"Әйел бақыты" немесе...

"Әйел бақыты" немесе...
жеке
блог

 

       Осыдан біраз уақыт бұрын Ол маған "Әйел бақытын" сыйлаған еді. Еш себепсіз. Олай дейтінім, не туған күн емес, не бір мейрам емес, жай ғана жұмыс күні болатын. Содан бері өмірім өзгеріске толы, былайша айтқанда, астаң-кестең... /қалай өзгергені туралы кейін/

     Біртүрлі... Қызық... Ол екеуміздің қарым-қатынасымызды айтам. Түсініксіз. Ұқпаймын. Санам жетпейтін сияқты. Екі айда бір кездесіп, бес-алты сағат бір-бірімізге қадала қарааап отырамыз. Үнсіз. Сосын... Сосын жетектеп апарып әдемі көлігіне отырғызады да, үйге жеткізіп тастап, кері қайтып кетеді. Болды сонымен... Бітті. Екі ай бойы үн-түнсіз. Жоқ.


-Сәлеметсіз бе? /менен бар-жоғы бір ай ғана үлкендігі болса да/

-Сәлем, айнам. Қалың қалай? Жағдайың жақсы ма? Жақын кеп, шашымнан иіскеп, маңдайымнан сүйеді. /өзіме ұнайды мұнысы/

-Шүкір, жаман емес. Өзіңіз?

-Ойдағыдай... Шүкір... /Біраз үнсіздіктен соң,/ Айтарың бар ма?-дейді.

-Жоқ.

-Ештене айтқың келмей ме?

-Айтқым келмейді. /айтарың болса, өзің неге айтпайсың?/

-...

/Бары осы, әңгімеміздің сиқы./ Екеуміз столдың екі жағына отырып алып, бір-бірімізге үнсіз ғана қадалып қараап отырдық. Жарты күндей. /Үнемі осылай/

-Кеттім. Сау болыңыз, мырзам! /оны солай атау маған әдетке айналған/ Әдеттегідей емес, жетектеп алып, гүл сататын дүкенге бір-ақ кірді. "Әйел бақытын" сатып алды. /алатын болсаң, үлкен, гүлдеп тұрғанын бір-ақ алмайсың ба?/. Ойымды оқып қойғандай,

-Кішкентайын алды деп бұртиып тұрсың ба? Әдейі алдым, жасын. Осы гүл гүлдегенде сен тұрмысқа шығасың,-деді. 

-Біреуге тапсырып, менен енді осылай құтылмақшысыз ба?

Үндемеді. Жай ғана жымиды да, қойды. 

-Керек емес, гүліңіз. Қарамаймын. Гүлдемей өліп қалсын...

Тағы үнсіз жымиды. Оның үнсіздігі... Жыладым... Еріксіз...

-Сізді жек көрем!..

-Ақымақ... 

Сүйді. Көз жасымды. Өзі жылатып, өзі жұбатады осылай. "Мына бір тамшы жасыңның дәмі кермек екен"... Құдды бір сәбиді алдағандай... Балмұздақ әперді. Бұртиып отырып, тәтті ұйқыға кеттім. Әдемі көлік ішінде. Жылаған күні оның көлігінде ұйықтау менің әдетім. Ол болса, қарап отыр. Ұйқымды күзетіп... Әдеттегідей... Үнсіз...