Анаңды тонап...

       Ана - асыл жан. Ол бала-шағасының қамы деп талмай, буыны босап, сіңірі шыққанша жұмыс істейді. Баламның ішерге асы, киерге киімі болса, қатарынан қалмаса деп жан ұшыра жанталасады. Бесікте жатқаныңда түн ұйқысын төрт бөлсе, ес білгелі бері күніне 24 сағат тыным таппайтынына өзің де көз жеткізесін. Сен де сол еңбегін бағалап, ол кісіні қадірлейсің. Маңдай терімен тауып әкеліп ауызыңа тосып жатқан бес – он тиыны ризықты болып, шат-шадыман өмір кешесің. Ал енді, сол «балам, балам» деп зыр жүгірген анаңның тапқан-таянғанын қалтасынан сыпырып, тонар ма едің? Сол кездерде анаң қандай күн кешеді, оған солай қайырым жасауға дәтің жетер ме еді?

         Ал енді, мынаны қараңыз. Отбасы – кішігірім Отан. «Отан отбасынан басталады» деген сөз де аспаннан түскен жоқ, халқымыздың даналығының жаршысы. Ендеше, отағасы – елбасы, балалары – биліктегі шенділер, ал анасы – халық деп қарастырсақ қалай болар екен?! Халық болмаса, Отанның қалған екі мүшесі де болмайды. Ананың арқасында бала жетілгендей, халықтың арқасында биліктегі адамдар да өз орындарына отырады, шынында да, халықсыз оларға ол орындарының да отыра-отыра жамбастарына жауыр болғанан басқа әкелер пайдасы болмай қалмайды ма? Халық ше, халық... Өздерінің күнделікті тіршіліктерін істеп, ақшаларын тауып, бір-бір отбасыларын асырағанмен қатар сол биліктегі адамдардың да отбасыларын асырап отырған жоқ па, әлде қате айтып отырмын ба? Тек бұл ғана емес, елдің шығындарын өтеп, үлкен жобаларға мұрындық болып отырған қаражаттарды сол халық тауып бермейді ме? Еңбекақыларының белгілі бір үлестері мемлекет қаржысының қорына өтіп жатыр, бір адамның ақшасын санағанда аз болғанымен 17 миллион адамның бір жылдық қаражатының кішкене үлесінің өзі санын айтуға қиындық туғызарлық цифрларды көрсетеді. Солай бола тұра, елінің арқасында ішкені алдында, ішпегені артында болып, қамсыз өмір сүріп жүрген көкелеріміз, қадірді түсінеді ма? Туған анасының қалтасына қолын сұғып, жиған-тергенін алмауы мүмкін, әрин оған жүректері де дауаламайды, ал неге олар өз отандарының анасы – халықтың барын арандары ашыла тонайды?! Анасының еңбек терін жүрегі дауалап, еш сұраусыз, себепсіз, мақсатсыз пайдаланады ма? Әрине, жоқ. Себебі, АР, ҰЯТ, НАМЫС, БОРЫШ деген түсініктер бар және бұл түсініктердің пайдалану кеңістігінің тарылғаны соншалық кішігірім отбасынан, жақындарынан алыстап кете алмайды. Бұл құндылықтар барлық жерді қамту керек, барлық жерде болу керек, адамның хайуаннан ерекшелігі де сол 4 ұғымға тірелмейді ме?  Тап осы ұғымдар кіші отбасы мен үлкен отбасы – Отан үшін де ортақ ұғымдар емес пе? Осы себепті де маңдайы жарқырап, креслосын тербетіп отырған аға-көкелеріміз еш шіміркенбестен «Анасының қалтасын тесіп, тапқан-таянғанын шашып жүр. Шашып қана қойса жарайды ғой, өзге Отандарға алып қашып жүр». Өкінішті...

         «Ананы үш арқалап қағбаға апарсаң да ақ сүтін өтей алмайсың», осы  ананы халық деп қарастырсақ, халқының алдындағы борышты өтеу қаншалықты екенін саралай беріңіз. Ал біздің көкелер борыш өтемекті ойламайды да, тым құрығанда адал еңбек етіп, ақыларын адал тауып, «анасының» қалтасына қарамай күн кешсе нұр үстіне нұр болар еді...



Бөлісу: