Мен ҰБТ-ны қалай тапсырғанымды ұмытып қалдым...

Шыны керек, ҰБТ-ны қалай тапсырғанымды ұмытып қалыппын. Тек есімде қалғанын жазып көрейін.

Сол күні азанымен мектепке келіп жиналдық та, автобуспен Ақайдағы мектепке барып, әртүрлі аудиторияларға кіріп шашылдық. Қайдағы аудитория? ҚазҰПУ-дағы 404, 425 аудиториялардың өзі кішкентай. Нағыз аудиторияны кинолардан ғана көріппін-ау.

Сөйтіп, жиен қарындасым Айдана (ол басқа мектепте оқитын, қазір ҚазҰУ-дың аударма ісін бітіріп жатыр), кластағы Сабыржан (Асфендияровта оқып жатыр, әлі 3 жыл оқиды), Нұрхан (Қорқытты бітіріп жатыр), көрші кластағы Нағжан (ол да ҚызМУ-ды бітіріп жатыр-ау), Еркеназ (Айдананың пәдрүшкісі, ҚазҰУ-ды бітіріп жатыр, қазақ тілі мен әдебиетін) - бәріміз сол мектептегі бір класта басымыз қосылса да, емін-еркін әңгіме айтып, өткен-кеткенді қозғай алмадық. Мемлекеттік тест қой себебі. Қой демекші, кейбір аудандарда ата-аналар үйіндегі қойларын сатып, ақшасына балаларына 120 алып беріп жатса, кейбір аудандарда балалары өз білімімен 120 алып, үй іші қорадағы қойын сойып, қонақ күтіп жатқан-ды. Әттең, тестте болдым, бара алмадым қой етін жеуге.

Мен, тағдырымның мені мазақ қылғанына орай, Еркеназбен бір партада отыратын болдым, кәміссиганның орындарды белгілеуі бойынша. Қыздар жақсы біледі, Еркеназ да ішпөрлары мен теліпондарын сол "қыздар жақсы білетін жерлеріне" салып алыпты. Мектептегі зауыш Айгүл тәтеміз біз отырған жерге тіпәй-тіпәй кезекші сияқты боп отырды. Сәпөннің басы ауырыңқырап, дәрігерге кетіп, шығып-кіріп жүрді, тегі. Әйкөлә тәте өзінің теліпонын маған берді. Таңдау пәнім физика, химия, география, биология, ағылшын еместұғын. Лида апайым әлгі Әйкөлә тәтейдің (тәтейшенің) теліпонына ызбандап, әдебиеттен кейбір сұрақтарыма жауабын айтты. Әдебиеттен 15 жинаппын.

Сол кластың дәл кіре берісінде отырдық Еркеназ екеуміз. Енді бірдеңе істей қояйын десең, әлгі кәміссиган адамдары жетіп, желпілдеп келе береді, келе береді. Кезекші апайлар бір сағаттан соң ғана бір-бірімізге көмектесуге, ішпөр пайдалануымызға, басқа мектептің қыздарымен танысуға мүмкіндікті беріп қойған, тұқымы құрғыр! Басым істемей кетті, қайдан білейін құрғыр ұпайдың оқу орнында рөл ойнайтынын. Өзім тест тапсырушының рөлін сомдап жүргенімде...

Нұрханға қазақ тілінен айдай сұлу әсем болған, таңғы шолпандай жарқырап менмұндалаған кәдімгі 24 баллды жинап бердім, дорбасына. Арт жағымнан Нағжан да кейбір сұрақтарды сұрап қоймайды, құдды менен емтихан алып жатқандай. Еркеназ да әдебиет таңдапты, бірімізге-біріміз қол ұшын берісіп отыратын уақыт жоқ, "кейін-кейін" деп, сол жерде тест болып жатқандықтан, көмектестік.

Тарихтан Сәпөнге белгілетіп алуым керек еді, қап... Тарихтан өзім бояп, 18 жинадым. Сәпөн болса, екі теліпон қолында, сұрастырып-сұрастырып, әйтеуір, көп жинап кетіпті, әртіс болғыр! Ол 9-кластан кейін КРМУ-ға кеткен, дипломы жәй әншейін "Алматинское" болғасын, 10-класта қайтып келді мектепке. Сөйтіп, тест тапсырып, грантқа түсіп кетті ғой Әспіндиярыпқа. Мәләдәс!

Математикадан, әдеттегідей, ішкі түйсігіммен белгіледім, қай нұсқасы жақындау деп. Балгерлер секілді алақанмен емес, нұсқаларына көзбен қарап отырам-дағы, жүрегім сезуге тырысқанын белгілегем. 8 ұпай жинадым. Ыпыробныларда 10 жинайтынмын осындай сезімталдығыммен.

Орыс тілі 23 болды...

Бәрі емін-еркін жасайтынын жасап жатқандықтан, ешқандай қорқыныш бола қоймады. Айтпақшы, математиканы бітуіне 10 минөт қалғанда бояғам.

Сөйтіп, Жүргеновке тапсырып түсе алмай қалдым да, ҚазҰПУ-ға іпләтниына тапсырып (құжаттарымды азанда 9-да барып, кешкі 6-да ғана кіріп тапсырғам.), бүгін бітіріп жатырмын. 4 жыл өтті, дегенмен адам болып қалдым. Басқалар секілді бұзыла қоймадым...



Бөлісу: