АҒАНЫҢ АСҚАҚ АРМАНЫ АЛЫСТА ЕМЕС...

Қайырлы кеш, қымбатты массагеттіктер! Бүгін журналистика факультетінің  дәріс залында шетел журналистика пәнінен Мысаева Қарлыға апайымыздың жетекшілік етуімен «блог» ұғымын дүниеге әкелген Асхат Еркімбайдың  Онлайн сұхбаты өтті. Америкада магистратураның алғашқы курсын оқып жатқан Асхат аға мен Александра есімді «Бумеранг» газетінің орыс журналисі бізге шетелдегі журналистика саласының жетістігі мен ұтымды мүмкіндіктерін атап көрсетті.

Асхат аға көзі ашық, көкірегі ояу қазақ жастарына орамды ой, жалынды сөз сөйледі. «Бүгінде әлемде озық дамып келе жатқан әлеуметтік желілерді(Facebook, Twitter т.б.) Қазақстанда тиімді пайдалануымыз қажет!»-деді ол:«Егер бұл желілерді журналистикада  қазақ тілінде оңтайлы қолдана алатын болсақ, ана тілімізді көркейтуге өз үлесімізді қосқан болар едік. Ал осының қыр-сырыналдымен орыс тілді журналистер жете меңгеріп жатса, елімізде орыс тілді ақпараттар ғана таратылып кетеді де, төл тіліміз тағы да кенже қалуы мүмкін деген қауіп бар». Онан өзге журналистика мамандығын қазіргі технологияны пайдалана отырып,  өрбіту жолдарын әріден қозғады.

Шынында да, бүгінгі күні интернет желісіне қосылған жастар онлайнда ойын ойнау мен агентте отырудан өзгені  білмейді. Демек әлі желілерді жетік меңгеріп, өз мүддесі мен халық мүддесіне жаратып отырғандар аз.

Skype арқылы өткен сыр сұхбаттан студенттер тамаша әсермен қатар, өзгеше шабыт алғандай көрінді маған. Онлайн дәрісті ұйымдастырған Қарлыға апай да, қазақ жастарына үміт артқан абзал азамат Асхат аға да мақсаттарына  жетті деп ойлаймын.



Бөлісу: