Әр заманның өз кейіпкері болады

Қазіргі балалар бақытты. Өте бақытты. Олар да барлығы бар. Барлығы да дайын. "Әңгімеден әңгіме шығады" дегендей, жақында Болатбек «бала күні монополияны өзіміз қағазға сызып, ойнаушы едік» деп есіне түсіріп еді. Бұл күнде монополияны он-лайнда да ойнауға болады. 

Қазіргі балаларға барлық жағдай жасалған, мүмкіндік болса, жан қалауының барлығын да орындауға болады. Олар біз сияқты қағаздан самолет жасап ойнамайды, рогатка, садақ, пистолеттерді ағаштан жонып, өздері жасап алмайды. Кезінде мен пласстилинді илеп, жан-жануарларды, ойыншықты өзіміз жасайтынбыз. Ойынды өзіміз құрып., ойлап тауып алатынбыз. Апам басындағы орамалын шешіп, көрпеге орап, маған бөпе жасап беретін, әкем ағаштан рогатка жасап берген. Ол әлі бар менде, балалығымның естелігі болсын деп сақтап қойғанмын.

Бала күні қуыршақтардан гөрі менде ұлдардың ойыншықтары көп болатын. Кейін олардың барлығын ағаларымның балаларына таратып тастағанмын. Барби деген қуыршақтарым болған. Киімі, жиһазы, баласы, етігі, мысығы, жастығы барлығы болатын. Киімі аздай, оған киім тігетінмін. Нағыз Барби тапшы болған соң, оған құрметпен қарайтынмын. Бірақ, бір күнде жалығып кетіп, бала-шағасымен, төсек-орнымен бірге барлығын лақтырып жібердім. Қытайдан ән айтатын, қолын көтеріп билейтін, орнынан қозғалғанда құлағында сырғасы қозғалатын сары қуыршақты әкеп берген. Ол байқұста бір күні кететін жаққа кетті ғой. Өзімше ол қытайға көзі көк болса да Ботагөз деп ат қойғанмын. 

Бірақ, балалықтың үлкен естелігі болсын деп Болат есімді қуыршағымды қалдырып қойдым. Ол қуыршақ сол кезде дефицит. Дүкендерде болса да, қымбат болатын. Әке-шешеме жалынып, жалбарынып, үлкен өтінішпен қол жеткізген қуыршағым. Басы, аяқ-қолы пластмассадан, денесі мақтадан тұрады. Бойы емшектегі баламен бірдей бөпе-қуыршақ. Ол кезде Болат 5 жасар мен үшін әлемдегі ең үлкен қуыршақ болып көрінетін. Қағазында «Леша» деп жазылғаны есімде қалды. Лешаға Болат деген ат лайықты деп, бетін секпіл басқан сары бала осылай Болат болып кеткен. Ұзын кірпіктері болған, жұлып тастағанмын. Сірә, жасанды кірпікке деген жыным сол кезден басталды.

Аға-жеңгемнің үйленіп, бесікті болған кезі еді. Болатқа өзімнің әлди кезімдегі киімдерімді кигізіп қойып, аға-жеңгемнің «болмайды» дегеніне құлақ аспай, Болатымды өзімнен үлкен коляскаға салып алып, ойнап жүретінмін. Болатты көтеру маған ауыр болса да, қолымнан түсірмей, қайда барсам да алып жүретінмін. Тіпті, бала бақшаға апарып, топтағы барлық қыздардың қызғаныш сезімдерін өрттеп тастағанмын.

Бір күні анашым, Болат үшеуміз қонаққа бардық. Ауыр болған соң, Болатты анашым көтеріп алып, бір қолымен мені жетелеп, автобусқа міндік. Кіре салғанымыз мұң екен, «женщина с грудным ребенком, садитесь» деп орын берді, мамам болса, ол орындыққа мені отырғызып, Болатты қолтығына қысып алды. Бір кезде үлкен ата, қабағы қатая "қарғам, балаңды дұрыстап ұстасай" деп еді, анашым «ата, балам емес, немерем ғой» деп жымия жауап берді. Айналамыздағы кісілер аң-таң, бір кезде ескерту жасаған атай автобусты басына көтеріп, күліп жіберді.

Сол Болат бүгінде шкафтың ішінде жатыр. Сап-сары, кіп-кішкентай, жеп-жеңіл. Талай қойныма алып жаттым, талай жерді менімен бірге аралаған еді. Болатқа құда түскендер көп болды. Қыздары бар қонақтардың бар бұйымтайы сол қуыршақ еді. Мен өзім әрең жеткен дүниені береді деп кім айтты?! Бермеймін. Кейін Болатты балаларыма көрсетемін деген ойым бар.

«Мұның барлығын не үшін айтып отыр?!» дейсіздер ғой. Себебін айтайын. Үлкен аға-жеңгемнің Әсем есімді ерке қызы бар. Оның бар еркелігін көтереді. Әсем 4 жасқа толғанда өтініші бойынша оған бірнеше мың тұратын, шетелден арнайы тапсырыспен қуыршақ сыйлады. Ол қуыршаққа Әсем қыз  «Балашка» деп ат берді. Балашка қуыршақ кішкентай бала сияқты. Жылайды, тамақ ішеді, дәретке барады, күледі, жымияды. Оның төсегі, жөргегі, горшогы, колякасы, киімі, емішегі, әйтеуір, балаға не керек, соның барлығы бар. Күзде Әсем төртінші сыныпқа барғалы жатыр, бірақ Балашкасын қатты жақсы көреді. Ешкімге де бермейді. Әсемнің осы қылығын қарап, өзімді көргендей боламын. Менің Болатым Балашка сияқты «еті тірі» болмаса да, сол кезде, мен үшін ең ерекше ойыншық еді.

Бүгінгі балалар бақытты деп осыны айт! Соларға қарап, мен бір күрсініп, іштей қызығамын. Әр заманның өз кейіпкерлері болады.

P.S. Қандай ойыншық болмасын, оған үлкен ұқыптылықпен, аса құрметпен қарайтынмын. Бәлкім, сол заманда сирек кездескен соң, қадірін білдім. Жақында Іңкәр балапанымның  қолына жап-жаңа Барби қуыршақты ұстатып едім, бес минут болмай, байқұс Барбидің басы анау жақта, қолы мынау жақта, аяғы басқа бөлмеде, киімі есіктің табалдырығында жатты.

P.S.S.  Қай заман болмасын, әйтеуір, балалар бақытты болсын!



Бөлісу: