Ағайын, ақы жемеңіз! Жалғасы...

     Иә, үйге аман-есен жеттім. Бірақ сол әкемтеатр жақта, аялдамада тұрғанымда, қатты ашуланып та алдым. Біздің ашу - сол ішімнен бірдеңе-сірдеңені күбірлеу ғой. Әйтпесе, "неге қазақша сөйлемейсің? Қазақсың ба өзі?" деп, сол жердегі "русификацияланған" қазақтарды ұрып-жыққаным жоқ. Жәй ғана тұрдым, 92-ні күтіп.

     Айтайын дегенім, 92 жұмыс уақытында келмеді ақыры. 1 сағаттай күттім, жұрт та күтті. Майда ақшам болмай, 34-ке мінбеп едім. Әйтпесе, оның да бес-алтауы өткен. Бұл 92 жұмысын жөнді атқармады. Жалпы, автобустардың көбісі өз қызметіне адал емес, мейлі, мың жерден автобусты құстай ұшырса да. Анау қанжұтқырлардың (кондуктор) да даусы, мейлі, зор бола берсін, әдептілігі мен мәдениеттілігі болмаса, не қайыр? Жәрар! Сіз де білетін олардың кемшіліктерін тізбектемей-ақ қойдым.

     Дұрыс, отбасыны асырап жатқан шығар. Бірақ шопыр боп рүлге отырды ма, автобустың міндеті не, шопырдың ондағы міндеті не, сол жағын бақпай жүр олар. Ағайын, қандай қызметте болмайық, қиындықтары қаншама болса да, қызметімізге адал болайық. Тым жақсы өнерде жүріп, бір-екі ән айтып, әншіліктен атақты аңсап кеткендердей болмайық, өнерін тастап кеткен. Етікші болсақ та, жұрттың етігін жөндеп тігіп берейік! Өнер де, кәсіп те игілікке бағытталмаса, ондай нәрселерден пайда болмақ емес. Көптеген мамандықтың талап ететін нысаны - мына біз, яғни халық. Қай мамандықты алып қарасақ та, оның жұмыс күші халық игілігіне бағытталып жатыр. Әрине, қазір елімізде қызметтердің көбісі пірмәлді түрде ғана көрініс тауып жатыр. Қызметімізге адал болсақ, жемісі де мол, берекелі болмақ. Сөйтейік, ағайын! Иә ма?! Ау? Естілмей жатыр... Әәә, иә-иә! Естілді-естілді...

     Таксиге 4 рет міндім. Ақша төлемедім. Басында ұялдым да, артынша ұятым ұясына кіріп кетті. Қызмет етіп жүрген пенделер қызметіне адал болмаса, жұрттың ақысын жеген боп саналады. Иә, жеген боп...



Бөлісу: