Мен де құлақтан теуіп жіберейін (Эстафета)

Аттас сіңлім эстафета таяқшасын маған қарай лақтырған соң, мен де өтірік айтып жіберейін.

Негізі, менің әр күнім небір қызықтарға толы. Қай күнді жазсам екен деп ойланғаным рас. Бірақ, ойлана келе, кешегі өткен күнді баяндауға бел будым.

Ерте тұратын мені кеше сағат тілі емес, бір түрлі гүріл дауысынан ояндым. Бұл не деген гүріл деп терезеге қарасам, аспанда тікұшақ ары-бері ұшып жүр. Дауысы не деген ащы десейші. Содан жиналып, таксиге мініп, жұмысқа келдім. Жұмысымды істеп, кабинетте отырғанмын. Бір кезде массагеттік Ғани кіріп келе жатыр. "Жол болсын!" десем, "Әпкеме жұмыс іздеп жүрмін" деп жөнін айтып кетті.

Содан ол кеткен соң, кабинетке досым, қазіргі әріптесім Шамшаддин кіріп келді. Екеуміз дайындап жүрген жобамыз жайлы біраз сөйлесіп, ақылдастық. Шама өз әдетінше әзілдеп, қалжыңдап, жыбырлап, тиісіп отырды. 

Сағатқа қарасақ, түскі ас уақыты болыпты. Тамақтанған соң, Қазынаның ауылдағы сіңлісі Аидамен телефон арқылы сөйлестік. Тәп-тәтті бүлдіршін бізге ән айтып, тақпақтарын оқып берді. 

Сосын кішігірім жиналыс болды. Жиналыстан шықсам, скайп сарғайып тұр. Ашып қарасам, Шанхайдан Қорлан хабарласыпты. Қорланмен скайппен сөйлестік. Ол маған Шанхайдағы күндері жайлы айтып берді. Құдай қаласа, осы демалыста Алматыға оралады.

Жұмысымыз жалғасын таба берді. Кездесулер, пікір-таластар, монтаж, дайындық тсс. Сөйтіп, кештің түскенін де аңғармай қалдым. Сол кезде Астанадан нағашы ағам хабарласты. Нағашы ағам бүкіл жиендердің ішінен мені ерекше жақсы көреді. Сол себептен, ол кісі маған әр кез ерекше қамқорлығын көрсетіп отырады. Жолға шығып бара жатқанымды білетін ол маған "Заттарыңа ие бол! Жүгіңе дұрыстап қара, жоғалтып алма, ұрлатып алма" деп ақылын айтты. 

Жұмыстан соң, құрбыммен кездестім. Сосын үйге қайттым. Үйге келсем, мамам "Жүгіңді жинап қой, ертең үлгермейсің" деп ескертті. Осылай, күнім өтті де кетті.

Айтқандай, жаңа ғана жолға шығып бара жатқанымды айттым, сол себептен де ара-тұра немесе кеш жауап беріп жатсам, ренжімеңіздер, достар!

Сөз соңында! Жазбамда сіздерді үш мәрте құлақтан теуіп жібердім) құдай өзі кешірсін!



Бөлісу: