Әйелдерсіз ерлерді елестету қиын

Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының драма актері. Алғаш түскен фильмі «Бөрінің сын сағаты». «Ағайындылар» телехикаясындағы басты рөлдерді сомдаушылардың бірі Берік Айтжанов.

Әйел деген ұғым сіз үшін қандай ой туғызады?

Әйел деген ең бірінші ол – ана, апа-қарындастарымыз, әжелеріміз, қыздарымыз. Әйел - тіршіліктің бастауы. Мен үшін әйел деген ұғым барлығынан биік әрі жоғары. Әйелдерсіз әлемді елестетуге болмайды. Еркектерсіз де елестету қиын, бірақ әйелдердің рөлі ерекше. Мен әрдайым әйелдерге тамсана қараймын. Расында, әйелдің қырық жаны бар деген сөз босқа айтылмаған. Әйелдер соншалықты күшті, соншалықты төзімді. Өйткені әйелдердің тағдыры ерлерге қарағанда қиын. Олар өмірге сәби әкеледі, тәрбиелейді. Бұл өте үлкен ерлік. Олар тіпті күнде үй жағдайында неше түрлі батылдықтарға барады. Мысалы, үйдің тірлігі дегендей. Әйелдерсіз ерлерді елестету қиын, өйткені ерлер әйелдердің жылылығынсыз, мейірімінсіз өмір сүре алмайды. Әйел адамы тек балаларын ғана емес, күйеулерін де тәрбиелейді.

Отбасыңыздағы әйеліңізбен болған қызықты оқиғаңызбен бөліссеңіз.

Негізінде қызық оқиғалар көп. Бірақ оларды еске түсіру қиын. Мен негізінде, жарқын адам емеспін, әзіл жағына жоқпын десем де болады. Мен драма актері болғандықтан, сол қалыпты сақтауға тырысамын. Маған драма актері болу оңайырақ. Жалпы әзіл-сықақ жанрын өте қиын деп санаймын. Мен тіпті, достарымның арасында әзіл әңгімелерді де айта алмаймын. 

Киноға түсу барысында әйелдер қауымының психологиясын қалай түсінуге тырысасыз?

Мен ешқандай да әйелдердің психологиясын үйренуге тырыспаймын. Кинода маған алдымен қандай әйел адамымен жұмыс жасайтынымды айтады. Маған жалпы олармен тіл табысып кету өте оңай. Олармен ешқандай түсініспеушілік кездер болмаған. Менің ойымша, әйел қандай жұмыс жасаса да ол ең алдымен – әйел. Әйелдің тілін табу үшін онымен әйелше сөйлесу керек. Оларға әрдайым жылы, жақсы сөздер айтқан жөн. Сол жылы сөздердің әрдайым да қайтарымы болады. 

Жеке көзқарастық сұрақ десек те болады. Жалпы сіз Қызылорда өңірінде дүниеге келдіңіз. Ол жақтың қыздарының Алматы қыздарынан айырмашылығы бар ма? Болса қандай?

Ия, айырмашылық бар. Бірақ гендік тұрғыда емес, әрине. Салт-дәстүр мен сөйлеу мәнерінен шамалы айырмашылықтар бар. Мысалы біз жақта немесе Шымкент өңірлерінде оны түсінеді. Ал мұнда біраз түсінбеуі мүмкін. Алматы – бұл өте үлкен қала. Мұнда барлығы бар, әрине Қызылорда да жоқ деп айта алмаймын. Бұл жақтың адамдары күйбең тіршілікке әбден үйренген. Алматыда бір әншімен кездесіп, келесі күні тағы бір танымал адаммен кездесу қалыпты жағдайға айналған.

Сіз үшін нағыз идеал әйел кім?

Мен үшін нағыз идеал әйел ол – менің жарым. Оның жақсы да, жаман да мінездері бар. Өйткені идеал адам болмайды. Бірақ, менің әйелім мен үшін идеал саналады, сондықтан да мен оны таңдадым. Ол мені түсінеді, мен оны түсінемін.

                                                                                                Сұхбаттасқан Гүлжан Серік



Бөлісу: