Ел іші

Есігі ашық дарбаза. Ашық болуының бірден-бір себебі бұл үйдің жалғыз баласы Отан алдындағы борышын аман-есен өтеп, үйіне оралды. 4-5 бөлмелі ескі там үй иелері – Әбдібек пен Гүлмираның және туыстарының у-шуына толды. Балалар өз алдына мәслихат құрып, бір бөлмеге шыбындай үймелей жиналса, үлкендер жағы кең залда қарқылдасып отыр.

- Баламыз келіп, үй ішіміз нұрға толды ғой, шіркін! Осы күнге де аман-есен жеттік-ау! – деп, Әбдібек күлімсірей күрсінді.

- Ия... Әне-міне дегенше бір жыл да өтті. Өмірді көріп, нағыз азамат болды. Армия деген оңай емес қой. Не каждый вернется домой с отличной заслугой! Бірақ Сұңғат молодец... мінеки, келіп отыр. Сен жоқта әке-шешең біраз тірлікті бастап, біразын аяқтады. Оны өзің де естіп жатқан шығарсың. Енді уже взрослый болдың. Бала емессің. Үйленіп, серьезный пландар құруың керек. Өмірге серьезно қарауың керек. Проблемалар болып жатса, біз саған советчик боламыз. Шешіп береміз, - деп, Гүлмираның сіңлісі Ұлдан тостын аяқтап, арақ құйылған стақанын жоғары көтеріп, «алып қояйық» дегендей әрекет жасап, қылқ еткізді.

Мұнда отырған Ұлданның күйеуі Асхат та, ұзақ жылдар бойы денесін май басқан Гүлмира да, қайын інісі Шыңғыс пен келіні Сәуле де, маужырап отырған құдасы Сақтап та – бәрі-бәрі де кезектесе тост айтып, екі-үш бөтелке арақты да тауысып бітті. Алайда мас болатын бұлар жоқ, бос күлкімен, айқай-шумен күші тарқап кеткендей.

Шошқаның етінен жасалған шұжық ет, орамжапырақ пен қияр араласқан жеңіл салат, қызыл шарапқа толы сорайған бөтелке, бауырсақтар, ірімшік пен кәмпит-пішінәйлар, жаңғақтар мен мейіздер, не керек, қазы-қартасы бар бесбармаққа дейін дастарханның сәнін келтіріп тұр.

Сәлден соң түкпір бөлмеде ұйықтап жатқан Зүлфия оянып кетті. 2 жасар Зүлфия Әбдібектің жалғыз қызы Жадырадан туған немересі болатын. Сақалы шықпай жатып ата атанған Әбдібек те, жаулығы жоқ болса да, әже атанған Гүлмира да шексіз бақытты еді. Зүлфияны дастархан басына әкеліп, қасына отырғызды. Іштерінде қызуы бар қонақтардың назары бөбекке ауды. Күнәдан пәк бүлдіршіннің мөлдіреген екі көзі дастарханның сән-салтанатында. Мұндағы тағамдардың қайсысының адал, қайсысының арам екенін білмек былай тұрсын, адал мен арам ұғымын таныр мезгілге жетпеген Зүлфия мәз болып, қолына ілінген нәрсені шашумен әуре.

- Шашпаса отыра алмайды бұл, - деп, әжесі бір күлсе, атасы:

- Келе ғой, келе ғой! Кел... кел! – деп, өзінше еркелетті.

- Кеше мам-пап үйде шығар деп ертерек келсем, үйде тек Перизат жүр. Вроде бы демалысы еді ғой деп қоям. И көргенде честь беріп, доклад жасаймын деп ойлағам, - деп, Сұңғат та ыржалақтады.

Әкесі де жалғастырып, одан қалды төрдегілер де әңгімені қыздыра жөнелді. Ұлының әскерден келгеніне мақтанған Әбдібек бизнеске араласып жатқанын да мақтанышпен көпірді.

- Сол магазинды законный қылып алсаңдар...

- Ой... бәрібір! Тексеріп жатса, аузын жабармыз. Арендаға алдық қой. Жұрттың бәрі заңсыз ашып алған ғой!

- Аааа... Ия, ол да дұрыс! Бірақ сол жерді кейін жабады ма?

- Ну... Аманбаев кеткенше ғой. Аманбаев кетсе, сразу біз де жинала қаламыз. Пока бұдан пайда көріп, кейін басқа жерден магазин ашып аламыз. Бұл анаған трамплин есебінде ғой, - деп, Әбдібек саусақтарымен алуан түрлі қимылдарды көрсетті.

- Еее... біз онда жазда барып подработывать етеміз ғой, иә!? – деп, Ұлдан жөн-жоқсыз күле берді.

- Ал, құда, өзіңіз сөйлеп жіберіңіз.

- ...Мына Сұңғаттың армиядан келуі құтты болсын! Біздің кезімізде екі жылдық еді. Заман өзгеріп, мінеки, қазір бір жылға түсті. Бойы өсіп, біраз өзгеріп қапты... – деп тост айтып жатқан Сақтаптың сөзін Гүлмира еріксіз бұзды:

- Аптасына екі-үш рет соткамен сөйлесіп тұратынбыз. Бар қызықтарын айтып беретін сол кезде. Кейде ар жағынан бастықтары кеп қалса, телефонды сразу қоя салатын.

- Мен де армиясына үш-төрт аптада суббота сайын барып тұратынмын. Армиясы мынау Талдықорған жақта ғой. Өзіміз пенсиядағы полковник, майор болғандықтан, таныстар арқылы жақсы жерге жібергенбіз. Жалпы, барған жері жаман емес, - деп, Әбдібек мақтаныш райынан қайтар емес.

Тосттар да айтылып, дауыстар да қарқылдап болған соң, ескі тамның шуылы бәсеңдей бастады. Жүздері қызарған, арақтың иісі аңқыған қонақтар қайтуға жинала бастады.

- Перизат, қонақтарымыз құр қол қайтпасын! Пакеттер алып келші! –деп, толық денелі Гүлмира жіңішке дауысымен бұйрық берді.

Ас бөлмеде жүрген Перизат пакеттерді ынтық-ынтық іздей бастады. Ол Сұңғаттың ғашығы болатын. Сұңғат әскерге кетпей тұрып, онымен жүре бастаған Перизат махаббатын жыл болса да күтті. Алматыда оқып жүрген Тараздың тумасы Перизат некесі қиылмаса да бір жылдық өмірінің жартысын дерлік осы шаңырақта өткізді. «Қызымыз оқып жүр-ау» деген ауылдағы ата-анасы бұл жайдан бейхабар еді.

- Мінеки, тәте! – деп, Перизат енесіне пакеттерін ұсынды.

Қонақтардың қайтуын асыға күткен Гүлмира дереу пакеттерге салатындарын салып жатты. Қонақтар баяу қозғалыспен сыртқа біртіндеп шыға бастады. Артынша Гүлмира мен болашақ келіні Перизат та пакеттерімен асығыс-үсігіс шықты.

- Сіздерге көп рахмет! Қуанышымызға ортақ болдыңыздар. Енді ұлымыздың тойында кездесейік! – деп, қонақтарға пакеттерді ұстатқан ене мен келін мәз-мейрам.

Қонақтар да рахметтерін айтып, балаларын жетектеп, дарбазадан біртіндеп шыға бастады. Бұл тұста да олардың ауыздары жабылмады. Бүйтеміз-сөйтеміз деген әңгімелері таусылар емес.

- Алло, Талғат! Қыздарыңа қашан барамыз? Мұнда менің ішім пысып кетті, - деп, Сұңғат ұялы телефонын құлағымен құшақтап, алыстау жерде әрі-бері жүрді.

- Перизат, шәйді қайтадан қоя салшы! Дұрыстап, өзімізше отырып ішейік.

- Әй, Гүлмира! Құдамыз ақша ұстатпады ғой. Құдағи беріп жіберген материалдан не пайда табамыз?

- Той болып жатса, материалын өздеріне ұстата салармыз. Дымы жоқ үйге ол да жарар. Анау Асхат та институтта мұғалім бола тұра қалтасынан ақша шығармады ғой!

- Иә... адамдар жмот болып барады. Қой... мен барып демалып алайын, - деп, Әбдібек бөлмесіне кетті.

- Мам, мен Талғатқа кеттім. Кешке келемін, - деп, Сұңғат Гүлмирадан ақша сұрай бастады.

- Жете ме, балам? Түнге дейін жүре бермей ертерек кел!

- Сұңғат, қайда кеттің? – деп, Перизат қабағын түйе бастады.

- Аааа... жаным, мен дос балдарыма барып қайтайын. Кешке келемін, - деп, Сұңғат Перизаттың ернінен шөлп еткізіп, жөнімен кете берді.

- Перизат, кел, шай ішеміз. Анау... холодильниктегі сүтті әкеле салшы! – деген болашақ ененің бұйрығын орындауға Перизат та құлшына кірісті.

Заңсыз болса да ене мен келін болып екеуі шай ішіп отыр. Бірде қазақша, бірде орысша болса да әңгімелері жүріп жатыр. Қампиған қарын Әбдібек Зүлфияның қасында ұйықтап жатыр.

Бір кезде аяғы ауыр Жадыра есіктен кіріп келді. Әбден шашылған бөлмелерді көріп көзі шықты.

- Қалайсыңдар, мам! – деп, анасы мен Перизаттың беттерінен сүйіп амандасты.

- Зүлфия қайда? Бәрі қайтып кеткен бе?

- Ия, қызым, қонақтар қайтты. Әкең Зүлфияның қасында ұйықтап жатыр. Кел, шай іш. Жұмыс жақ қалай?

- Нормально! Заттар өтіп жатыр, клиентов много, - деп, Жадыра күннің ыстығынан терлеген бетін орамалымен аһілеп-уһілеп сүртті.

Әке-шешесінің заңсыз ашқан дүкенінде Жадыра жүкті болса да сатушы болып жүр. Қаланың бұларға көрсеткен өмір сүру жолы ма, әлде тағдырдың маңдайға жазғаны ма, әйтеуір, бақытқа жетеміз деп өздерін құрбан етуден жалыққан емес.

Бұл үйдің көршісі де, көршісінің туыстары да, туыстарының таныстары да, жалпы, ел іші өмірі осындай бағытта өтіп жатыр...

 



Бөлісу: