Сынақ бекерден бекер берілмейді

Өткен айдың демалыс күндерінің бірінде Оқушылар сарайында өткне бір шараға шақырту алдым. Бұл шарада өнер иелері бас қосты. Таңнан кешке дейін сол сарайда болдық. Арасында үзіліс жасап, жылы дидарласып, әңгіме-дүкен құрдық. Сол кезде айтылған өнер әлемінде өзіндік орны бар, сөзі өткір, мінезі көркем әрі тура шығармашылық жолымдағы әпкемнің сөздері жаныма қуат бергендей. Әпкемнің сөзі сүйектен өтіп, мені бір қанаттандырғандай. Сол кісімен болған әңгімеден кейін келесіні түйдім. Адам баласына кез келген сынақты жаратқан бекерден бекер бермейді. Онысымен ол сені сынайды, сені тексереді. Басыңдағы бақты қалай ұстап келе жатырсың, бұл дәуренді қалай өткізіп жатырсың, осының барлығы жоғары жақтан келген саған бір сын. Бұл сынға шыдай алатын адам ғана ертеңгі күніне сенімді, сөзіне берік, ісіне адал бола алады. Ал сол сынақты, сол дәуренді ұстай алмай, төзімділік танытпаған өз сазайын қалай болғанда да алады. Жүрегің таза, көңілің ашық болса ғана сен жетістікке жетесің. Ел-жұрттан (оның ішінде ер-азаматтан) көңілің қалса да, бар өкпені ары қарай лақтырып, келер күнге үлкен сенім мен үмітпен қадам басу керек. Ал адал сезім сені ешқашан жылатпайды, жүректі жараламайды, көңілді қалдырмайды. Кері жағдайда, ол сенің жолың емес. Жаратқан сені сол жағдай арқылы арашалап алды. Бұл деген бақ сені алда күтеді! Алға!



Бөлісу: