Сонда ғана сенде керемет болады!

Адам дегенің өзі бір қызық. Қылт етсе, "Тәңір солай жаратқан" деп жылы жауып, көз жұма қараймыз. Ал былай қарасаң, Тәңір емес, барлығына өзің жауаптысың. Бар бәле өзіңнен.

Кей кезде сенен артық жомарт, дархан адам жоқ. Қолыңдағы бар дүниеңді бауыр, дос, әріптес, тіпті, айддддааааалааадддағы бір бейтаныс адамға бере салуға барсың. "Ертең қиналып қалам-ау", "өзіме керек болып қалсыа қайтем-ау" деген тіркестер бұл кезде өз күшін жояды. Не деген бекзаттылық десейші! Ал өзіңнен аяп қаласың. Жо-жоқ, тарылып жатқан сен емес. Аяғыңда нық тұрсың. Бірақ, түбінде көңіл қалап тұрған дүниені алуға қысылып, өзіңе қимай қаласың. 

Былай қарасаң, сенің өз мінезің өзіңнің де, өзгенің де көңілінен шығады. Досқа адал, сөзге берік, іске ұқыптысың. Алайда, сенің "қара тізіміңе" іліккен адамдар болады. Олармен тек амандасып қана қоясың. Ары баспайсың. Себебі, сен ол адамдарды өз әлеміңе кіргізгің келмейді. Ол пенде болғандықтан оның теріс-оң жақтары бар екенін ұға тұра, өзің соның барлығын мойындамайсың. Маған керек емес деп қарайсың. Бұл дұрыс та шығар. Бірақ, ол адам сияқты сені біреу "қара тізімге" кіргізгені туралы ойлан. 


"Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас" дегендей, ауызын ашса, асқазаны көрініп, шығарса, тілі тізеге жететін адамдар бар. Өткір сөзге бай. Ол сөздерді айту оған түк емес. Жілік шағып, май ішкенмен тең. Бірақ... Бірақ, бұл жандардың тілін жұтып қалатын кезеңі болады. Ол қорыққан кезде, өзіне жауапкершілікті артпас үшін, майысып, ұялып қалғанда немесе "шелек" болып қалғанда. Ел алдында еркін сөйлеп, баптап алатындар бір адамға есті сөз айта алмай, абдырап қалады. Неге?! Кім кінәлі?! Тәңір ме?! Әлбетте, өзің ғой.

Оқуым, жұмысым, қызығушылығым, достарым бар дейсің. Шүкір! Бірақ, өзгенің оқуы, жұмысы, достары, телефоны, тіпті, бойындағы қасиеті сенікіне қарағанда әлдеқайда жақсырақ, қызығырақ, күштірек, көркем. Солай ма?! Жоқ, олай емес. Барлығы да бірдей. Ол адам да сен сияқты анадан туған. Ол да сен жұтып жатқан ауамен тыныс алады. Сен жүрген жолмен жүреді. Сен мінген автобусқа мінеді. Сен ішкен суды да ішеді. Келіспейсің бе?! Ендеше, өзің сондай адам болуға ұмтыл. Сабағыңды дұрыстап оқы, айлығы күшті жұмысқа орналасуға тырыс, достарыңның қатарын көбейт, қызығушылықтарыңның санын арттыр. Өз өзіңе есеп беріп көр. Кем-кетіктеріңді түзеуге ұмтыл. Сонда ғана сенде барлығы керемет болады!





Бөлісу: