Құттықтау хат!

   Құрметті массагеттіктер! Қадірменді ағайын! (Ары қарай асабалардың жұртты қаратып айтатын сөздері әйтеуір...) Сіздерді алда келе жатқан туылған күндеріңізбен, мереке-мейрамдарыңызбен құттықтаймын! Әрине, шын көңілмен. Ниетім болмаса, жазып қайтем? Бірден тілектерге көшейін:

   Ең біріншіден, Сіздерге Алла жар болсын! Қадамдарыңыз ұзара берсін! Қадамдарыңыздың ұзарғаны - жүрер жолдарыңыздың көбейгені. Жолдарыңыз көбейсе, кедергілері де аз болмақ емес. Ал менің тілерім, өмір жолындағы кедергілерден аман-есен өтсін демеймін, Алла қаласа, өтесіздер ғой, тек сол кедергілерден ғибрат алыңыздар, өзгелерге ол кедергілерден қалай өту керектігін көрсете біліңіздер, өзгені "бауырым" деп санасаңыз. Өмір жастарыңыз ұзақ болсын демеймін, өмір жасыңыз бәрібір де туған-туыстарыңызбен жасаған қатынастарыңызға қарай ұзармақ. Жаныңыз ашып, әрдайым қарым-қатынаста болсаңыз, Алла өміріңізді ұзартады. Жамандық жасау оңай, жақсылық жасау қиын демекші, жақсылықтарыңыз көп болсын! Әрине, пенде болғандықтан, жамандықтарымыз да шығып жатады. Жамандықты тыямын деп серт бере көрмеңіздер, тек жақсылыққа деген сезіміңіз, ниетіңіз түзу болғай!

   Екіншіден, мейлі қуаныңыз, мейлі жылаңыз, тек сондай сәттерде жаныңыздан табылар жолдастарыңыз көп болғай! Достың орны бөлек, әрине. Достарыңыз көп болсын деген нәрсе ақылға да сыймайды. Білесіздер ғой, жаныңызда жақсы жолдастарыңыз болса, соның өзі - Алланың бір нығметі. Қатардың алды болсаңыз, бәрінен біліміңіз тасып тұрса, бұл нәрсеге жауапкершілікпен қараңыз! Себебі, Сіздің де артыңызда сізге күні түсетін, күні түспесе, еңсесі түсетін, заманнан түңілер, мақсатына жетуге талпынысы құрдымға кеткен бауырларыңыздың бар екенін, олармен бірге бір топырақты шаңдатып, бір ауаны жұтып жүргеніңізді де ұмытпағайсыз! Сіз - адам баласысыз ғой! Адам баласына өмір сүру үшін басқаларды езіп-таптап күресуі жараспайды. Демек, биікке шықсаңыз, бауырларыңызға да биікке шығуға қол ұшын беріңіз! Өзіңізге тілеген жақсылықты басқа да бауырларыңызға тілемейінше... білесіз ғой, жалпы...

   Үшіншіден, жүрегіңіздің нұрын жақсылыққа ғана шашыңыз! Жүрегіңіздің қоңыр көзі соқыр болмасын! Қазақ айтпақшы, адамның баласы болыңыз! Алланың құлы болыңыз! Әке-шешенің тірегі болам дей көрмеңіз, олар үшін Сіздер әлі де баласыздар. Әке-шешеге жәй ғана көмегіңізді көрсетіп, жақсы сөздеріңізді аямаңыздар!

   Төртіншіден... Әәә, иә... Ағайын, бұдан басқа да игі тілектерді неге жазбадыңыз демеңіз! Бастысы, менің ниетім, тілегім ақ көкірегімнен шықты.

   Бұл тілекті Массагетте тіркелген бауырларымның барлығына, тіпті тіркелмей, жәй ғана кірушілерге де, керек болса, кірмесе де, бірақ Массагет сайтының бар екенін, ғанибет, Массагет деген сөзді жәй ғана естіп қалған бауырларыма да тілеймін! Аман болайық, ардақты ағайын! Ел іші - береке-бірлік болғай! Әмин!



Бөлісу: