Сенсіз көктем

Сенсіз көктем
жеке
блог

Көздерімнің тоя алмайтын тамағы,

Кеудемнің де әрбір алған деміндей.

Сізсіз күннің жан көргісіз қабағы,

Ешкім баспас Барсакелмес еліндей.

 

Жүрегімнің от-тауына жандым да,

Тек ішімнен жылап жүрмін сенсеңіз.

Намыс пен мұң, Арман, Үміт бар мұнда,

Сізді көріп қуанар еді ...

Келсеңіз...

***

Сіз ол жақта, Біз бұл жақтан шыға алмай,

Ессіз күннің бағудамыз қабағын.

Келеді деп нан ұстаған Күн алдай,

Жан-жағыма қарайлаумен барамын.

 

Сіз ол жақта, Біз бұл жақта алданып,

Көніп жүрміз күйбеңіне жалғанның.

Тіршілікті талғажау қып қарманып,

Үмітімді бір шетіне жалғармын.

 

Сіз ол жақта, Біз бұл жақта армандап,

Қазанды да күтіп алдық елеусіз.

Сағыныштан сап-сары боп жанған бақ,

Сары моншақ тағып апты...Келерсіз?!

***

 

Қолымдағы баламенен алты айлық,

Қалдым ба деп қапаланғам далада.

Достың құны тұратынын қандайлық,

Білдім енді. Сәуле түсті санама.

 

Қолымдағы баламенен  алты айлық,

Жел өтіне аямастан лақтырды.

Балам ғой деп жұбанғанмын, бар байлық,

Жүрегім де жарылуға шақ тұрды.

 

Аллам ғана жанымда боп жебеді,

Самал желі сипап өтті басы мнан.

Жақсы адамның тиді –дағы көмегі,

Жан жарасын емдеп берді жасырған.

 

Бәрі бос сөз: сүйген адам, сенген дос,

Алла ғана алақанда аялар.

Ол болмаса, шексіз ғалам мүлдем бос:

Еш көлеңке таба алмайсың саялар...

***

Қызым-ау, өмір деген құбылмалы,

Кей-кейде жанарға жас тығылады.

Кешегі арпалысқан сәттеріңнің,

Ойлап тұрсаң қалмайды бүгін мәні...

 

Қызым- ау, өмір деген айнымалы,

Періштені жолынан тайдырады.

Шаң қауып, мәпелеген Құлагерің,

Озады Батыраштың тай- құнаны.

 

Сондай сәтте рухыңды аласартпа,

Мәрелерге озып жет, дара шап та!

Өмірдің жан толқытар сәттері көп,

Сондықтан алаңсыз бол бала шақта...

Сен бақытты болшы, қызым...

***

 

Қиғашым, мен бір сенің мұңды елігің,

Думан өмір мұңдыны жаратпайды.

Жас толы ғұмырымның күнделігін,

Қызым бір күн білемін, парақтайды...

 

Қиғашым, сыңар қанат шағалаңмын,

Жыл құсымен бір құшар айдыныңды.

Сендей боп жанның емін таба алар кім,

Еске алам ер- тұрманы сай күнімді...

 

Қиғашым, балалықтың базарында,

Еске алам күндерімді асыр салған.

Мен сендей терең өлең жаза алам ба,

Осы ойдан иіледі басым саған....

***

 

Қиғашым, қызымды ертіп келіп тұрмын,

Өзіңмен сырласуға баяғыдай...

Жалғыздықпен дос болған елік- жырмын,

Жүрек саған құшағын жаяды ұдай.

 

Қайраңыңнан көрініп ақ шабақтар,

Мөлдіреумен мен жаққа қарайлады.

Пенделер кегі кеткен жанша таптар ,

Ылайлап мендік көңіл- шарайнаны.

 

Қызымды айдыныңмен таныстырдым,

Өзіңдей жаны мөлдір болар ма деп.

Сен маған толқыныңды жарыстырдың:

«Жиірек келіп тұрғын, жоғалма!» - деп...

***

Жанымда , қызым, сен барда,

Қуаныш, шаттық еселер.

Сен үшін басам мен де алға,

Алаңсыз ойнап өсе бер...

 

Дәлелдеп берді бұл өмір,

Бәрінің жалған екенін.

Бәрінен қалып жүр көңіл,

...Шөлдеумен жаным өтермін...

 

Өмірде сенсің жалғасым,

Жазатын алда өлеңім.

Өзеннің шалқар арнасын,

Өзіңнен , гүлім, көремін.

 

Жанымда өзің «мамалап»,

Жалғыздық- досты қудың кеп...

Еңбекті сендік бағалап,

Тостақты үнсіз ...жудым тек...

***

 

Мен біреуге еш құнсыз естелікпін,

Еске алуға жарамайтын.

Хабарласып хал сұрар ескеріп кім?

Осы ойлармен жүректі жаралаймын...

 

Өкінішті. Біреуге бағасызбын,

Жылы көзқарас бұйырмайтын.

Жанымды менің шыжғырар табасыз... түн...

Онсыз да тәтті ұйқымды жиі ұрлайтын.

 

Сүйгенім үшін айыптымын ба,

Пір тұтқаныма тас жүректі?!...

Қосылды білем, Жайық мұңыма,

Толқын – жасы сәл дір етті...

***

Ғарышқа ғайып болған менің жаным,

Басылған албырт жүрек, көңіл жалын.

Ұмытқам мен дүниеде жырдан басқа

Думан мен қызық толы өмір барын.

 

Шаршады жан дүнтем күтуменен,

Шаласы пенделіктің түтіндеген.

Жалғыз- ақ, Ақбота арман жеткізер деп,

Жәйім бар жыртық жанды бүтіндеген.

 

Бұралаң жол жүрдім де шын адастым,

Тезіне тағдыр салған шыдамас кім?

Өмір сүру деген не – қателеспеу,

Әлде қамын жасау ма құламастың?

 

Көлгір күннен опасыз жырақ астым,

Бұтасындай қураған тұл ағаштың...

Жерден шөлім бір қанбай кете ме деп,

Жан дүниеме беймәлім сұрақ аштым...

***

Маған сенің керек емес ештеңең,

Бейнеңе де жүрегімнен «көш» дегем.

Өз – өзіме қым – қиғаш кеп ойларым,

Мұңды әлемді еріксізден кешкен ем.

 

Мен ешқашан өзіңді іздеп бармаймын,

Алысқан қол, берген серттен жар, тайдың.

Өмірімнен орын жоқ деп...сатқынға,

Жүрегімді күні – түні алдаймын.

 

Сәтің есте кездесуге шақырған,

Айрылғаным рас болды – ау ақылдан.

Ессіз сезім мөлдірейді көзімде,

Түпсіз терең тұңғиыққа батырған.

 

Көктемгі аспан селдетуде нөсерін,

Ұмыт болып қол ұстасқан кешегім:

Бауырына тығыламын тамшының,

Таппай өртті сөндірудің еш емін.

 

Батпағы да байқалмай қап көшенің,

Ой нөсерін селдеп тұрған кешемін.

Күйкі тірлік құл етті ме ақыры,

Онда мен де ой-санаңнан өшемін.

 

Көрінбесең көзіме енді, көрінбе,

Адал сезім - жүрегімнің төрінде.

Сая қылдым ақ нөсердің құшағын,

Сенсіз қалып сағыныштың шөлінде...

***

 

Кездескенде кете берем үндемей,

Пана болып, қасыма еріп жүр демей.

Толып тұрған айта алмаймын сөзімді,

Қарысады дәл сол сәтте тіл – көмей.

 

Кездескенде кете барам тіл қатпай,

Жүрегімнен көл – көсір сыр тыңдатпай.

Тек ішімнен тілеуіңді тілеймін,

Көрсем деймін өзіңді күн құрғатпай.

 

Аңсадым – ау  іздерді де сен басқан,

Нөсерлетіп дәл төбемнен төнді аспан.

Құлағымды басып алып , шулаған

Сен туралы жынды сөзден мен қашқам...

 

Көктемгі аспан жасын ойнап, көшерде,

Не айтармын сезім деген есерге.

Құшағына тығыламын тамшының,

Бетім төсеп ағыл – тегіл нөсерге.

 

Күтуден де, ойлаудан да шаршадым,

Ой орманын кездім жалғыз қанша күн...

Жалғыз қалғам  сезім-өрттің шөлінде,

Жанарымда сағыныш боп жанса мұң...

***

 

Қалайша өзімді – өзім жоғалтқанмын,

Арманды, пәк сезімді тонап бәрін...

Барады зулап уақыт құстай ұшып,

Күйдірер өзегімді орап жалын.

 

Мен қалай өмір – жолда адасқанмын,

Телмірем жанарына кәрі аспанның.

Шырғалаң, шым – шытырық екен жалған:

Доспын деп, мендік баққа таласқан кім?

 

Ойласам көкірегім өртенеді,

Бақыттың ғұмыры тым келте ме еді?

Алаңсыз сенгеннен соң ақ дүниеге,

Ақбота  - уыз сенім еркеледі.

 

Әлемді пәк қалпымен жырлап, өбіп,

Дидары тұрар дегем нұрға бөгіп...

Ол – дағы екі жүзді қатал екен,

Ішінен зәр мен уын тұрған төгіп.

 

Көрген соң сәби – сенім ақталмасын,

Көңілде жарқ – жұрқ ойнап жатқан жасын.

Елік – күн  үркіп кеткен иен далаға,

Адал сезім аяққа тапталғасын...

***

Бәрі мәнсіз. Мен адастым тағдырдан,

Бүгінім тұр әбден қажып, қаңғырған.

Досым деген, өбектеген пенделер,

Көңілімді саудаға сап...қалдырған.

 

Қайтемін деп ділгіреді бүгінім,

Көкірегіме кептелулі тұр үнім.

Көңіл деген – тесік шелек толмайтын,

Жеткізбесі анық дүние түбінің.

 

Мен адастым. Шын адастым. Адастым,

Жеткізбеске жетемін деп таластым.

Әппақ нұрға бөгіп тұрған дидары,

Ақ дүние алдамшы екен: жаңа аштым!

 

Ішім мүлде қабыспайды сыртыма,

Келгендеймін көшкен ойдың жұртына.

Диірменге салып заман жанымды,

Ұнтақтайды, көнбеген соң ырқына.

 

Мәнсіз күлкі төзімімді сарқуда,

Өмір деген...бір – бірінен арту ма?

Ұн етем деп, күл етем деп арманды,

Замананың диірмені тартуда...

 

Елестетсем күдік толы ертеңді,

Күл – талқан боп армандарым өртенді.

Көк тәңіріне құлдық ұрам мен бүгін,

Жер бетінің жалғандығын көргем – ді.

 

Бұл фәниден опасыздық көрерім,

Ақ дидарын мәңгі құшсам деп едім...

Өмір бойы бір толмастан кетер – ау,

Көңіл деген түбі тесік шелегім...

***

 

Жүрегімнен қанды жас боп ыршыдың,

Көз жасымды жұтуменен тұршы , түн.

Сезбей қойдың көкірегімнің жап – жасыл

Қолын созып, көктеп жатқан бүршігін.

 

Көлеңкеңді ең болмаса, көрмеймін,

Басып кеткен ізіңді аңсап, шөлдеймін.

Жүрегімнің жанға батқан бұл дертін,

Шарасызбын, айтшы қалай емдеймін?!

 

Төменшіктеп, кінәлі боп , кінәсіз,

Қайда барсам көз алдымда тұрасыз.

Мені мәңгі биік қылып бақытпен,

Ал әйтпесе, құртып тіпті тынасыз...

 

Ұмыта алмай бір елесті құрыдым,

Түбірімен өзгерді бар ұғымым.

Пәк сезімді мазақ қылған сайқал күн,

Түршіктірді көкбет қалпы түрінің.

 

Ғашық болу – бұл құдайдың ұрғаны,

Асқақ, ірі өр ғой тұлғаң жырдағы...

Көрмей кетсем ізіңді де сағынам,

Көлеңкеңнің болсам деймін құрбаны...

****

 

Жапырақтай қалқып жатқан күзгі күн,

Жырларымда сап – сары боп жүзді мұң.

Жел өтінде сая болған гүлдерге,

Алып тау деп елестетем Сізді тым...

 

Жырларымда нөсер құйған күз кілең,

Жаңбыр- қаққа жапырақты жүздірем.

Көлеңкеңіз сая болып біздерге,

Бір көрініп кетсе еді деп үздігем.

 

Күдік қатал, үмітті үзу баққаны,

Аспанды да бұлттар жиі қаптады.

Күн қанталап көкжиекке батады,

Айдың жүзі – сағыныштай сап – сары...

 

Сенім  Сізге әппақ, түрі сүттей тым,

Іңкәр сезім таусылмайтын , бітпейтін.

Күн мен Айым кезектесіп үгіттер:

«Соңғы демің қалғанынша күт», -  дейтін...

***

 

Ұмытамын деуім де бекер екен,

Ақ қанатты сезім боп жетер өлең.

Білесің бе, өмірге құштар қылып,

Саған деген сағыныш жетелеген.

 

Сыздап мендік ет жүрек дірдектейді,

Сезімнің де еліктей, үркек кейпі.

Бір жылы сөз өзіңнен естір ме екем,

Көңілімнен соны ойлап мұң кетпейді.

 

Менің көңілім өзіңе құлады анық,

Мөлдір тамшы барады жылап ағып.

Жаны ашымас пендеге қатал тағдыр,

Екеуімізді әкетті жырақ алып.

