Менің сөзім...

            Қашан да сөз басы – бісміллә болған-ды. Енді осы бір сөзімді екінші бір сөзбен байламақ қылмақпын. О не сөз десеңіз, оқушы жұртым хақында болмақ. Мәктәбта мұғалімдік тәжірибе қылмақпын. Екі 9 класқа қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс бермекпін. Осыдан «Екі тоғызым – бір қуаныш» деген сөз шықпақ болмақ.

            9 Ә класын баян етсем, тізімде он сегіз оқушының есім-жөні көрсетілген.

            Жанбота. Ақындығы бар қарапайым бала болса да, үнемі басқа ойдың жетегінде жүретіні белгілі. Нұрбек. Қулығымен жұртты қуырғанды кәсіп қылған. Толғанай. Қарапайымдылығы аңғалдығымен ұштасып жатқан бала. Әділет. Сен тимесең, мен тиме. Айғаным. Эльмира. Зулия. Назым. Динара. Аяулым. Айжан. Ұлдана. Салима. Бұл балалар да қарапайым. Айтқаныңды тыңдайды, тыңдағаныңды айтқызады. Дарын. Елмұрат. Бұл бала тапсырманы орындауға шама-шарқы жетсе де, жалқаулығы басым. Арсен. Бар-жоғы білінбек емес. Класс ішіндегі тәртібі басқа балалармен салыстырмақ болсақ, сөз жоқ, қимыл-қозғалыссыз тыныш бала. Бауыржан. Түсінуге тырыспайды, тырысса түсінбейді. Наиль. Қазақша аз-маз түсіне білсе де, орысша ожырая береді.

            9 А класын баян қылсам, мәселен.

            Арайлым. Елден ерекше боп артық сөйлей біледі. Дарын. Ақерке. Әлішер. Бұл бала өз ойын ханық жеткізе алмасы бар. Көпсөзділік бұл баланың ойын бұзған болса керек-ті. Мәди. Орынсыз күлкісымақ жасаушы. Раушан. Әрлен. Салмақтылығына қарап жалқаулығына налисың. Сандуғаш. Мөлдір. Алтынай. Ашық көңіл балалар. Әлима. Үнсіздігі үнін өшірген бала. Қуаныш. Тапсырмаң қызықты болса, сені де қызықтылыққа қызықтырмақ. Темірлан. Әлде де жалқаулығымен күресуі керек деп ұйғарса игі. Қуандық. Ақындығы анық байқалмайды. Поэзиямен ауырмаса керек. Димаш. Бұ да үнсіз бала. Жандос. Тапсырмаңды орындауға ниеті жоғалған.

            Бұ балаларды жазған сәбәбім: бұ балалар оқуға нәшар. Көбінде көп қыз балалар тапсырмаңды орындап, «ағайлап» айқайлап, тақтаға шыға бермек ниеті зор. Ер балалар жағы жалқаулықтың жалауын көтерсе керек-ті. Қыз баласы ерте жетілсе керек, бәлки ер балаға қарағанда білетіні көп болған сайын бағынуы қағынуға шақ. Ер балалардың білімсіздігі салдарынан осы қыз балалар келешек заманда билікке барып отырмақ, ер адамға айналмағы тағы да бір мәселе. Егәр дә осы кластардың ұл балалары қыз балаларынан озат оқыса, озат білсе, қыздар жағы қалыпқа келмек. Бірақ бұ балалар келешек заманын ойлар емес.

            Менің жиырма төрт сағат бойы ойлайтыным – осы балаларым. Не айтам, не үйретем, не жеткізем, осындай сұрақтар мені күні-түні мазалайды. Олардың алдағы өмірі мәз болмайтынын бұ балалар сезінбесе керек.

            Әрине, олардың білімсіз болып қалыптасуына мен кінәлімін. Олардың білімі менің дұрыс үйретпегіме байланысты. Олардан талап қылмағым тек тапсырманы орындау еді, бірақ олар жалқау. Баға үшін жүргендері күнделігімен жүгіргендерінен ханық. Со балаларға 5 кластағы күнделікті әкелің деп сауал қылсам, не демек екен!? Әрине, көбісінде болмас. Болған жағдайда бір жерде шаң басып, тозаң қаптап жатқан да шығар. Алла біледі.

            Бұ балалар таратып жүрген мәліметтерді оқып-тоқып жүрсе игі. Еш үңілмей, құр жинай берсе, бір күндері отқа жағуы да бек мүмкін керек емес қылып. Бұ балалар әрбір тақырыпты тоқып жүрсе, үйреткенімді сезіп жүрсе, келешек заманы қор болмақ емес, зор болмақ. Бірақ бұ балаларды құртатыны жалқаулықтары. Ал жалқаулық – надандық інісі. Надандық – азғындыққа апарар жол.

            Бұ балаларым қай жер топырағын басса да, әйтеуір аман болғай! Дегенмен, білімдері мені аса қатты алаңдатады. Оларға тағылған айдар – маған бағытталталған сын, яки менің бұрыс үйретпегім салдарынан болмақ.

            Сондықтан балаларым тапсырманы орындаса игі болмақ, білімге келсе зор болмақ, білімнен қашса қор болмақ. Балаларым-ай...



Бөлісу: