Магистр болдық, мінеки!

Өткенде ғана Массагеттен алыстап кетіп, қатарға қайта қосылған едім. Жоғалып кетуімнің себебін де айтқан едім. Сол себептердің бірі магистратураны аман-есен бітіріп, магистр болғаным.

Магистратураға оқуға түсерде кей адамдар "Сол оқуды не істейсің?", "Бір дипломың бар емес пе?! Одан да күйеуге шық", "Магистратураның не керегі бар?" деп еді. Не себептен айтқандарын құдай біледі. Бірақ, алдыма мақсат қойған соң, соған қарай ұмтылдым. Осыдан екі жыл бұрын "Оқуды жалғастыру ойда бар" деп жазба жазып едім. Аллаға шүкір, екі жыл екі күндей лезде өтті. Бұл екі жыл менің өміріме үлкен өзгерістер енгізді. Екі жылда бастан небір қызықтар мен шыжықтар өтті. Білімімді толықтырып, кәсіби біліктілігімді арттырғаныма өте қатты қуанамын. Біреуге түймедей де іс болар, бірақ, меніңше, бұл да бір белес. Бұл белестен аман-есен, абыроймен өткеніме мәзбін. 

"Туған жерім менің - Қазақстаным!"

Таяуда магистратураны бітіру кешіміз дүркіреп өтті. Шыны керек, бұл күнді асыға күттік. Магистратура қанымызды ішті, жанымызды да алды. Әсіресе, соңғы сәттері. Диссертациялық жұмысымыздың "мынаусы дұрыс емес", "анаусы дұрыс емес" бәрімізді қайта-қайта ары-бері жүгіртіп, біраз әбігерге салды ұстаздар. Одан қалса, білім жолында жүргендердің қаншалықты өз ісіне құрметпен қарайтыны да анықталды. Қайтсін енді, артық тиын-тебен ешкімге де кедергі болмас дегені шығар. Осындай кезде арсыз ұстаздардың да алақандары майланып, жұмыс үстелі небір дүниелерге толып, гүлденіп кетеді. Ай, жарайды, қойшы сондайларды. Тірі жүргендеріне де, шүкір. Бақытты болсын!


Ең алғашқы дипломымды алған кезде бітіру кешін өзіміз ұйымдастырып едік. Магистратурада барлығын университет өз мойнына алғанына қатты қуандық. Барлығымыз мантия киіп, әдемі болып қаламыздағы көрікті ғимараттардың бірінде жиналдық. Кешке магистрлермен бірге университет президенті, ұстаздарымыз, өнер жұлдыздары, ата-ана, дос-жарандарымыз келді. Кезекпен есіміміз аталып, салтанатты түрде дипломдарымыз тапсырылды. Сөйтіп, дипломнан дипломға жетіп, магистр болдық, мінеки)

Диплом барлығымызға табысталған соң, университет президентімен бірге суретке түстік 

Магистратураға түсейін бе, түспейін бе деп мың құбылып жүргендерге айтарым, міндетті түрде оқуға түсіңіздер. Білім, әуелі, өздеріңізге керек! Бірақ, өз құқықтарыңызды біліп, өз мүдделеріңізді қорғай біліңіздер! Сіздерді арсыз ұстаздардан жаратқан сақтасын! Әумин!

Мына суреттен мені тауып алыңыздар)))))

Айтпақшы, дипломымды көрсеттім, енді көрімдік беруге рұқсат)



Бөлісу: