«Жігіт сұлтаны» телевизиялық байқауының қатысушылары жанұялық үлгідегі балалар үйіне кездесуге барды

«Жігіт сұлтаны» телевизиялық байқауының қатысушылары жанұялық үлгідегі балалар үйіне кездесуге барды
жеке
блог

Бүгін, «Хабар» арнасындағы «Жігіт сұлтаны» телебайқауының қатысушылары Астана қаласындағы «Жанұялық үлгідегі балалар үйіне» кездесуге барды. Кездесу барысында жігіттер балалар үйін аралап, тәрбиеленушілердің тыныс-тіршілігімен танысты. Жігіттер байқаудан алған әсерлерімен, тәжірибелерімен бөлісті, пікір алмасты.

Алма САЙЛАУҚЫЗЫ, «Жігіт сұлтаны» байқауының атқарушы продюсері:

Біз барған балалар үйінде жасы 8-ден асқан, өмірді түсіне бастаған, еліктеуіш қасиеттері басым болып келетін буынның өкілдері тәрбиеленіп жатыр. «Жігіт сұлтаны» байқауының қатысушылары аға буын ретінде қоғамдағы ер азаматтың орны, қазіргі жастардың бойындағы жағымды, жағымсыз қасиеттері туралы ойларын ортаға тастады. Сондай-ақ, өз бастарынан өткен мысалдар арқылы жасөспірім ұрпаққа үлгі болатын қырларын көбірек көрсетуге тырысты. Яғни, біздің мақсат – ән айтып, би билеп, концерт қойып қайту емес, жігіттердің іні-қарындастарымен емін-еркін, ашық-жарқын сұхбаттасып, ағалық ақылын айту үшін жағдай жасау еді. Ол ойымыз толықтай жүзеге асты.

Естеріңізге сала кетейік, қазір жобада 17 жігіттің, 10-ы қалды. Он жігіттің қайсысы бас жүлдеге тігілген темір тұлпарды ерттеп мініп, «Жігіт сұлтаны» титулына ие болады екен? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін, сенбі сайын, кешкі сағат 22.20-да «Хабар» арнасына қосылуды ұмытпаңыздар!

Алдағы сенбі, 8 маусым күні «Жігіт сұлтаны» жобасының кезекті саны "Ат -ердің қанаты" сайысына арналады.

Сайысқа қазылық ететін төрешілер:

1. Қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбегі сіңген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ат баптаушы қазақтың бірі - Бекболат Тілеухан.

2. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, театр және кино актері, Астана циркінің директоры - Ерік Жолжақсынов.

3. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Астана-Самұрық» көкпар командасының капитаны, «Тұлпар» ипподромының қызметкері - Қазбек Амангелдинов.

 

Теңге іліп, аударыспаққа қатысып, төреші сұрағына жауап беріп, аттың құлағында ойнайтын 10 жігіттің тізімі:

1. Айтуған Охан
2. Кенжебай Асылбеков
3. Әділбек Мақұмов
4. Ердос Жандарұлы
5. Дархан Манақов
6. Олжас Ибраев
7. Алтай Бимен
8. Сұлтанбек Серікбай
9.Тұрар Әлменов
10. Әсет Есжан

Бірегей сайыстың қайталауы: 9 маусым, 17.40-та.

Жанкүйер болыңыздар! «Жігіт сұлтанын» бірге таңдайық!