Стамбул-Атырау

Стамбул-Атырау
жеке
блог



Түркиеде болып жатқан аласапыран оқиғалардың бәрі 10 ағаштан басталғаны белгілі. Әр-түрлі сипатта қарсылық көрсетушілер 10 ағаштың қасына жиналып бірігіп кетті. Менің үйім жақта Самұрық қорына жататын алпауыт Ембімұнайгаз компаниясына тиесілі кеңсе алдында үлкен көлемді алып жатқан жер бар. Ол жерге осыдан бірнеше жыл бұрын әп-әсем теректер егіліп, бүгінде ол ағаштар бәйтеректей жайқалып өсіп келді. Әрқашан қасынан өтіп бара жатып "бұл жерде енді саябақ болатын шығар" - деп ойлайтын едім. Өкінішке орай ол үмітім су сепкендей басылды да қалды. Осыдан 2-3 ай бұрын бұл жерді биіктігі 3 метр болатын қақпамен қоршады. Жақында барып қарап қайттым. Менің сүйікті жайқалған ағаштарымды кесіп тастаған. Олар енді жоқ. Орнынана зәулім сауда орталығын салып жатыр. Тура Түркиедегідей жағдай. Тек біздің халыққа бәрібір. Менімше, біздің халықтың етінен ет кесіп алса да бәрібір сияқты... Тек бас аман болсын. Шүкір. Тәуба. Осыдан артық не керек деп қазекең отыра береді...

Атырау экологиясы біткен... Әлемдегі ең үлкен мұнай өңдеу зауыттарының бірі Атыраудан 30 километр жерде салынғалы жатыр. Оның әсері қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Атырау керемет, бай халық дейді. Дегенмен мұнда айына кем дегенде 10-нан аса адам медицинаға белгісіз себептермен өліп жатады...

Атырауда дені дұрыс бір парк жоқ. Жергілікті билік масаны жеңе алмай отыр. Далада жүру мүмкін емес. Бұл қалада тұру мүмкін емес. Инфляция деңгейі 1920 жылдары болған Алманиядағы ұлы дағдарыстан кем емес. Қаланың дәл қазіргі кейіпі - бұл қаланың болашағы жоқ екенін көрсетеді. Әлеуметтік-қоғамдық деңгей өте төмен. Халықтың қолында тек ақша бар. Ликвидті активтер жоқ. Бау-бақша деген құрып біткен. Ауыл-шаруашылығы бітіп, құр сүлдері қалған. Осында бір дені дұрыс өнім жоқ. Тағам мен киімнің бағасы адам шошытарлықтай қымбат. Дегенмен Ресей мен Түркия экономикасын дамытуға біздің өңір барынша күшін салып жатыр.... 

Егер дұрыс дамытса, Дубайдан кем қалмайтын қала болар еді... 

Осындай туған қаламның бәзбіреулердің қалтасы қалың болсын деген ниетінің кесірінен құрып бара жатқанына қайғырамын... 

Дегенмен халықтың өзінен де бар... Орыстың көшесі таза, қазақтың көшесі лас. Осы шындық. Біздің қазақ неге екенін білмеймін, ағаш екпейді... Егер әр адам бір ағаштан егетін болса, қала климаты өзгеріп шыға келер еді... (Мен ана жылы 15 терек ектім) 

Бізде халық биліктен күтуді біледі, бірақ талап етуді білмейді. Өзінен де өзгерісті талап етуді білмейді...

Ержан Алаш