Бойжеткен мен ержеткен бітіру кешіне дайынсыз ба?

Міне, оқу жылының артта қалып, ҰБТ біткеніне де бірнеше күн толды. Енді жүректері лүпілдеген жас түлектер жаппай бітіру кешіне асық. 

Алайда бір күндік есте қаларлық кеш үшін қанша ақша кетері ешкімді толғандырмайтын көрінеді. Себебі, бәрінің айтар жауабы дайын бұл тұста. «Өмірімдегі жалғыз ғана бітіру кеші емес пе?» - ия, бұл 100 пайыз бітіруші түлектің 90 пайызға жуығының берер жауабы. «Өз баламнан аяғанды ит жесін» - дейтін қазақ үшін тау қопарарлық іс пе екен? Шашылып той жасайтын біздер үшін әрине жоқ! Қалайда жұрт қатарынан қалмау керек біздерге. Барымызды шашып, жетпегенді сұрап жеткіземіз мұндайда. Бәлкім бұл дұрыс та шығар, кім білсін?! Өйткені біреуге ақыл айтып, кемеңгер болатын заман емес қазір. Сонда да бітіру кешіне жұмсалатын қаражаттың көлемін білген артық етпес. 

                                                  

Ең бірінші кешке бару үшін киім керек әрине. Жай киім болмайды, жұртты таң қалдыратын, ұзақ есте сақталатын, қазіргі заманша айтқанда қыздарға «брендовый» көйлек қажет. 

                                                                                                     

Ал оның бағасы арзан емес, сіздер мен біздердің білулерімізше. Қарапайым халық баратын «Бара базар» атанған Барахолканың өзінде бітіру кешіне арналған көйлектің бағасы 8 мыңнан басталады. Ол сіз ойлағандай ертегідегі ханшайымдардың көйлектері емес, өйткені олардың бағасы 25 мыңнан ары. Ойлаңыз, ал қымбат киінушілерге арналған «Мега орталығындағы» көйлектің бағасы сонда қанша тұрмақ? Содан әдемі көйлектің астына әдемі биік өкшелі аяқ киім де қажет. 

Аяқ киімнің бағасы көйлектің жарты бағасынан басталады. Оның өзі фирмалық аяқ киімдер емес, өйткені брендовый аяқ киімнің бағасы 15 мыңнан жоғары. Былғары кожа, ысырылмайтын табан деген сияқты критерийлерге байналысты, аяқ киімдердің де бағасы қарыштай береді. Киер киім дайын, енді қыз болған соң оны одан әрі сұлуландыра түсу үшін керемет макияж бен жарасымды шаш сән үлгісі қажет.

                                                    

Шаш сәнінің бағасы, оның ұзындығына байланысты. Бұл дегеніміз, шашың қаншалықты ұзын болса, соншалықты қалтаң да тереңдеу болу керек дегені. 

                                                                                                  

Қарапайым шаш сәнінің бастапқы құны 2500-3000-нан басталады. Ал макияждың әңгімесі тым бөлек. Кішкентай қалалы жерлердің өзінде 1000-нан басталса, ару Алматыда оның құны одан екі-үш есе көп. Мұнымен бойжеткен бітіру кешіне бара салса ғой, жоқ оған тағы төгілген сырға, асыл алқа, көрікті жүзік не білезік керек. Ал ең соңынан кішкентай «модный» сөмке қажет. 

Бұлардың бағалары олардың қандай материалдан жасалынатына байланысты, тіпті осы заттардың өзі фирмасына қарай жіктеледі. Айтқандай тырнақ сұлулығын да ұмытпаған абзал. Өйткені қазіргі бойжеткендер үшін бұл басты назарда. 

                                                  

Оның құны 2,5-3 мыңнан басталады. Себебі, суретті бояу, суретсіз бояу деген сияқты түрлері жеткілікті оның да. Қыздың жыры көп қой, ал ұлдарымызға костюм-шалбар, туфли, көйлек, галстук, сағат сынды заттар қажет. Олардың да құны қарыштап тұр. 

                                                                                                  

Мәселен, костюм-шалбар 10 мыңнан басталса, қарапайым туфлидің құны 4-5 мыңнан басталады, ескеретіні бұл «брендовый» емес нарықтан, өйткені «брендовый» заттың құны 8 мыңнан жоғары. Костюм ішінен жігіттерімізге көрік беретін көйлектердің бағасы 4-5 мыңнан басталады, интелегенттік ұғымды білдіретін галстуктың құны 1-1,5 мыңнан бастау алары хақ. Ал сағаттың жыры өзгеше, оның фирмасына қарай бағасы да, кереметтілігі де айдан анық.

Бұл тек бітіру кешіне деген киімнің жыры ғана, неге десеңіз кешке қатысу үшін мейрамханаға төленетін ақша керек. Жалғыз өзің жалғызсырамау үшін, ата-анаңды ерте келсең олардың әрқайсысына бөлек құн төлейсің. Қазіргі таңда сәнге айналған көлік жарыстары «катанияға» қатысу үшін тағы да ақша. 

                                              

Оған қатыспай қалатын ұл бар ма? Олар үшін ол ұят қой. Сондықтан да ақшаның қамын тауып, қалайда қатысу керек. Салтқа айналған дәстүр бойынша бітіру кешіне де құр қол келу тағы да ұят, не бір құшақ гүл не тағы басқа затпен келу керек. Өйткені қанша жылғы еңбегі сіңген ұстаз алдында өте ыңғайсыз емес пе? Міне, бітіру кешінің жайы осындай. Бір күнгі қызық үшін қанша ақша кетерін жоғарыдағы сандарға қарап-ақ, есептей беріңіз. Біреудің қалтасы көтеріп жатса, біреудің қалтасы тесіліп жатыр осыдан. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» - демекші, бет жоқтан бет жоқ шашыла бергенше, алдымен жан-жаққа қарап алды-артымызды болжағанымыз дұрыс ағайын!

Арысбаев Аян, 3 жыл бұрынғы Арыс қаласының бітіруші түлегі, қазіргі студент:

Мен бітіру кешіне 4200 теңгеге шалбар, 3700-ге туфли, 3000-ға жакет алдым. Ал көйлегіме 4 мың жұмсадым. Міне осылай шырттай киініп, 4 ұл болып мерс автокөлігін жалдадық, оның құны 4000 теңге, бұл тек бір көліктің құны ғана, ал біздер 16 көлік болып қыдыруға шықтық. Бітіру кешіне әр қайсысымыз 5000 мыңнан шығардық. Тағы майда-шүйдені қоспағанда бітіру кешіме 19-20 мыңдай ақша жұмсаппын. Бірақ кеш өте қызықты өтті, қатты риза болдым.

Ибрашев Абзал, 3 жыл бұрынғы Алматы қаласының бітіруші түлегі, қазіргі студент:

Барлық киім, жинаған ақша, оның ішінде көлікке кеткеі де бар, соның бүкілін қосқанда 45-50 мың қаражат жұмсадым. Өздеріңіз білетіндей, Алматы қымбат қала, сондықтан да бұл ешқандай шығын емес, біздер үшін.

Бахтиярова Ақбота, 2 жыл бұрынғы Кентау қаласының бітіру түлегі, қазіргі студент:

Ия, шыны керек мен бітіру кешіне аз ақша жұмсамадым. Көйлегімді 12 мың, аяқ киімімді 7500-ге, сырға-білезік дегендерді 3500-ге алдым. Шашымды 3 мыңға жасаттым. Ал сөмке ұстаған жоқпын. Тағы да басқа көзге көрінбейтін заттарды қосқанда 26-27 мың қаражат жұмсаған екенмін. Бұл әрине, бітіру кешіне жинаған ақшаны қоcпағанда, шығатын сомма.

Ал, сіз қанша ақша жұмсап едіңіз???

                                                                                                                                   Гүлжан Серік



Бөлісу: