Намыстың қорғаны – Барс

...Қазақ байтағын бір серпіп, бір арнаға жинаған «Қазақстан барысы» өтті. Жыл сайын өткізілетін жоба уақыт өте жан-жақты дамып, биік деңгейге шығып келеді. Қазақстанның брендіне айналып, қазақ халқын әлемге  әйгілеуге үлкен мүмкіндік беретін жобаның бет алысы көңіл көншітерлік.                     

            Осы жылғы «Қазақстан барсына» назар қатты ауды. Көрермендердің қызу талқысына айналып, келіспеушіліктерді де тудырды. Халықтың өз ойларын сол залда ғана көрсетіп қана қоймай, белсенді түрде өрбіткендері жақсылыққа балауға болады. Себебі, «Ит үрді, керуен көштімен» осы сайыс тамадалғанымен келесі жобаға сақадай сай дайын болудың алғышарттары айқындалып та қалды. Қазылардың шешімі, төрешілердің төрегілі мен көрерменнің пікірі бір жерден шығып, әділ шешім қабылдану үшін «жоба арнайы заңдарын жасаса» деген пікірлер белең алды. Ұсыныс ұйымдастырушылар тарапына жетсе, күні кешегі дау қайталанбайды.

Жобаның дайындалуына үлкен жауапкершілікпен қарап, жоғарғы деңгейде өткізілуіне назар аударылған. Алай да, әділдік бар уақытта, барлық жерде бола бермейді. Қазақ қазақтыққа салып ашынып та жатты. Әр адамның пікіріне жүгініп, ойларымен санасу мүмкін емес. Тіпті тек қатысушы спортшылардың өзін «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға» шақыра алмаса, бар халықты қамту, әсте, мүмкін емес. Сол себепті де, «айқын талап болып, талапқа бағыну» деген ойға тоқталу дұрыс. Тағы да, Бейбіттің 3-орынға марапаттау сәтінде бозкілемге  шықпауы көрініс тапты. «Бір минуттық әлсіздік» әр адамның бойында болады. Ар, намыс, күш, жігер деген ұғымдардың болуы шарт, тек ол ұғымдар ақылмен қолданылуы керек. Күрескерлер, төрешілер, қазыларға арналған қатаңдық, «әй дейтін әжелік, қой дейтін қожалық» болмаса, әрине, әркім өз қалауымен жүріп-тұрғысы келеді. Сондықтан да, жеңілістің ащы дәмін татып, әділетсіздік болды деп өзінше іштей күйінген жігітке сын тағып, кінәлау орынсыз. Болар іс болды, бояуы сіңді. Бұл дүрбелең келесі жылға үлкен сабақ болары сөзсіз.

2013 жылғы тартыста қарсыластарына дес бермей жеңісті қанжығасына байлаған Шығыс Қазақстандық палуан Айбек Нұғмаров.

Қазылар алқасы абдырап, шешім қабылдаулары қиынға соқса да Айбекке тең келер қарсылас болмағаны айқын. «Шығыстың шайыры, Оңтүстік жеңілді,  Шығыс жеңді». Бұл ойы таяз жандардың тағы трайвализмге салып, жік-жік болып бөлінуге құштар болып тұратындарын көрсетті. Қит етсе бөлінуге құштармыз, қайран қазағым деп шыбын жаны шырқырап жүргендер де аз емес. Келген жерін, руын, тегін айту қанымызға сіңген. Бірақ, оны бөліну мақсатымен емес, ата атын ұлықтап,  осы күнге жеткізген туған мекеніне ризалығын білдіру ретінде болса жақсы. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай деген болды. Тек олар бір мақсатта, ұлан байтақ, біртұтас қазақ жерін қорғап, ауызбіршілікке шақырғандар еді. Тарихтан алар тағылымды кері пайдаланып, ру мен рудың, жүз бен жүздің, оңтүстік пен солтүстіктің  арасына іріткі салу арқадағы жаудың басты қаруы.

...Үш биіміз алысып ұлтшылдықпен,

Бірлікті уағыздапты елге кілең.

Қазақ түгіл бөлініп қырық руға,

Керісіп, келісе алмай кері кетіп ең...-

            Деп Жандарбек ақын айтқандай, орайы келгенде бөлініп қалуға жанталасамыз. Айбек бар қазақтың намысын қорғады. Ол Шыңыстың емес, Қазақстанның көк байрағын желбіреткенін естен шығармау керек!

Жоба барысында көрермендер арасында қызу талқыға түскен жайыттың бірі - барстың қасқыр терісін жамылуы. Барс және Қасқыр. Ежелден бір-біріне  кереғары жаратылыс. Бір орында қатар тұра алмайтын ит пен мысықтың ата-тектері қалайша бір ортада қатар жүр деген ойлар өрбіді, осы жайдың себебін білуге құлшынған көрермендер саны сағат сайын артып келетіндей. «Барс» атауы Қазақстан тәуелсіздік алғалы тұғырлы биіктерден айтылатын болды. Алатау баурайын мекен еткен асыл тұқымды аң әлемде де өте бағалыға саналады. Алай да, «осы барс біздің сонау түркі дәуірімізден келе жатқан, ата-бабамыздың пір тұтып, құрметтейтін Көк бөрісін, Арландарын шаң қаптырып, ұмытылуына себепкер бола ма» деген ойлар туындайды.

 «Қой терісін қасқыр жамылса, барысқа неге қасқыр терісін жамылмасқа» деген кері пікірлер де бар. Бірақ, қой терісін жамылды деп жетіскен жанды атамайды, енді, барсты өздеріңіз ойлап көріңіздер. Мүмкін, барсқа қасқырды жабуды ұйымдастырушылар еш негізге сүйенбей, алды артын бақпай жасаған шығар. Мүмкін, осы көрініс те саясатқа келіп тіреледі. «Қасқырды барсқа, қазақты орысқа» теліп жатса, көзі ашық, еті тірі жандар осы оқиғаны мәселе деп қозғауы да жөн. Барлық құбылыс санаға сіңеді, «түймедей де түйедей болып көрінеді» десек, сол жарым оймен  қабылданған шешімдер ұрпағымыздың санасынан Көкбөрі дәуірін өшіріп, Барс  келген шақты ғана ескергізсе, бұл тартыс орынды. Ілік ізеп, буынсыз жерге пышақ ұрып, сынағанды жақсы көретін халықпыз ғой, жоқ жерден дау тудырғанды да жанымыз сүйеді, артық кетіп, отқа май құятынымыз да бар.

            Болашақта еліміздің брендіне айналар «Қазақстан Барсы» жобасы арнайы талаптар мен міндеттер, спротшылар мен төрешілер, қазыларға арналған заң жобасын енгізсе. Қазақ «Жалпы» деген сөзе жаны құмар халық,  сол жалпылықты алып, қатаңдықпен күрес барысы  бақыланып, аброй мен атақ сынға түсетін бозкілемдегі жанкештілікке баға берер қазылар алқасы да іріктеуден өткізіліп барып тағайындалса. Тиянақтылық пен нақтылық, әділдік сайыс барысында ғана емес сайысқа дайындығының да бұлтартпас талабы екені айғақталды. Айбектің, «Қазақстан барысының», қазақ халқының жеңісі құтты болсын! Еңселі ерлер елді, елді ерлерін биік тұғырларға жетелеп, жетістіктеріміз баянды болғай...



Бөлісу: