Премьер-лиганың «Алтын бутсасы» Робин Ван Персиде қалды

Премьер-лиганың «Алтын бутсасы» Робин Ван Персиде қалды
жеке
блог

Қызыл сойқандар сапындағы алғашқы маусымында 26 голдың авторы атанған голландиялық шабуылшы мерсисайдтық Луис Суарес (23 гол) пен Тоттенхэмнің тірегі Гарет Бэйлдің (21) алдын орап кетті.

Қызыл жейдедегі алғашқы голын тамыз айында Фулхэм қақпасына соққан Ван Персидің нәтижелі ойыны оны бірден Олд Траффордтың сүйікті ойыншыларының біріне айналдырды. Ал Этихадта Джо Харттың қақпасына соңғы минуттарда соққан жеңіс добы Манчестердің қызыл бөлігінің оған деген ықыласын тіпті еселей түсті.

Жалпы маусымның алғашқы жартысында голландиялықтың қарқыны қарыштап тұрғаны соншалық, премьер-лиганың үздік ойыншысы кім деген сауалға барлығы бір ауыздан "Робин Ван Перси" деп жуап беретін. Алайда жаңа жылдан кейін Ван Персидің ойыны солғын тарта бастап, наурыз айының аяғы сәуірдің басында 7 матч қатарынан шабуылшының соққылары қақпадан табылмай қойды. Осындай қиын кезеңде Алэкс Фергюсон Робинның шеберлігіне күмән келтірмей, шабуылшыға әрқашан негізгі құрамнан орын тауып беріп отырды. Бапкердің бұл сенімін Ван Перси толығымен ақтады.

Сәуірдің соңында Астон Вилаға жасаған Ван Персидің хэт-тригі Юнайтед үшін 20-ыншы, сер Алэкс үшін 13-інші, ал өзі үшін алғашқы чемпиондық атақтың жаршысы болды.

«Алтын бутса» Робинға Вест Бормвичке қарсы 5-5 есебімен тең аяқталған матчтан кейін қайырымдылық мақсатта жұмсалуы тиіс 30 мың фунтпен қоса табысталды.

Айта кетсек, Ван Перси өткен маусымда да ағылшын премьер-лигасының «Алтын бутсасын» иемденген болатын. Ол кезде Робин лондондық Арсенал сапында 30 голдың авторын атанып, қазіргі клубтасы Уэйн Рунидан 3 гол артық соққан еді.