Көңіл күнделігі. 17-ші жазба

Көңіл күнделігі. 17-ші жазба
жеке
блог

Фариза!
Фаризажан, Фариза-қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз. М. Мақатаев

Айгүл Болатханқызының «Неге?..»-сін оқып болған соң әртүрлі ойға кеттім. Жалпы, Массагеттегі болсын, басқа жердегі болсын, кез-келген жазба, кез-келген оқиға, әрекет мені әр түрлі ойға жиі жетелеп әкетеді. Неге?, не үшін?, неғып?, қалай?, қайтіп? деген сұрауларды мен де жиі қоямын...

Бірде, дүкенге беттеп бара жатып, қоқыс жәшігінің жанында сүйеулі тұрған домбыраны көріп, жаным шығып кете жаздады. Ойпырмай, мұндай да болады екен-ау?.. Не күй, не сезімде болғанымды өзіңіз де шамалап отырған боларсыз. Әдетте, қалалы жер болған соң, қоқыс жағалап, ақтарып, нәпақасын тауып жүрген жандарды көп көреміз, етте үйреніп кеткен тәрізді. Ал, өзімді сондай күйде кезіктірермін, қоқыстан зат алармын деп мүлде ойламаппын. Қанша уақыт өткенін шамалай алмадым, тек, бір орында едәуір тұрып қалғанымды ғана білемін. «Қайран қазақ, қайран қазақы домбырам менің?!», - дедім егіле. Кең аула, асыр сап ойнақтаған бала, серуендеген ел-жұртты елең қылмай, бір сәтте домбыраны көтеріп алдым. Түбінен жарықшақтанып сынғанмен сапалы, сынын жоғалтпаған, кеңес кезінде шыққан қара домбыра екен. Қолыма ұстап тұрғанда 60-тар шамасындағы орыс шалы келіп, үн-түнсіз басын шайқады. Бұл, бұдан үш жылдай уақыт бұрын болған оқиға еді. Дәл осыған ұқсас жағдайда тағы бір домбыраны құшағыма басуға тура келді... Қазақ болған соң дейміз, негізі пәтер ыңғайымен көп көшіп-қонып жүрсем де, сол екі домбыраны жанымнан қалдырғым келмеді. Тартуға келмейді, көбіне бір бұрышта не шифонердің үстінде тұратын. Жақсы шебер кезіктіре алмай, ұзақ таңдадым. Ақыры осыдан бір ай бұрын Мұхит деген домбыра шеберінің қолына аманат еттім. Мұхит аға барынша ыждаһатпен қимылдайтын, ықтиятты кісі екен: аспай, саспай толық бір ай уақыт шығындады. Әредік жолым түскенде, жұмысын қадағалап тұрдым, тамаша! Сол, қос домбыра – міне, бүгін қолға тиіп, көңілім қуаныштан шат-шадыман болып жатқан жайым бар.

Домбыра - мұнша шешен болдың неге,
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе.

Аққудың әуеніндей үнің бар-ау,
Сарыарқа самалындай ескен баяу.
Бөбектей бесігінде маужыраған
Тыңдаймын мен отырып ұйқылы-ояу. Қ. Аманжолов

Айналаға қарайық анық барлап,
Түн кеткесін, күн шығып, жарық болмақ,
Не туралы жырласақ, Фариза-қыз,
Бағыштайық бәрін де халыққа арнап. М. Мақатаев