Мәшһүр Жүсіптің көріпкелдігі

Мәшһүр Жүсіптің көріпкелдігі
жеке
блог

Қазақ әдебиеті тарихында Мəшһүр Жүсiп Көпейұлының алар орны айрықша.

Бала кезінен мұсылманша хат таныған Жүсіп Көпейұлы шығыс жауһарларымен сусындап өскен. Орыс тiлiн жетік меңгеріп, Батыс өркениетімен де танысқан ол тарих, этнология, фольклористика, əдебиет, тiл тарихы, этнография, философия, медицина, космология сияқты  ғылым салаларына арналған көптеген еңбектерді жазып қалдырды.

Мәшһүр Жүсіп 1858 жылы Баянауылдағы Қызылтаудың Найзатас деген жерде дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Адам. 7 жасар кезінен-ақ халық әдебиеті үлгілерін жинаумен айналыса бастаған.Он бас жасынан бастап ақындық жолға бой ұра бастайды.  Мұса Шорманұлы ауылына қонақ болып келгенде кішкене баланың өнеріне тәнті болыпты.  Ақын баланың әкесіне  «Сопы, мына балаңа мұнан былай бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын! Бұл өз заманында халыққа Мәшһүр болатын бала екен! - деп айтқан екен. Содан кейін «Жүсіп» - деген атына  «Мәшһүр» аты қосақтала бастайды.

Біраз уақыт ауылда бала оқытып, қаржы жинайды.  Білімге ұмтылып, 1886 жылы Бұхараға келіп, діни жоғары оқу орнында оқиды. Ары қарай оқуын Ташкентте жалғастырып, Орта Азияны аралайды. Осы сапарында түрколог - академик В.В. Радловпен танысып, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жинап бастыру ісімен айналасады. Осылайша қазақ фольклорының жүйелі жинақтаушысы болды.

1907 жылы басылып шыққан оның кітаптары  1912 жылы патша әкімшілігінің сынына ұшырайды. Патша билігіне қарсы мақсатта жазылған деп айып тағылып, 12 000 сом айыппұл салынып, баспаханадағы 14 кісіні жауапқа тартылады.

Мәшһүр Жүсіп ғұмырының соңғы кезеңі туралы ел аузында түрлі әңгімелер көп. Ақын 1931 жылы өзінің туған ауылында дүниеден қайтады. Көзі көрген адамдардың айтуынша ақынның көріпкелдік, әулиелік қасиеті болған. Ол өлерінен бір жыл өзіне күні бұрын бейіт тұрғызып, өзінің көзі тірісінде жаназасын шығарып өзіне ас бергізеді.

«Жетпіс үшке шыққанша балталасаң да өлмеймін, жетпіс үшке шыққан соң сұрасаң да тұрмаймын, мен өлген соң ас бермек түгілі бақа-шаян теріп кетесіңдер», – деген сөзі тура келеді. 1931 жылы қызыл қырғын ашаршылықтың басталғанын ескеретін болсақ, таңданбасқа шара жоқ. Осы әңгіме ел арасында аңыз боп тарап, ауыл адамдары өлгеннен кейінгі жерде Мәшһүр Жүсіпті әулие тұтып, басына келіп тәуап етіп, түнейтін болған.

Оның зиратын қырық жылдан соң қайта ашып көргенде сүйегі сол қалпы сақталған-мыс. Бұл жайлы 2000 жылы Қызылжардан шыққан «Мәшһүр Жүсіп өмірі» (аңыз бен ақиқат) атты кітапта мынадай мәліметтер берілген.

«1929 жылы Ескелдідегі қыстауын бастап, 1930 жылы аяқтап, бір қыстайды. Осы жылдың жазында зират үйін де салдыруды қолға алады. «Әуелі «Жатар орнын» дайындатады. Үлкен келіні Ақ Зейнептің Дұсжан деген інісіне қаздырып, өзі үнемі басында отырады екен. Енін, көлденеңін, биіктігін екі жарым кез етіп алдырады да, ол біткен соң көңілі әлдебірденеңеге дауаламағандай балдызына тағы да біраз тереңдету керектігін айтады.

Күндегі әдетінше ертеңгілік тағы да басына келіп отырады да, дұға етеді. Бұл кез Дұсжан бірыңғай қиыршық тас жер үйіндісінің астынан тұтасқан бір ақ күлгін түсті тастың белгі бере бастағанын байқайды. Сөйтеді де: – Моллеке, мына жердің тасының түсі өзгере бастады, әрі тұтас жатқанға ұқсайды, енді не істейін, бөлектеп уақтайын ба, – деп жоғары қарайды.

– Жоқ, Дұсжан. Менің де күткенім сол болса керек. сындырмай тұтас ал да жоғарыға шығар, – деп тағы да дұға оқиды. Биіктігі бір жарым, ені бір кезге таяу, қалыңдығы 20-30 сантиметр бұл тасты аты-жөнін жазып, басына белгі етіп қойғызған екен тірісінде. Ол тастың қалдығы әлі сақтаулы. Ал Мәшекең зират-үйін екі бөлмелі етіп салдырған да, төргі бөлмесіне өзін ашық қоюды өтінеді. Ауызғы бөлмеге ыдыс-аяқ, кітап-құрандарын, ер-сайман, кілем, үккіш т.б. пайдаланған заттарын түгел қойғызады. Насыбай шақшасына әрдайым дайын насыбайды толтырып кетіп отыруды өсиет етеді.

– Қысы бар, жазы бар, әрі-бері өткен жолаушылар келіп түнеп қалса, барлық мүлкімді пайдалансын. Бірақ жуып-тазалап қайыра орын-орындарына қойып кететін болсын.

Қорықпасын, мен көрден тұрып ешкімге да бас салмаймын, – деп тапсырады. Бұл жерде Мәшһүрдің: – Мен өлгеннен кейін де қырық жылға дейін денем бұзылмайды. Тірі адам көзі көреді, серт етем. Тек жаздың ыстық айлары ақіретімді айырбастап отырыңдар, қыс керегі жоқ. Сонда көздерің жететін болады, – деп, үлкен баласы Шәрәпиденге шырақшылықты өсиет етеді»

Ақын мұрасы кеңестік идеологияның құрығына ілініп, ұзақ жылдар бойы зерттеп-зерделенуге, жарыққа шығуға шектеу қойылып, әдеби мұрасы шет қалды.

Тәуелсіздік таңы атып, ақын мұраларын кеңінен насихаттала түсуге мүмкіндік алды. Ақын атында  Мәшһүртану мен Мәшһүр Жүсіп оқулары ұйымдастырылып, жылдағы дәстүрге айналды. 2001 жылы Қызылжар  қаласында Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіт ашылса, 2003 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің алдындағы алаңға қолдан бюст-ескерткіші орнатылған. Ал 2006 жылы ақын Мәшһүр Жүсіптің  зиратының басына зәулім кесене тұрғызылған.