М.Бесбаевтың алғашқы ұстазы А.Шүңірековтың туған өлкесі...

М.Бесбаевтың алғашқы ұстазы А.Шүңірековтың туған өлкесі...
жеке
блог

    "Бұл ауданнан кім шыққан, танымал?" деген сұрақта тығырыққа тірелгенім бар. Яғни, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында туған, елге танымал адамдар жайлы сөз қозғалса, ұзақ ойланып қаламын. Әлбетте, қазақ үшін, Тәуелсіздік үшін "еркек тоқты құрбандық, атам десең атыңдар" -деп кеудесін оққа тосқан Қайрат Рысқұлбековпен бір мақтанып аламын, ең алдымен. Сосын..

    Жалпы атағы жер жармаса да, білім, ғылым саласында профессор, академик атанып, елге қызмет етіп жүрген аудан тумалары баршылық. Ауылына ән арнайтын, сөз арнайтын ақын, жазушылары да табылады, іздесең. Ал, өнерде, ән әлемінде өзімізге шоқтығы биік болып көрінетін "Тараз" деген трио бар. Міне, осы топтың мүшелері мойынқұмдықтар. Алматы, Астана асып, экраннан жарқылдай бермесе де Асылхан Шүңіреков, Ержан Ыдырысов, Ноян Сейділдаев сынды талантты ағаларымыз қазақ баласына ортақ іске шама-шарқынша ұйытқы болып жүр. Қазақ әнінінің құтын қашырмай, қара домбыраның қасиетін бағалай білетін өнер иелері бүгінде қазақилығымен басқадан ерек. Бір қарағанда әр нәрсені шатып-пұтпай, ешқайда "ентелемей", өздерімен-өздері тек ән үшін өнерде жүрген сияқты. Яғни, атақ пен абыройға бола "не белбеу, не бел кетсін"" дейтін өлермендікке салынған жоқ. Топ мүшелерін жақын танымаймын, мақтап-мадақтайын деген ниет емес. Тек Асылхан Шүңірековтың жастайынан "қазақтың бозторғайы" атанған, атақты Мейрамбек Бесбаевтың алғашқы ұстазы екенін біреу білсе, біреу білмес. Осы мәліметті "Мейрамбекшіл" жанкүйерлердің есіне бір салып қояйын дедім). Себебі, бәріміз білеміз, көп БАҚ беттерінде Мейрамбек Бесбаев Алтынбек Қоразбаевтың шәкірті ретінде таныстырылады, солай жарияланады. Солайы, солай ғой, дегенмен алғашқы ұстазы ретінде Асылханды көп атай бермейміз. Ұстазын сыйлаған, қадір тұтқан бір шәкірт болса, ол - Мейрамбек Бесбаев. Қазіргі біраз танылып, өнер жолында аяққа тұрып алған соң, ұстазымен, продюсерімен "қырқысып" қалатын әншілерге үлгі. М.Бесбаев сұхбаттарында алғашқы ұстазы Асылхан екенін айтып отырады. Ал, ұстазы Мейрамбекпен көп мақтана бермейді екен). Жақында ауыл жұртына келіп, концерт өткізген. Жүргізуші Асылханды таныстырғанда Мейрамбектің аты бір аталып өтетін шығар деп күткенбіз. Жоқ, мақтанбады.

Бұл күнде "Көк шолақты" төлқұжат еткен "Тараз" триосының әншісі, Мейрамбек Бесбаевтың алғашқы ұстазы Асылхан Шүңіреков "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері".

Біліп жүріңіздер, әй!)

    Алғашқы ұстаз бен шәкірттің "әңгімесіне" А.Шүңірековтың 2011ж Таразда өткен концертінде көз жеткізгенбіз. М.Бесбаевтың бала кезде А.Шүңірековпен жүрген суреттері экран арқылы көрсетілген.

ПыСы.Сосын, айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева осы Мойынқұмда өскен деген деректер бар, көрші-қолаңның айтуымен, соны анықтау керек, біліп жүретін...

Достар, бұл жазба Массагеттің "Туған өлкесі" болсын, аудандарыңыздан кім шыққан, жазып отырыңыздар, кіммен жерлес екеніңізді біліп жүрейік!)

Суретте солдан оңға қарай Ноян Сейділдаев, Ержан Ыдырысов, Асылхан Шүңіреков