«Қазақстан» десе Бораттағыдай бізді әлі киіз үйлерде аттың үстінде өмір сүреді деп ойлайды екен...

«Қазақстан» десе Бораттағыдай бізді әлі киіз үйлерде аттың үстінде өмір сүреді деп ойлайды екен...
жеке
блог

           

 

        «Қазақ халқы әлемге әдебиет пен өнер арқылы танылуы тиіс, соңымыздан ерген жеткіншектер бар, алда не күтсек те солардан күтеміз»,- деп Ермек Серкебаев ағамыз үміт еткен «Шығыста бүр жарып, Батыста шешек атқан» қазақ жастарының ішінде еліміздің атын күллі әлемге танытып жүрген өрендеріміз жетерлік. Жуырда ғана Парижде өткен ХІ халықаралық Николай Рубинштейн есімімен аталған пианино ойнау сайысынан жүлделі бірінші орынды еншілеген Нұргүл Нүсіпжанованың жеңісін бірі білсе, бірі біле бермейді.моя фотка

               - Нұргүл, пианинода ойнау өнері кез келгеннің уысына түсе бермейтін, Алланың берген дарыны мен тегінен берілетін сый деп білсек, музыкаға деген махаббатыңа кімдер көбірек әсер етті деп ойлайсың?

                  - Бала кезімнен біздің үйдің төрінен өзіме соншалықты ыстық рояль орын алып тұрады. Мен әрдайым оған отырып әуен ойнағанды ұнататынмын. Жалпы, отбасымызда әкем де,  анам да  музыкаға әуес жандар болғандықтан, менің осы жолмен жүруім таң қаларлық нәрсе емес. Жанұямыздан әрдайым сыйлы қонақтардың, әкемнің жақын достары мен әріптестері - қазақтың шебер әнші, компазиторларының қарасы үзілмейтін. Әрине, өнерлі адамдарға қарап болашақта мықты пионист болсам екен деп армандаушы едім.

менің

                - Сол арманға жету жолында сізге аянбай тер төгіп, көп күш жасауға тура келгендігін білеміз. Әйтсе де, рояльда рухтары қалған Себостьян Бах, Шопен, әйгілі Моцарттың шексіз сүйген ісін кәсіби түрде меңгеруіңіз қашан басталды?

           - Мен алты жасымнан бастап Күлаш Байсейітова атындағы Республикалық музыка мектебінен сабақ алдым. Кішкентайымнан мектепте көп жаттығып, ұстаздарымызбен ұзақ уақыт бойы жұмыс жасайтынбыз. Фортепианодан өткізілетін сайыстарға үнемі қатысып, диплом сияқты марапаттаулар алатынмын. Мектеп қабырғасындағы өзімнің алғашқы жетекшім Әбілхаирова Тұрар Ақбергенқызына деген алғысым шексіз. Өміріме бағыт бағдар беріп, Құрманғазы атындағы консервоторияға түсуіме жол ашқан осы ұстазым болды. Қазірде консервоторияда үшінші курста оқимын. Мұндағы музыкадан жетекшілік ететін оқытушы Үзенбаева Гүлжан Еркінқызы.  

        - Өткен 16 мен 22 сәуір аралығындағы Париждегі пианино ойнаудан әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, Қазақстанның атына үлкен мақтаныш болған жеңісіңіз жөнінде айтып берсеңіз

        - Біз Францияның астанасы Парижге келгенімізде онда өте суық болды. Үсімізге қабаттап киініп алған күннің өзінде қатты жел соғып салқын болды. Ал, байқау бір аптадан соң басталды. Байқауда жеті мемлекеттің қатысушылары өнер көрсетті. Ресей, Өзбекстан, Франция сияқты елдердің пианистерінің ішінде ер балалардан жалғыз Сингапур мемлекетінен келген қатысушы болды, барлығымен жақсы тіл табыстық. Баршамыз алдағы болатын сайысқа өте қатты тырысып, дайындалдық. Олар «Қазақстан» десе Бораттағыдай бізді әлі киіз үйлерде аттың үстінде өмір сүреді деп ойлайды екен. Мен бұл үшін біраз шамданып қалдым, алайда біздің қазақтар қазірде мүлдем басқа дәрежеде екендігін, бізде де өнер мен әдебиет жақсы дамығандығын дәлелдедік. Менімен бірге қатысқан құрбым Садықова Жанар да әділ қазылар алқасының ерекше ықыласына бөленді.  

        - Әкеңіз Маңғыстауда берген сұхбатында : «Екінші қызым Нұргүл  Парижде өтетін байқауға қатысуға кетті. Алла жар болып, баламның еңсесі көтеріліп, жақсы жетістікпен елге оралса деген тілегім бар» деген болатын. Сіз осы байқаудан бірінші орын алатыныңызға сенімді болдыңыз ба?

       - Олай деп айта алмас едім, себебі консерваторияда осы уақытқа дейін керемет жолым бола қойды деп ойламаймын. Осыдан екі жыл бұрын Латвияда өткен жарыстан үшінші орын иеленгенмін. Ал, Парижге соншалықты сенімділікпен барған жоқпын. Ең қызығы, менің атым аталған кезде өзім де қатты қобалжып қалдым. Әрине көкірегімді қуаныш кернеп,  сол сәтте өзімді ең бақытты жандай сезіндім. Сарапшылар Қазақстанның атынан қатысқан екеуміздің де жақсы өнер көрсеткенімізді атап өтті. 

менің

            - Сіздің жеңісіңіз бүкіл халықтың жеңісі деп білеміз, енді өзіңізді қызықтыратын басқа қандай істермен шұғылданатыныңызды айта кетсеңіз:

         - Бос уақытта кітап оқығанды ұнатамын, ең сүйікті авторлардан Стефан Цвейгтің, Вербердің шығармаларын  оқимын. Одан бөлек, достарыммен арнайы музыка студиясында әуен жазамыз. Қазір Тургенев академиясында консмейстер болып қызмет істеймін. Вокалистерге сүйемелдеп әуен ойнап беремін.

            -Бүгінде болмашы концерт беріп өзін жұлдыз санайтындар  көбейді, сіз пианино ойнаумен қатар болашақта ән айтқыңыз келмей ме?

           - Осы сұрақты маған қоятындар көп, әнді мен тек жалғыз қалғанда ыңылдап айта аламын және достарыммен көңіл көтергенде айтуым мүмкін. Бірақ мен өзімді әнші ретінде елестете алмаймын. Оның үстіне сіз айтқандай қазір әншілер өте көп. Менің бар икемім де, ынтам да пианино. Дегенмен, әркім өз қалауына қарай өмір сүреді емес пе? Мен де мықты музыкант болсам екен деймін. Болашақта концерт қою үшін маған әлі көп тәжірибе жинап,  еңбектену керек. Алғашқыда кейбір қиындықтардан музыканы тастап, басқа салаға бет бұрсам деген ой болған. Уақыт өте келе бұл іс менің өмірімнің мәні екендігін ұқтым.

            -Бүкпесіз сырыңызға рахмет! Сіздей қазақ жастарына айтар тілегіңіз:

            - Қазіргі біздің міндетіміз тек қана оқу, керекті дүниені біліп қалу. Өмір сүріп отырған бұл заманда онсыз болмайды. Себебі, бұдан кейінгі кезеңдерде бізге қайта мұндай мүмкіндік берілмейді. Ең бастысы, алдағы сындардан сүрінбей, тек қана алға қарау керек деп ойлаймын.

 Рақмет

Әңгімелескен Замира ТӨРЕҚҰЛҚЫЗЫ

 

Біздің анықтама:

Нүсіпжанова Нұргүл Нұрғалиқызы

Туылған мерзімі -1991жыл 9 шілде

Жұлдызы-шаян

Сүйікті фильмі – «Господин Никто»

Бос уақытта- би билеуді, ролик тепкенді ұнатады.