Түтінге тұншыққан тәндер

Түтінге тұншыққан тәндер
жеке
блог

Қазақ қызды қашаннан болашақ ана деп қадірлеген. Дүниеге ұрпақ әкелетін ардақты әйел-ана қауымының денсаулығына ерекше көңіл бөліп, ертеңгі өміріне алаңдайтыны бәрімізге аян. Ендеше, әңгіме не туралы болатынын, оқырман сезе бастаған шығар.  Темекі түтініне тұншығып жатқан қайран тәндердің тағдыры туралы болмақ...
Көше-көшеде қазекем айтпақшы, аузы – ошақ, мұрны – мұржа болып, темекі түтінін будақтата, қаңқасын құшырлана сорып тұрған қазақ қыздарына қараңызшы. Қандай пікірге келетініңізді айтпай-ақ сеземін. Ұрпағымыз ұсақталып барады деп жанұшыра шыққан жан айқайыңыздың жауабын табасыз. Жігіттер жағы «Ас – адамның арқауы, темекі – оның тарқауы» деп мақалдап жүрсе, қаракөздеріміз саусақ арасына қыстырылған сигарет «сұлулықтың символы» деп ойлайтын көрінеді.
Қалай болғанда да, темекінің тек зияннан басқа ешбір пайдасы жоқ екенін адамзат түсінбей келеді. Ертеңімізге ие болатын ұрпақтарымыздың салауатты өмір сүруіне ықпал етуіміз бүгіннен басталады десек, қаракөз құрбыларымның көк түтінге мөлдіреген жанарлары сарғайып жүргеніне жүрегім ауырады.
Болашақ аналардың дені де, тәні де, жаны да сау болуы көп мәселелеріміздің шешуі болып табылатын сияқты.
Қыздар-ау, сіздер не дейсіздер?