"Арзан МәХӘББӘТ"

"Арзан МәХӘББӘТ"
жеке
блог

-Айым?

-Туй не?

-Ертең туылған күн кешіне барамыз ғой иә?

-Айттық қой барамыз деп. Барамыз! Неменеге қайталап сұрай бересің?

-Енді бұл біздің бір жерге қосақтасып бірінші баруымыз ғой, маған сондай қызық. Әрі сені өзімнің сүйіктім ретінде апарам, достарым маған бақыт құсыңды ақыры қолыңа қондырған екенсің дейтін болады.

-Иә! ИӘ!

Бетін тыржитқан Айым  көзінің бояуын реттеп, айнаға қарап отыра берді.

Есіктің алдында тағатсыздана күтіп тұрған Жомартты Айымның мына сұлу бейнесі тіптен естен тандырып жіберді. Шашы қап-қалың, әрі тым қою қара. Бетінің бір жерінде дағы жоқ, әппақ қана алма жүз. Қасының қиюын айтсаңшы, кер маралдай керіліп тұр. Шын таңырқай қараған адамның таңданысы секілді жоғарыға иіле  кеткен. Көзінің боюуы, енді біраз асырып жіберген бе? Өзі де сұлу еді ғой. Мұнша бояу не керек деп ойлады ішінен. Тек мұны  Айымның өзіне айтып көр. Бетіңді тырнап алсын, өзіне қатысты нашар пікір айтқызбайтын бірбеткей қыздың назын бар ынты-шынтысымен тыңдауға бар  Жомарт ең бастысы осы бір сұлу қыз мұның қасында жүргеніне мәз-мейрам. Басқасында шаруасы жоқ.

-Тым сұлусың!,-деп басын шайқап таңданысын білдірген жігіттің мына сөзі қызға бір түйір әсер еткен де жоқ.

-Мхм!

Тағы да «МХМ» деп, бетін қимылдатқан болды да жігіттің қасына ерді.

-Ол досың мені тани ма?

-М не, жоқ, жоқ иа.

-Иа ма жоқ па?

-Сырттай

-Енді солай айтсайшы. Не тіліңді жұтып қойдың ба?

-Жоқ, айтып жатқаным ғой. Саған ғашық екенімді біледі, содан ғой таниды деп жатқаным. Былай жақсы танымайды ғой, сенің қандай хас сұлу әрі жақсы қыз екеніңді білсе естерінен танар жолдастарым,-деп мақтаңқырап жағынуды көздеген жігіттің бұл әрекетінен түк шықпады.

-Қылжақтамаш!

Туылған күнін тойлап жатқан жігіт Нұрлан, Жомарттың сыныптасы. Қазіргі таңда топтасы. Екеуі бір группада оқиды. Жан жолдастар.

-О, менің досым келеді қараңдаршы. Қазындағы қуыршақтай сұлуды қараңдар, пай шіркін! Қандай керемет.

-О, маладес! Мына жігіт үндемей жүріп бәле өзі.

-Несін айтасыңдар, әйтеуір бақытты болсын!

Туған күн кеші деп аталғаны болмаса барлығы көңілсіз сияқты. Әсіресе қыздардың аузынан бір сөз шықпады, есесіне жігіттер сайрап жатыр.

-Осылай отырмағалы көп болды, туған күн дегенді тойламайтын болып кеттік қой. Нұрлан сені құттықтаймыз, жасыңа жас қоса бер. Саған да мына Жомарт досыңның жолын берсін, Айым секілді ай десе аузы бар қыз тап! Ха ха ха

-Не деген тост, рахмет досым! Айым секілді қызым болса бірден үйлене салар едім, Жомарттың не істеп жүргенін қайдам, жә асықпайды!

Айым көзін бір алартып қарады. Осыны байқап қалған Жомарт:

-Болды енді, бізден басқа әзілдесер адам жоқ па? Жүргеніміз кеше, оның үстіне оқуымыз бар емес пе? Кішкене күте тұрайық. Солай ма жаным?

Жігіттің бетіне бажырая қараған қыздың көзқарасын осында отырған барлығы дерлік байқады. Қыздар мысқылдап күліп отыр. Арасында пысықтау Сандуғаш дегені:

-Мақтаған қыз.... деген мақал бар емес пе? Несіне бөсіп отыр мыналар, мына қыз сымаққа жігіті ұнамайтын түрі бар. Олай қабақ шытатын болса несіне жүріп жүр мына жігітпен?

-Соны айтам, келгелі бері қабағы ашылмады, өзін тым жоғары бағалайды-ау. Мұндай қыздар көпке бармайды,-деп қояды Гүлсім

 

-Жаным неге көңілсіз отырсың?

-Қалай сонда?

-Білмеймін ғой, жігіттердің әзілдері ұнамай отыр-ау?

-Иә! Дәл солай! Сенің достарың кілең ауылбай ма бірдеме? Неменеге тез арада үйленуді қозғап шығасыңдар осы?

-Енді бізде, жүрген соң соңы үйленуге ұлассын дейді ғой.

-Сірә, үйленгіш екенсіңдер! Олай болса күйеуге шыға алмай отырған қыздар көп. Соларды неге жарылқамайсыңдар?

-Енді, кім көрінгенді өмірлік жар етіп ала бермейсің ғой. Ол деген үлкен жауапкершілік..

-Так точно! Тура айтасың. Ол деген үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сол себепті маған үйлену деген әңгімеңді енді айтушы болма! Ұқтың ба?

-Көрерміз....

 

Көшеде қыз бен жігіт секілді қол ұстасып, махаббат болу деген жоқ. Бұлардың бұл жүрісіне қарап ағалы-қарындас екен деген ойға қаласың. Арасында қолын етене жақындатып қоятын Жомарттың қолын қағып тастап отыратын қыздың көңілі басқада. Оның жүрегі қаламайды, бұл жігітті тіптен ұнатпайды. Сол себепті де оның мақтағаны, шын сүйгені Айым үшін қызық емес. Оған ең бастысы төрт апта өтсе болды. Осы бір ойыннан құтылса болды. Дос-құрбысынан осы үшін бақандай 45 мың теңге алатын болып бәстескен. Оңай ақша емес, әрі төрт апта ішінде жай ғана бір жігітпен жүріп бергені үшін 45 мың теңге аласың. Түк те емес қой, бір ай деген өтеді де шығады. Бүгін міне бірінші аптаның аяғы. Тағы 3 апта шыдасам.

-Жаным не ойлап отырсың?

-Жай...

-Жоқ айтсаңшы.

-Дүкен аралағым келіп отыр. Соны ойлап, айдың аяғында қолыма ақша түседі, сол ақшаға өткенде ана дүкенде бір керемет қып-қызыл көйлек көргенмін. Соны әдемі аяқ киіммен үйлестіріп алып алсам ба деп отырмын.

-Жаным? Оған әлі 3 апта бар емес пе? Келіссең, сол киімді мен алып берейін?

-Қажет емес?

-Жоқ, жаным саған ұнайтын нәрсені мен неге алып бере алмайды екем?

-Жарайд, өзің біл...

Көйлектің кеудесі тым ашық екен, әрі етегі де қып-қысқа. Өзіне тым ұнамай тұрса да сүйіктісі үшін үндемеуге тырысқан Жомарт:

-Жаным жарасып тұр!

-Рахмет!,-деп сызыла қалған қыз тым қуанышты, бүгін ойындағы көйлегіне қол жеткізгеніне, әрі өзі үшін ақшасын аямайтын жігітті пайдаланып қалатынына риза.

Саябақта орындықтың біріне отыра кеткен қыз жігіттің бетінен сүйіп алды. Ұялғаннан қызараңдап кеткен жігітте ес жоқ. Мына әлем бір сәтке қозғалыссыз тоқтап қалғандай. Ештеме қимылсыз қалғандай. Көңілі хош.

-Көйлек үшін рахмет!

-Оқасы жоқ.......

Үйге келе салып бақыттан алып ұшқан жігітте ес қалмады. Қалтасындағы ақшасын түгелдей қызға жұмсап жібергенімен шаруасы да жоқ. Ең бастысы Айым маған шын көңілмен қарай бастады, бүгін бетімнен сүйсе. Келесі күні ернімнен.... есінен адасқан жігіт тым бақытты. Тіпті, досының ақшасын жұмсап жібергенімен де  ісі болар емес. Енді қайтпек? Ештеме етпейді, Сырымның ақшасын жұмыс істеп қайтарармын.

   ***

-Жаным, маған біраз ақша керек болып тұр?

-Жай ма жаным, қанша керек?

-20 мың

-Ау?

-Туй, қажет емес. Болды ұмыта сал!

-Жоқ, айтсаңшы жаным?

-Ештеме

-Жоқ, айтасың

-Бір сабағымды жаба алмай жатырмын, бір қатаң мұғалім ақша сұрап жатыр. Соған беріп жабуым керек болып тұр. Үйдегілерге айта алмаймын. Оны жаппасам мені жазғы оқуға қалдырады...

-Жарайд жаным, қашанға керек?

-Ертеңге?

-А а.... жарайды

Достарынан қарызға ақша сұрап көріп еді, барлығының қалтасы жұқа болып шықты. Сырым тіптен ашулы. Сырымның ауылдан келген ақшасын күтіп алған Жомарт оны досына апарып беруі керек болған. Ал бұл оны жаратып қойды. Сырымға да ақша ауадай қажет.

-Досым, бұл ісің жарамайды ғой? Азық-түлік, әрі жолыма келген ақша еді ғой. Маған енді ақша тағы бір айдан соң келеді, қалай күнелтемін?

-Ренжімеші досым, қайтарамын. Міндетті түрде.

-Тездетші!

Осы қалада бір туыс ағасы тұратын. Сол кісіден қарызға ақша сұрап көрмек.

-Аға, маған ақша қажет болып тұр.

-Қанша? Бар ашуымен айғайлаған ағасында ес жоқ.

-Неменеге менен ақша сұрайсың, аяқ-қолың бүтін. Жұмыс істе, мал тап. Мен саған қой дедім бе?

-Аға, бүгінге керек боп тұр.  Қатты қажет болмаса сұрамас едім ғой

Үйтіп-бүйтіп 20 мыңды тапқан жігіт қуанышты. Оны қалай қайтаратынында шаруасы жоқ. Тек сүйіктісін қуантса болды. Өзі енді арасы жақсы болып келе жатыр.

20 мыңды қалтасына санап тұрып салып алған Айым асығыс екенін айтып кетіп қалды.

Ал, енді ағаның қарызы мен досының ақшасын табу керек. Оңтайлы жұмыс та жоқ. Жолдастарынан сұрастырып жүріп жүк тасушы болып қызметке орналасты. Әйтеуір айлық алатын болды. Ең бастысы қарыздарынан құтылса болды, қалғанын Айым екеуміз қыдыруға жұмсаймыз.

                                        ***

Күндіз сабақта,одан соң  Айыммен қыдырса, түнде ешкімге білдірмей жүк тасушы қызметіне келетін жігіт кәсібінен ептеп ыңғайсызданатын. Сол себепті сүйіктісіне әзірге айтуға оқтала қойған жоқ. Түннен таңның шапағына дейін жүк тасып жүретін жігіттің сілесі қатып шаршап-ақ жүр. Шыдау керек, қарыздарды құтылу керек. Осылай өзін жігерлендіріп қоятын жас жігіттің арманы көп. Аракідік үзілісте ойға шомып кетеді.

«Шіркіін, жақсы қызметке тұрып кетсем. Айымға әдемі жүзік сыйлап үйленуге ұсыныс жасасам? Одан соң кереметтей етіп тойымызды атқарсақ, кішігірім үйіміз болса. Айым өзі секілді сүйкімді ұл-қыздарды дүниеге әкелсе. Мен жұмыстан шаршап келгенде мойныма асылатын балаларымның қызығына батсам?»

-Ей, тұр! Жүк келді!

Дамылсыз жұмыстан соң бел жазып демала қалсаң, таңғы ұйқың секілді мазасыз болып қалатын денеңнің дел-салдығы осындай үзіліс кезінде жаныңды қинайды. Одан да демалмау керек, әйтпесе бүкіл шаршағаның денеңді босаңсытып жібереді.

***

-Сен мына ақ гүлге ұқсайсың....

-...........................................

-Неге дейсің бе?

-................................................

-Айтайын, кіршіксіз, сыртқы түсі қандай ақ болса іші де ақ. Ниеті таза. Иісі хош. Адамдарға тек қуаныш сыйлайды. Сен де солай, маған көптен бері қуаныш сыйлап келесің?

-Қайтайық!

-Айым? Сен мені сүйесің бе?

-Жомарт, былжырамай болшы, әлі сөйлеп болмадың ба?

Мына сөздерді көңіліне алып қалғаны соншалық жүрегі елжіреп кетті. Оның балағат сөздері емес,  үкілі үмітпен қойған сұрағына тікелей жауап берген қыздың бұған деген көңілі жоқ екенін іштей сезеді де. Тек күресуге дәрмен жоқ. Қаламайды, оның өзінен кеткенін, ай жүзін алсытатып әкеткенін жаны қаламайды. Жүрегі жұбанбайды оған. Сол  себепті де ащы болса да шындықты көтеруге әзір. Тек түсіне алар емес, мұны ұнатпаса неге алдына келіп өзі бірінші көңілін білдіріп киноға шақырды? Неге мені өзіне үміттендірді? Мына жүрісін қара, тіптен бөтен сияқты? Қызық...

  ***

Қыздар жатақханасының алдында үлкен шу шықты. Бір топ адам жиналып қалыпты.Үлкендер келгенше бір-бірін жеп қоюға әзір Шолпан мен Айымда ес жоқ. Бірінің шашын бірі жұлмалап, тырнақтарын денелеріне қадап өліп барады:

-Оңбаған! Алаяқ! Бер ақшамды! Қайтар!

-Қайдағы ақша? Мен сенен ақша алып па едім?

-Ия! Бақандай 45 мың теңге!

-Ой халайық, мына бәлеқор не дейді, 45 мың теңгем бар болса пәтерге шықпаймын ба? Мына жатақханада сен секілділермен жарыспай!

-Оңбаған, алаяқ, уәде қайда?

-Қайдағы уәде?

-Тілімді қышытпай бер ақшамды, ең болмаса жартысын бер

Келіп қалған мұғалима ашудан булығып кетті:

-Не боп жатыр! Не ойран мынау!

-Апай

-Апай

-Апай Айым өзі бастады

-Жоқ, Шолпан бастады

Жан-жақтан шулап кеткен қыздардың дауысынан ештеме етілмейді.

-Тоқтатыңдар! Өздері айтсын, егер айтпаса деканға кіреді. Сосын ары қарай оқитын оқымайтын тағдырларың шешіледі. Айт бол, кім, не бүлдірді?

-Апай, Айым маған бәле жауып жатыр, 45 мың теңге беруің керек дейді?

-Неге? Айым?

-Апай, біз...

-Айт. Айт,-деді Шолпан: -Шамаң жетсе айт, не үшін саған 45 мың теңге беруім керек екенін айт. Ана сүйіктісымағыңды шақыртып алып айт.

-Апай, ештеме, маған қарыз емес. Мен кеттім. Кешіріңіздер!

Сытылып шығып кетіп бара жатқан Айымның соңынан Шолпан айғай салды:

-Ұятсыз! Ақша үшін арыңды сат! 45 мың теңге берем деп едім, ақыр соңы Жомарттың сүйіктісі болып шыға келдің. Бір ай оның да өзіңнің де көңіліңді көтерген боларсың? Біле білсең Жомарттың тырнағына да татымайсың, оның саған осынша ғашық екенін білгенімде өлсем де осы ойынды ойнамас едім. Сол үшін сенен ақшамды аяп отырмын. Қарабет, жүзіқара!

Мұғалима:

-Ұят-ай! Масқара! Біздің қыздар ибалы, тәртіпті ме десем? Бұ қылықтарың қай сасқандарың? Болды, таралыңдар, декан білмей тұрғанда қайтайық. Шу шығармаңдар!

                                                          ***

Бұ шуыл бүкіл оқу орнына жетті, ең соңында бұл жағдайдан хабардар болған Жомарттың тауы шағылды. Сонда да Айымды бір хабарласар, жөнін айтып  түсіндірер деген. О да біраз болды, сабаққа келмей жүр. Телефоны сөндірулі.

***

Тау етегінде тұрған адам білер, таң атқанда күннің жылы шуағымен қатар, таудың салқын ызғары қатар келіп бетіңді қытықтайды. Ондай сәтте мүлгіген тыныштық, жаның жай тауып орныңнан қозғалғың келмейді, шырылдауық шегіртке ән салады, жусан мен түймедағының аңқыған иісі мұрныңды жарады. Таза ауаның салмағы бойыңды аралап тәнің рахаттанады. Ұзаааақ жатып керілесің. Түс ауады. Күннің беті тас төбеге шыққанда тау етегіне көлеңкелеу жерге отырып толғанасың. Шабытың келіп шер толқытасың. Осы сәтте қайдағы-жайдағы есіңе түсіп жаның жабырқайды. Біреуді кінәлағаннан оңайы жоқ. Азаптың ащы запыраны сол-кінәлі өзің болсаң. Өткен істеріңді еске алып отырғанда өзіңнен жиіркенсең - ауыры сол. Себебі, қайтарға жол жоқ. Сен қателестің, мен ақгүл емес, көктемнің басында адамдардың  ойына жаз келетінін еске салып бір шығып жоқ болатын майда сары гүлдеймін. Сенің өміріңді 4 апталық қуаныш пен өмір бақилық азапқа салып  кеткен сары гүл... иіссіз, ұстасаң түсі жұғып қалатын жағымсыз өсімдік. Кешір, өзімді ақтай алмаймын. Кешке қарай ымыртта, күн көзі қимылдап аяңдай бастағанда тау бөктерін көбірек көлеңке басады. Сол сәтті – сенің маған қимай қараған аяулы жанарыңдай көрем. Көзіме іркілген жасты үнемдемей ағыза төгем, өксіп-өксіп алам. Ойнақтап жүріп-махаббаттың қызыл шоғына табанымды басып алғанымды қарамайсың ба? Мені кешір, сені сүйетін сияқтымын. Кеш ұқтым!

  Аспанға алыыыыыыыыыыыыыс көз тастап Айым тұрды, үстінде Жомарт алып берген қызыл көйлегі.

 

                                    сурет: http://www.colourbox.com/image/dollar-signs-around-red-heart-image-4284004