Автобус ішінде...

 

Маусым айының тамылжыған күні.  Кешкілік уақыт. Әдеттегідей емес,бүгін жұмыстан кеш шығып,  базар аялдамасына қарай аяңдап келемін.  Алдымда келе жатқан  бірең-сараң саудагер апайлар болмаса, күндізгі ерсілі- қарсылы өтіп жатқан адамдардың қарасы көрінбейді. Таң атқаннан кеш батқанша күн көзіне шыжып тұрып сауда жасайтын бұл апайлардың жүзінен шаршаңқылық ізі мүлдем көрінбейді, тіптен керісінше, жүздері жайдары,  даусы жарқын-жарқын шығып келеді. Сондағы айтып келе жатқандары, бүгінгі сауданың қызу жүргендігі болса керек.

Күндізгі уақытта базар жолының жиегін жаулап алып,  жолын тарылтатын таксилер де бұл аялдама жанына қаз-қатар тізіліп қалыпты. Аялдамада халық көп екен. «Таныстарымның бірі кезігіп қалар ма екен?!» деген оймен жан жағыма көз тастап та қоямын.  Менің аялдаммамнан,  бір аялдама әрі тұратын Женя апай (шын аты- Жеңіс) құрбысымен әңгімелесіп  тұр екен. «Амансызба?» - деп едім, аманмын  дегендей  басын изеп ишарат танытты. Жұмысымның барлығы дерлік компьютердің алдында өтетіндіктен, көру қабілетім төмендеп кеткен болуы керек, аялдамаға жақындап қалған шағын автобус нөмірі бұлыңғырлап көрінді.  Женя апай жаққа  қайта-қайта қарап қоям.  Ондағы ойым Женя апай қай автобусқа қарай барса, сол автобусқа қарай жүгіріп жетіп,  кіріп үлгеру. Күйбің тірліктің  қамымен жүрген адамдар «менің автобусым ба екен?!» деген сұраулы жүзбен олардағы  мойындарын алдыға қарай созып қарап қояды. Иә, бұл менің автобусым. Женя апайдың артынан мен де автобусқа кіріп үлгердім.

  Автобус ішінде ине шаншыр орын жоқ.  Автобустың алдыңғы орындарында тәрбиелі  жас балалар отыр екен автобусқа ентігіп  кірген Женя апай және оның  құрбысына орын берді. Жол ақысын төлейін деп кондукторды іздеп тұр едім кенеттен:  «С базара зашли 10 человек. Рассчитывайтесь за проезд» деген ұл баланың даусы естілді. Қай жақтан шығып жатыр деп жан- жағыма қарап үлгергенім сол еді, дәл жанымнан «Девушка вы рассчитались?» деп жасы 11-12 лердегі спорттық киім киген, қазақ бала маған сұраулы жүзбен қарап қапты. Менің билетімді беріп, әрі өтіп бара жатып «Еще троя » деп даусын қатты шығарып қояды. Барлығымен есептескен ол есік жаққа келіп тұрды. Үнемі жұмысынан кеш қайтатын Женя апай «Балам, осы автобустың соңғы рейсі қашан жүреді?» деп сұрап еді, әлгі бала «Я знаю только свою рейс. Қазір сағат жеті жарымда ана конечкада болуымыз керек. Я других рейсов незнаю » деп шап етіп орысшалап жауап берді. «Пәлесін қарай гөр, орысшалап жауап беріп қоят, тәйірі,» деп Женя апай құрбысына қарап еді ол да қостағандай «Шүстриін қарай гөр. Жасың нешеде өзі?» ,  «Мне двенадцать. Мне этого хватить» деп кесіп айтты. Бағанадан бір-бірімен әңгімелесіп автобус ішінде ара ызыңындай  дыбыс шығарып отырған  жолаушылар да,  автобус рейсін білгісі келгендей,  бір  сәтке  тынышталып қалыпты. Бұл тыныштықты  Женя апайдың болмысынан сабырлы даусы бөліп жіберді:  «Балам, жұмыстан кеш шығатын едім,  соңғы автобус қашан жүреді жөнді жауап бере аласың ба?»  деп қайта сұрап еді, әлгі бала «Апай, я же говарю вам, я знаю только свой рейс. деп кеудесін қағып қойып, Остальных незнаю. Если хотите, спросите у моей папы, он - водитель»  деп қабағын шытып жүргізуші  жақты  нұсқады. «Әй, әкесі, скажи пажалүстә, соңғы рейс қашан жүреді?»  деп сұрағаны сол еді жүргізуші бірден: « Апай вам это не положена знать» деп қысқа қайыра салды. «Ойбүүу баласы қандай деп таңданып тұрсам, әкесі одан бетер екен ғой» десіп құрбысы екеуі жағасын ұстады. Сөйтіп автобус есігі ашылып, мен өз аялдамамнан түсіп кеттім. Барлық ойым әлгі жасөспірім  балада, баяғыда ата-анамыз бауырым екеумізді үйге кіргізе алмаса, бүгінгі көрген жүргізуші баласы бесіктен белі шықпай жатып, ақша тауып жұмыс істеп әлек. Оған әкесі де қарсы емес сияқты. Дегенмен, ол әлі жұмыс істеп үлгереді ғой, одан да жазғы демалысын өзіне тән іспен айналысып өткізсе игі еді. Бүгінгі көрініске тап болғаннан кейін, баланың балалық шағы ойынмен өтуі тиіс деп ойлайтын мен, 12 жасынан бастап жұмыс істейтін әлгі бала,  балалық шақтың қызығын көрмей  ерте есейіп кетеді-ау деген екен деген ойға келдім. 

Автор: Айдана Серікбекқызы



Бөлісу: