Жас дәуреннің отты лебі

      "Жас Алаш" газетіндегі эсседен алған әсер                                                

                                                     

Уақыт шіркін зымыраған сағат қой! «Сағаттың шықылдағы емес ермек, һәмиша өмір өтпек — ол білдірмек» деп Абай жырлағандай  өмір алға озуда, ал санадағы естеліктер жүректе толуда. Мына әлемде қаншама адам болса сол пенделердің әр қайсысында жеке бір түсінік, жеке бір өткеннен қалған естеліктер бары бәрімізге айқын. Алайда қоғамға ой туғызып, сананы оятарлары санаулы-ақ. Бұлай деуіме себеп не, деп сұрайтын боларсыз бәлкім? Айтарым біреу-ақ –ол адуынды аға буынның жастарға сырын шерте отырып, Ахметше шаққан масадай естелік әңгімелердің бұл күнде азайып бара жатқандығында және бір қосарым соларды жазатын ағалардың да ақ жидеге тиген дақтай лайланып бара жатқандығы деп білем.

Мен бұл сөзді айтпаста едім алайда жазылған эссе «Жас деуреннің отты лебінің» санаға түрлі ой салғаны болды ғой. Ия, дәл осылай. Оқи отырып бұрынғының адамдары-ай, ғажаптар-ай деген сөзді еріксіз айттырды. Талаптыға жол көрсетіп, талапсызды оятуға бейім болған ұстаздар. Ұжымдық қарым-қатынас, шынайы достық бұлардың бәрі көп дүниені аңғартады. «Жас Алаштың» сол кездегісі мен бұл кездегісін салыстыратын да болсақ ірі тұлғалардың уақытында газеттің барлық жанрларды қамтып жазатын, тиражы көп басылым болуында. Ал бүгінде біздер неге сол фельетон, эссе жанрларын газет беттерінен жиі көрмейміз? Міне, бұл қарап отырсақ біраз талқылайтын мәселе-ақ. 

                                                                                                               

Оның үстіне әйел мен ер адам психологиясын да салыстыра кетсем. Эссеге қарап, ұжымда әйел адамдардың емес, ерлердің басым болғандығын аңғардым. Сондықтан болар татулықтың арқасы, деп ұйғардым. Неге десеңіз әйел заты сөзі көп, іші тарлау келеді емес пе? Әрине бұл менің жеке пікірім. Қате дейтіндер дер мүмкін, бірақ мен бұл ойдан арылмақ емеспін. Неге нақ бұрында журналистер қауымы шыншыл болды, неге нақ сонда шәкіртті жөнге салар ұстаздар көп болған деген біраз сауалдар туды менің мына санамда. Ойлап қарасам, қазіргінің адамдарының біршамасы өзінен биік болып асқандарды жақтырмайтын сыңайлы не болмаса жастарадан күдерлерін үзіп «қойшы қалқам соларды» дейтіндей. Мұны Кеңестік заманды аңсайтын ағалардың әңгімесінен де байқауға әбден болады. 

Біреуге ақыл айтар әрине біз емес, алайда өзіндік жастық назымызды білдіруге болатын да шығар... Шіркін, біздерге де жол сілтеп, тура жолды нұсқар азаматтар табылса болғаны еді...

                                                       

                                                                                                                                  Гүлжан Серік



Бөлісу: