Құрбымның күлкісі...

Құрбымның күлкісі...
жеке
блог

Университетте бірге оқыған 4 жыл бойы осыншама ізгі жүректі жанды байқамай жүріппін. Әлде ол мені байқамай жүрген...

Біртүрлі суық көрінетін. Адам жанынан суықтық сезінсем болды, үркек қояндай ыршып түсем де... Одан әрі ол кісіге жақындай қоюым екіталай.

Күндердің бір күні кездейсоқ мен оның жанынан табыла қалдым. Тағдыр не істетпейді десеңізші?! Университетті бітірген соң, группаластарымның бірі еліне, екіншісі тұрмысқа кетті, үшіншісі жұмыс бабымен басқа қаладан орын тапты.

Жанымда күлім көзді сол бір бойжеткен қалыпты. Сабина есімді сол бір бойжеткен... Жаны сұлу бойжеткен...

Алматыда асқақ арман арқалап екеуміз қалдық. Екеуміз ғана қалғанымызды сезінген күні... Бір-бірімізге сүйеу боламыз деп серттестік.

Демеу боламыз дестік...

Бір күні... Арамызды ала мысық кесіп өтті. Бір үйде тұрып, бір ауамен тыныстасақ та, бір-бірімізге ләм-мим деп ауыз ашпай, ішкен тамағымыз бойымызға сіңбеді. Осы бір шағын ғана жұпыны бір бөлмені нұрландырып тұрған Сабинаның, менің Сабинамның күлкісі екен-ау...

Үйге кіргім келмей, жұмыста түннің бір уағына дейін отыратынмын.

Бір күні оянсам, үстел үстіне хат қалдырып кетіпті. Хатты аштым. Оқыдым. Көзімнен жас ыршыды.

Хатқа екі бет етіп жауап жаздым. Сосын... Жыртып, қоқысқа лақтырдым. Қайта жаздым. Қайта лақтырдым.

Жаныма жақын жанды жақсы көретінімді өз-өзіме мойындамайтын әдетім бар. Сондай сұмдық, сұмпайы әдет. Ол менің хатына жауап жазғанымды білмеді.

«Сағынып жүрмін» депті құрбым. Мен де сағындым. Сағынғанда қандай...

Әдеттегідей үйге тұнжырап кіріп, құрбыма назар салмағандай болып теледидар қосып жатқанмын. Ту сыртымнан оның жылы үні естілгенде, жүрек шіркін зырқ етті.

Сөйтіп, татуластық. Бақытты едік. Бір-бірімізді жоғалтып, қайта тапқанымыз үшін...

Мен құрбым арқылы өмірдің жақсы жағын теріп алуды үйрендім. Позитив дегеннің не екенін ұқтым. Кейде «Елдің бәрін жақсы деп ойлайды» деп іштей сөгетінмін. Дәл осы қасиеті де күллі арманын күл парша етті емес пе?!

Дүйім дүниенің қайғысын бір өзім арқалағандай мұң торына шырмалып жүретін мен бейбаққа өмір шуақты сәттерден де тұратынын сезіндіру үшін жібергендей бұл қызды. «Мұңды қолдан жасама». Иә, құрбым маған осылай дейтін...

Бір күндері махаббат пен шуаққа толып күлімдеп, бақыттың құшағында елжіреткен Алматы бүгінде оған қабағын қарс түйіп, теріс айналған.

Лайық емес еді. Соншалықты қаталдық пен қатыгездікке лайық емес еді ол...

«Мен сені әлі-ақ бағындырамын, Алматы» дейтін шығар ішінен...

Жоқ!!! Көздері шуақ шашып, аппақ, түп-түзу тістерін көрсетіп, сыңғырлай күлер әлі. Сол кезде сұр әлем нұрға бөленіп, шырайлы шапағатына малындырар. Әлемнің жылулығы құрбымның күлкісінде тұрғанын сезінермін сол сәт...

Әлі – ақ...

... Жаныңа жақын жанашыр жанның сенімен мәңгі бірге бола алмайтыны үшін кімге шағынарсың?..

Сурет: vk.com