне сейкес келіп оңай сіңеді.Бағасы-440тг.

5.Аевит-А және В витаминдерінің қосындысынан тұратын комплекс.Бұл да танымал өнімдердің бірі болып табылады, өйткені оның теріге, сүйек бітіміне, тырнақ пен жалпы адам ағзасына тигізетін үлесі зор. (Басты ерекшелігі- тек сырттай ғана емес, іштей қабылдауға да арналған. Бұл витаминдерді бөлек-бөлек алуға да болады.) Бағасы-80тг.

6.КОКОС ЖӘНЕ АМЛА майлары-менің фавориттерім, осы жолғы ізденісімің олжасы.Бұл екі майдың кереметі туралы өте көп нәрсе айтуға болады.Дәл сол себепті бұл туралы бөлек мақалада сөз етемін.

 Майлар қоспасынан жасалған маска:атап өткен май түрлерінің барлығын,нақтырақ айтқанда: майсана, ошаған, шабдалы-1 шай қасықтан, жожоба-5-6 тамшы, аевит-2 капсула, кокос және амла майларынан-1,5 шай қасық алып араластырамыз.Ескерту: майды суық күйінде қолданбаңыз, қысқа толқынды пеште жылытып алсаңыз тіпті жақсы.Бірақ артық қылам деп-тыртық қылып алмаңыз!Алынған майлар қоспасын шаштың түбінен бастап ұшына дейін жақсылап сіңіріп, уқалап жағамыз.Шашты жинап, полиэтилен пакетін киіп,  сыртынан сүлгімен орап кем дегенде 2 сағат жүреміз.Содан соң шашты жақсылап сусабынмен жуамыз.(Аталаған көлем ұзын шашқа арналған)Нәтижесі маған бірінші қолданыстан кейін-ақ білінді, ал бірнеше реттен кейін шаштың түзуленгені де байқалады.

(Көрсетілген бағалар-мен сатып алған тауардың бағалары)