 

Сабырлы, салқын қалпың ұнады анық,

Хал сұрайсың, кездессек тұра қалып.

Еш нәрсе жоқ мәңгілік жалғанда деп,

Терезеден тамшы тұр жылап ағып.

 

Жаңбыр жылап барады терезеде,

Тал – ректі жұлқылап жел есе ме?

Сезім деген есалаң өксіп жатыр,

Бағынбастан пенделік ережеге...

***

 

Пәк арманның көргем жоқ жалғасқанын,

Ұмытылған бұл күнде алғашқы әнім.

Бой жазбаймын тірліктің күйбеңінен,

Армандауды мен неге үйреніп ем?...

Көңілімді шілдеде қар басқанын,

Сезбейсің сезім – ақыл арбасқанын.

Тағдыр – тарпаң қапыда жалт бергенде,

Өлермен боп жалына жармаспадым...

 

Пәк арманның өмірі сәл қысқалау,

Бұл өмірде мәңгілік тартыс бар – ау.

Бұндай күдік кірмейтін қаперіме,

Қайғы мен мұң мүлде алыс, жат еді де...

Ғаламда сиқыр сезім шарпысқан – ау...

 

Сол өлең айтылар ма қайталана,

Жүрек сыздап қараймын айналама.

Жан айқайды естімей ешбір пенде,

Жалғыз қалған сыңайым байқала ма?

Жапа жалғыз жалғанда қалғаннан соң,

Бозторғай кеудемдегі жәй таба ма?

 

Сол бір әнді дүние – ай, тағы айтам ба,

Ұзақ түн ұласады қалай таңға?

Бір кірбің қабағымда тұрып қалған,

Сұмдығын бұл дүниенің ұғыпты арман.

Көңілді одан әрі қарайтам ба,

Жылдар шаңы байқалар самайдан да...

***

 

Басты еңсені тұман тағы,

Мұнартады төңірек.

Ессізсің деп кінә артады,

Ақ жаңбыр кеп еңіреп.

 

Жүрегімнің шын ардағы,

Тұмардағы бейне  - Сіз.

Жапырақ солып, жылар жаны,

Қабағыңды түйме, Күз!

 

Жапырақ талдан құлар тағы,

Сынар сағы жаншылып.

Менің бұлтым мұнартады,

Сізді іздейді таусылып.

 

Мұңды бұлтым төңіректеп,

Көңіл ептеп босады.

Күз жаңбыры еңіреп кеп,

Алқымыма жосады.

 

Сары бақты аралаймыз,

Қарамай күз мұңына.

Көзқараспен жаралайсыз,

Сезім дейсіз.. мұны да.

 

Жапырақ жасты үздің дей ме,

Күздің күйген ажары.

Жүректегі Сіздің бейне,

Мұңнан бір бұлт жасады...

***

 

Сізді уақыт алыстатты,

Таныс бақты күз тапты.

Жапырағымды жаныштап мұң,

Көкірегімді сыздатты.

 

Сары жапырақ саулағанын,

Жаурағанын жанымның.

Жанарда жас аунағанын,

Сіз білмейсіз...Не ғылдым?

 

Сізге ұмтылды мұңды бұлтым,

Тынды күлкім бейкүнә.

Желөкпе жел жынды шіркін,

Сақ сақ күлді сиқыма.

 

Қай жұмбақты шешіпті өмір,

Кешіп көңіл нөсерін.

Ақ қырау қыс есікте тұр,

Салып алмақ  төсегін.

***

 

Жан түсінбес күрбің бар жанарымда,

Сары күз кеп батады дала мұңға.

Есіл күннің елесі сабылдырды,

Жан баспас жалғыздықтың аралында.

 

Күн еңкейіп, тағы да кеш кіреді,

Бір мұңды әуен алыстан естіледі.

Өмір өтіп барады біздің бастан,

Өңіміз де, көңіл де ескіреді...

 

Бір мұңды әуен бәрі де жалғандай ма,

Көңіл шіркін, болмасты армандайды, ә!

Өзек жанып өксікпен қарап тұрмын:

Ақбота күн арманшыл қалған қайда?!

 

Өмір осы, жанды мұң қарығаны,

Жеткізбейді бір арман , сағым әлі...

Ұмытылар фәниде бәрі – бәрі,

Сары мұңның жалауын тағынады...

 

Уыз сезім пейіштің төкті – ау нұры,

Гүл қауызын ашуға жетті әмірі.

Жапырақтың көз жасы мөлдіреп тұр,

Аялайды самалмен Көк Тәңірі.

 

Жуынады ақ нұрға кәрі далам,

Сәл таңдана қарайды бәрі маған.

Мөлдір шықты жапырақ тағып алған,

Самал жел кеп қайыңды аялайды,

Пәк сезімнен басқаны танымаған...

***

Сен кеткенмен,

Ешнәрсе өзгермейді,

Тамұқта жаным күйсе...Төзгем, мейлі!

Сол аспан, сол Ақ Жайық мұз құрсанған,

Ешкімді, ештеңені көзге ілмейді.

 

Сол тірлік,

Сүргін күндер жанталасқан,

Төбемде сұп – сұр болып қалған аспан.

Тал – теректер жаурайды жел өтінде,

Хабары жоқ пендеуи қарбаластан.

 

Сен кеткенмен,

Ай жерге құламайды,

Түні бойы әйнектен сығалайды.

Сол көшелер қар басқан...Адам легі,

Жүрегім де сені ойлап жыламайды.

 

Сен кеткенмен,

Жалғасқан күйбең күндер,

Армандамай жүруді үйрендім дер...

Жұлдыздардың жанарын мөлдіретер,

Жалғыздықтан қанаты күйген түндер.

 

Сен кеткенмен,

Өмірім жалғасады,

Ақ парағы тірліктің алмасады.

Артта қалып тұман күн, алдымда үміт,

Тұрғандай түршіліктің бар ғажабы,

Әйтеуір армандарым алға асады.

 

Сен кеткенмен,

Орнамас қараңғылық,

Үмітімнің шырағын жағам, күліп!

Күнге беттеп барамын өлеңіммен,

Қобыз – кеудем күйлері санамды ұрып...

***

 

Ғасырлық жол жатқаны – ай, арамызда,

Тағдырға мойынсұнып қаламыз ба?

Салқын сабыр ұялап санамызға.

Жалғандағы жақыным жат болумен,

Ит тірлікке  құл болып барамыз да...

 

Көктемгі аспан жанары тұнжырап тым,

Қара түнге қаншама таңды ұрлаттым,

Ақ арманды күл етіп, жандырмақ кім?!

Көктемгі аспан селдетіп, бұзылып тұр:

Менің – дағы келеді жаңбырлатқым.

 

Сынақтар бар қандайлық алда тағы,

Тағы бір күн жанарын аунатады...

Мөлдір тамшы әйнекті жуып жатыр,

Қара нөсер жанымды жауратады...

***

 

Дүрлігіп міне, сең көшіп жатыр Жайықтан,

Көшкенін қыстың ілінген көкке Ай ұққан.

Сатыр да сұтыр, сөгіліп қыстың көбесі,

Сәлден соң кетер қанатын нұрлы жайып таң,

Қыстайғы бұққан қалпынан Жайық айыққан...

 

Сатыр да сұтыр...Сөгілді мұздың көбесі,

Қыс өтті тағы...Тез екен жалған неге осы?!

Бұрқан да талқан Ақ Жайық бүгін тулады,

Қытымыр қыспен жүруде көктем егесі,

Көгілдір кешті көктемнің арбап елесі....

 

Бұрқан да талқан Ақ Жайық бүгін тулады,

Құрсауды бұзып, еркіндік аңсар су – дағы.

Құлдыраңдады кәрі Каспийге ақ толқын,

Аспанға шапшып, мұзды көбікті бұлғады,

Жағаны көктас ақ көбігімен жуғаны...

 

Сең көшіп жатыр...Ақ Жайық бүгін дүрліккен,

Хабары жоқтай итжығыс, көлгір тірліктен.

Таң атқаннан соң басталар бітпес қарбалас,

Үн – түнсіз дүние тұрар – ау іште сыр бүккен...

***

 

Көктем келді...Ақ Жайықтан сең жүрді,

Мынау фәни алдамшы деп сендірді.

Көшіп жатқан, тулап жатқан дүние,

Сезім сеңін көз алдыма келтірді.

 

Ақ Жайықтың мұз көбесі сөгілген,

Үнсіз тұрмын...Мұз құрсалған көңілмен.

Мен де өмірде жеткізбеске жетем деп,

Арпалысқам, ақыр соңы жеңілгем...

 

Мұңды ойлар...Жаулап алған сананы,

Аласұрып сеңдер көшіп барады.

Алып – ұшып еркелеген ақ толқын,

Құшып жатыр міз бақпаған жағаны...

 

Күдікті ойлар...Ой санамды кеулеген,

Кімнің жолын болғызды өмір деуменен

Өмір сүрем.

Алып – ұшқан толқынды,

Тас жағалау

Кері итерді кеудеден...

Қыс та кетті...

Ақ Жайықтан сең жүрген.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА