Ағарып тұр, әнекей, шымылдығым..

Ағарып тұр, әнекей, шымылдығым..
жеке
блог

Амансыздар ма? Сіздермен қайта қауышқаныма шын разымын. Айтпасыма қояр емес бәрі. Ардақ та менің бір жаңалығым барынан сіздерді хабардар етіп қойған екен. Жақсы жаңалықпен неге бөліспеске деп ойладым өзім де. 

Ияяя, еліміздегі отбасылардың санын біреуге болса да арттыруға үлес қосқан жайымыз бар. Жарты ай болды даңқты Дулаттар елінің бойжеткенінің Қоңыраттар елінің шаңырағына келін болып түскеніне.


Басыма ақ жаулық салып, отқа май тамызып оң аяқпен аттаған киелі табалдырықты қатты сыйлаймын. Өзімнің іні-сіңілдерім "әпкелеп" шауып жүруші ед, енді қайын інілерім мен қайын сіңілдерім "жеңгелеп" желпілдеп жүр. Тіпті бірі "Ақ жеңге" деп ат қойып алды. Мұның өзі бір ғанибет екен.

Қызылорданың қызыл орамалды келіні атанып, табан астында екі жақта бірін-бірі танымайтын да, білмейтін екі елдің жұртын құда қылған жайымыз бар.

Жаңа өмір бастау үшін тәуекелге бел бууыма себепкер болған, жүрегімнің жартысын еншілеп алған сері - Массагеттің күйеу баласы. Ол менің онсыз да аз емес туыстарым мен жақындарымның санын екі есеге арттырды.  

"Отбасылық өмір қалай екен?" деп сұрайды көбі. Әзірге ол өмір қыза қоймады. Отыз күн ойыны мен қырық күн тойын жасайтын бабаларының ұрпақтары әлі тойлатуда. Жарты айдан асса да, жайылған кең дастархынмыз әлі де жиналған жоқ. Үлкен екі әулет құда болып төс қағыстыратын той-томалақтар әлі алда. Солай..)

Ал отбасылық өмірдің бастауы жап-жақсы. Шүкірлік айтудан басқа айтарым да жоқ. Жауапты да, салмақты жолға бет бұрғанымызды түсініп келемін. Мен енді жалғыз емеспін. Енді менің тірегім бар, бүтін жүрегім бар. Алла бақытымызды көп көрмесін деп тілеймін. 

Солайша, күн сайын үлкендерге сәлем салып, шай құйып сызылып жүрген жайым бар. Шай құюдың көкесін жас келін боп түскенде көреді екенсің. Шайдың рөліне өзім отырып алам да, тынымсыз құя берем, құя берем. Қызық) Кейде бір сәлем салып қойған кісіге қайта сәлем салып қоямын. Кейде қайындарыма иіліп сәлем салып қоямын. Олар мәз боп қалады. Он бір ағайынды үлкен аталарымның отбасы мүшелерімен жайләәәп танысып келе жатырмын. Есімдерін шатастырып, үлкен кісілерді анда-санда өз атымен атап қойып тілімді тістеп қалатын кездерім де болып жатыр. Қарап тұрсам, өте өнегелі әулеттің келіні болған екенмін. Бұл да жауаптылықты қажет етеді. Бірақ қысылып, бетім қызырып аса ұялып жүргем жоқ. Бәріне үйреніп, тез-ақ сіңісіп кеттім. Өзімнің бұрыннан танитын жақындарымның ортасында жүргендей сезінем)

Ал, бойжеткендер, жұғысты бола берсін. "Бір қыз күйеуге тисе, он қыз түс көреді" деуші ме ед))))