Қасиетіңнен айналдым, Киелі ағаш!

Жазбамның тақырыбын оқығандар "Ғазиза сектаға кіріп кетіпті", "Табынып, қуып кетіпті" деп ойлап қалған шығар, иә?! ))))

"Құлақтан қасақана тебу" эстафетасында жолға шыққалы жатқанымды айтқан едім. Өткен демалыста Жазиралы Жаркент елдімекеніне барып келдім. 

Ескіден киелі мекен болып саналатын Жаркент мен үшін ерекше ыстық. Себебі, бұл топырақта менің анам дүниеге келген. Нағашым жұртым қоныстанып, әулет үлкендері мәңгілік мекендеріне сол жерден аттанды. Соңғы рет Жаркентке екі жыл бұрын нағашы апамды жерлеуге барғанмын. Тоқсанның төріне шалқып шыққан апамның ажалы ақ болса да, оның дүниеден өткені мен үшін ауыр тиді. Араға екі жыл салып Жаркентке қуанышты жағдай салдарымен барған едім. Бірақ, бар ойым той емес, нағашыларымның, оның ішінде апамның бейітіне барып қайту мен Киелі ағашты көру еді.

Тойды атқарып болған соң, келесі күні жаңағы ойымды жүзеге асыру үшін алдыма әке-шешем мен аға-жеңгемді салып, бейіт басына, одан кейін Киелі ағашқа кеттім. Бейіт басындағы жағдай айтпаса да түсінікті ғой. Барып, бір жылап алдық. Киелі ағашқа жеткенше өз-өзіме келе алмай, біраз отырдым.



Сөйтіп, киелі ағашқа да жеттік. Бұл жер тегін жер емес. Еліміздің әр өңірі былай тұрсын, бұл жаққа басқа елдерден де келеді. Бірі дертіне шипа табу үшін, бірі жай қызықтап, көріп қайту үшін, бірі болса, мен сияқты күш-қайрат жинау үшін келеді. Ел аузында "Киелі ағашқа табан тірегендердің жолы ашылады" деген сөз бар. 


Киелі ағаштың дарбазасынан кіргеніміз мұң екен, құдды бір тыныштыққа енгендей болдық. Жол бойы аптап ыстыққа төзе алмай келіп едік, мына тыныштық бар мазамызды ұмыттырып жіберді. Бақ ортасында дәу ағаш өсіп тұр. Киелі ағаш деген осы. Биіктігі, үлкендігі соншалықты, тіпті өз көзіңмен көрмей жатып, айтуға да болмас. Бір қызығы, жан-жағындағы ағаштар сол ағашқа қарай иіліп, күмбез сияқты тұр. Бұл да құдайдың құдіреті шығар.



Одан қалса, тамыры ортақ жеті ағаш бар. Киелі ағаштың жанына келіп адамдар тілектерін айтып, күш-қуат жинайды. Одан қалса, келген адамның ниетіне қарай ағаш тамырынан су шығады екен. Сол суды бойына жақса, е болады деген тағы бар.


Сонымен, өз көзіммен Киелі ағашты көргеніме мәзбін. Ойымда қандай да бір тілек, ой-арман болған жоқ. Жаңағы айтқанымдай бар ниетім күш-қайрат жинап, тазаланып қайту болды. Сол ойым жүзеге асты. Алматы маңында болса, сол жаққа күнде барар едім, шіркін. Себебі, ол жақтағыдай жұмсақ таза ауа, тыныштық біздің өңірде атымен жоқ. 



Киелі ағашқа кірер тұста, орамалдар ілініп тұр. Неліктен десеңіздер, жора бойынша өз орамалыңды байлауың керек екен. Жорадан аттамай, мен де басымдағы орамалымды байлап кеттім. Тағы да бір келіп кету ойымның бар екені жасырын емес.




Бөлісу: