Жапырақ

Сол сағыныш...
Мен оған тоналармын,
Жара салып жаныма барады әр күн.
Кешегі Күз жылатқан жүрегімді,
Жапырақтың ішіне орап алдым.

Ұйқысыздық түн бітіп, таңға асады,
Сенсіз,күнім,өмірдің бар ма сәні?!
Сап-сары сағынышым сергелдең боп,
Сап-сары жапыраққа жармасады.

Мендік әлем-сабырсыз.Дүрлігеді,
Ал,жалғыздық-бейкүнә мұңның елі.
Құстарменен ілесіп ұшып кеткен,
Бақытымның бағытын кім біледі?

Бақ ішінде жайқалмай «гүлім» қалды,
Оқылмаған ол үшін жырым бар-ды.
Минуттарға сыймаған сағынышым,
Секундтардың ішінде сығымдалды.

Тұла бойға барады тарап мұңым,
Ойлауменен өзіңді таң атты мың.
Сен кеткелі тұтқыны боп жатырмын,
«Жалғыздық» деп аталмыш абақтының.

Кірпігімде тамшылар тізілетін,
Тойып қарай алмадым жүзіңе тым.
Менің мынау жүрегім-жапырақ ед,
Күз келгенде шарасыз үзілетін...

Жандарбек ЖҰМАН



Бөлісу: