Болмасам да ұқсап бақтым...

ҮШ БАҚЫТ

 

Қатысушылар:      Халық

                            Тіл

                            Отан

                            Адам

                            Жер-Ана

 

         Бір күні Адам ауырып қалып, Жер-Ана көңілін сұрауға келген екен.

 

Жер-Ана: Армысың, аманбысың, Адам?

Адам: ...Жағдайым нашар, Жер-Ана.

Жер-Ана: Не боп қалды?

Адам: Осы жасқа дейін өмірді сүре беріппін. Бірде-бір досым жоқ, Жер-Ана.

Жер-Ана: Қалайша? Сенің достарың бар емес пе?

Адам: Қандай достарды айтасың, Жер-Ана?

Жер-Ана: Халық, Тіл, Отан деген достарың ше.

Адам: Әәә... Оларды кезінде қатты ренжіткем. Мені кешірмейтін шығар олар?

Жер-Ана: Неге олай ойлайсың? Қазір мен оларды шақырып келейін.

 

         Жер-Ана Адамның достарын шақырып келеді.

 

Жер-Ана: Армысың, аманбысың, Адам? Міне, достарың да келді.

Адам: Достарым, мені кешіріңдер. Мен ақымақ болыппын. Кешіріңдер...

Халық: Әй, Адам, біз саған ренжіген жоқпыз. Сен жас болдың, өмірді түсінбедің.

Тіл: Иә... Енді қартайған кезіңде бәрін де түсіндің. Біз саған ренжіген емеспіз.

Отан: Әй, Адам, сен де бізді кешір. Өмірде бізден асқан достарды ешқашан таппайсың.

 

         Достары Адамды құшақтайды.

 

Жер-Ана: Иә, Адам, менің Табиғат деген қызым бар, Су деген ұлым бар. Олар да сенің достарың. Сусыз тіршілік жоқ. Сондықтан өзен-көлдерді қоқыспен ластама. Табиғатсыз тыныс жоқ. Ендеше ағаштарды сындырма, гүлдерді үзбе, көк шөптерді жұлма. Табиғатты ластама, таза ұста. Оны аяла.

Адам: Рахмет, Жер-Ана! Түсіндім. Мен енді Табиғатты аялайтын боламын, оны таза ұстаймын. Ешқашан да ластамаймын.

Халық: Әй, Адам, мен Халық боламын. Сен – қазақсың, мен де қазақпын. Менсіз ешқашан бақытты болмайсың. Сондықтан мәңгілік менімен бірге бол! Қиналғанда жәрдем беретін тек мен. Әрдайым менімен бірге бол! Халқыңмен бірге бол!

Тіл: Әй, Адам, мен Тілмін. Мен де қазақпын. Менсіз ешқашан бақытты болмайсың. Менсіз ешқашан да сөйлей алмайсың. Өзге тілдермен дос болсаң, саған ренжимін. Ағылшын тілі, орыс тілі дегендермен дос болма, олар тек қонақтар. Бүгін келеді, ертең кетеді. Ал мен сенің досыңмын, әрдайым сенімен біргемін. Әрдайым менімен бірге бол!

Отан: Әй, Адам, мен – Отанмын. Мен де қазақпын. Менсіз ешқашан бақытты болмайсың. Басқа жаққа кетсең, бақытсыз боласың. Әрдайым менімен бірге бол! Мені жаулардан қорға!

Адам: Достарым, рахмет сендерге! Мен енді сендермен әрдайым бірге боламын. Сендерді ренжітпеймін. Уәде беремін.

Жер-Ана: Иә, Адам, Халықсыз, Тілсіз, Отансыз ешқашан бақытты болмайсың. Бұларды «үш бақыт» деп атайды. Сен бақытсыз болсаң, мен де бақытсыз боламын. Ағаштарымды өсіретін, Табиғатымды көркейтетін тек сен.

Адам: Иә, достарым, әрдайым бірге болайық! Мен – Адам кеш түсінсем де, өкінбеймін. «Ештен кеш жақсы» дейді. Достарым, мен сендерге арнап ән шығардым.

 

         Сөйтіп, Адам жүрегін құшақтап, «Алтын күн аспаны» деп әнін бастайды. Достары да бұған қосылады.



Бөлісу: