Түнгі елес немесе «Ақ адамдар» туралы...

Түнгі елес немесе «Ақ адамдар» туралы...
жеке
блог

 

     Ымырт жабыла бастаған. Қанталаған қызыл күнде ұясына қонақтауда...

     Жетпістегі әже ұйықтап жатқан немересін оята алмай әлек. Кеше ғана ауылға кетіп еді, бірақ немересін сағынып, шыдай алмай бүгін келіп алды. «Күнмен жарысып адам деген ұйықтай ма екен?» - деп ойлап қояды. Бірақ, немересінің тәтті ұйқысын қимады. Баласы да, келіні де жұмыстан келмепті. Сырттан машина гүрілі, соңынан айқайлаған дауыстар естілді. Есікті ашып, далаға шықты. Көршісі екен.

-         Армаңыз әже! Денсаулығыңыз қалай?

-         Жақсы, жақсы шырағым.

-         Мен мынау  көршіңізбін ғой, таныдыңыз ба?

-         Таныдым шырағым,

-         Әже сізге бір өтінішпен келіп тұрған ем,

-         Айта бер балам

-         Жаңа ғана алыс жолдан келгенмін, бір камаз тиеген ұным бар еді. Бүгін мына ауа-райы құбылып тұр. Жаңбыр жауатын сияқты, қабағы қатулы. Сол мына жүгімді сіздердің бастырмаларыңызға қоя тұрсам бола ма?

-         Үйде балам жоқ еді...

-          Көрші ақысы деген бар емес пе әже?...

    Кемпір ойланып кетті. Соңғы сөзі буынсыз жерге пышақ сұққандай тиді-ау. Бірден-ақ келісімін беруге болар еді...Бірақ күздің басында жарты метр жер үшін баласын сотқа беріп, қорасын бұздырғаны бар-ды...Сол есіне түсіп кетіп, кібіртектеп қалды. Жарайды, балама бірдеңе дермін. «Ауыл иті ала болса да, бөрі келгенде бірігеді» деген бар емес пе...

-         Жарайды, қоя ғой балам

-         Рахмет әже, сіз болмасаңыз...(Ар жағын ести алмады).

   Баласы жұмыстан кештетіп келді. Ас үстінде ұлым не дер екен деп күдіктеніп отыр. Кенет немересі:

-         Әже тістеріңіз қайда?- деді.

Кемпірдің жүрегі су ете қалды. Аузында тістерінің жоғын енді сезген-ді...

-         Тістерім... О қараң қалғыр...шынымен алжыйын деппін ғой, мана жолда автобус келмей кеткен соң, тістерімді алып тазалап, етегіме салып отыр едім. Автобус келгесін тұрып жүре беріппін ғой...

-         Жарайды мама ертеңге дейін өлмессіз, ертең қымбаттауын алып салдырып беремін.

     Кемпір тағы да ойланып кетті. «Бір аяғың жерде, бір аяғың көрде деген осы екен-ау...»

  Түн ортасы болса керек-ті. Кемпірдің тынысы тарылды. Немересі шырт ұйқыда жатыр екен. Таза ауа жұтқысы келді. Түрткінектеп жүріп есікті әрең тапты. Есік алдына шықты. Күн бұлтты көрінеді.Сәл тұрған соң, денесі тоңайын деді. Кенет найзағай жарқ етіп, бүкіл аспан күңіреніп сала берді. Дәл аяғының астынан бірдеңе қараң ете қалды. Екінші рет найзағай жарқ ете қалғанда, көзі «ақ адамдарды» шалды. Тілін кәлимаға келтіріп, қайта үйге кіруге оқталды. Есік табылар емес... Кемпірдің жүрегін қорқыныш билей бастады. Жан-жағында «ақ адамдар» қаптап кеткен сияқты... Бір сәтте көзі «қара адамдарды» да шалды. «Баяғыда қырманнан бидай ұрлағанда  бұлай қорықпаған едім...Еее мына «ақ адамдар»  менің жанымды алып кетуге келген періштелер екен ғой...Ал «қаралары» ше?». Мана баласының «ертеңге дейін өлмессіз» деген сөзі есіне түспесі бар ма?... Әлден соң кемпір есікті тауып, үйге енді. Қорқынышы әлі сейілмеген-ді... Сыртта менің жанымды алу үшін қарбаласып жатқан тіршілік...Бірақ «ақ адамдар» көптеу еді...Мүмкін олар «қара адамдарды» үйге кіргізбей мені қорғап жатқан болар...Жайлап келіп төсегіне жатты. Көз алдынан бүкіл өмірі тізбектеліп өтіп жатты...Таңды күтіп жатып, көзі де ілініп кетті...

   Таңертең кеш тұрған сияқты. Абыр-сабыр сыртта жүгірген адамдар, айқай-шудан оянып кетті. Тірі екен. Кенет есік ашылып:

-         Апа түнде сыртқа шықпадыңыз ба? – деді баласы.

-         Шықтым...- деді сөзінің соңын жұта.

-         Камаздағы бар ұнды ұрлап кетіпті...

-         ??? бәсе, түнде «ақ адамдар» тыным таппай жүр еді...Менің жанымды емес, ұнды ұрлап кеткен екен ғой...Кемпірдің қорқынышы енді басылып төсегіне жантая кетті.