Әкелер не нәрсеге мән бермеуде?

Әкелер не нәрсеге мән бермеуде?
жеке
блог

Жаным балам, ұйықтап жатсаң да көзің жартылай ашық. Жүзіңе қадалып қарап отырып, өзіңмен үнсіз сөйлесудемін. Алақаныңа бетіңді қойып мұрның пысылдап ұйықтаудасың, маңдайында жіпсіген терге бір тұтам кекілің жабысыпты. Бөлмеңе білдірмей кірдім. Осыдан сәл ғана бұрын оқу үстелімде кітап оқып жатқанымда бойымды өкініштің ауыр толқындары билеп алды. Қазір жаныңда отырып сенің алдыңда кінәмді сезінудемін.

Балақайым, бүгін саған ашуланғаным санамда көлегейлеп тұрып алды. Дұрыстап жуынбай, бетіңнің айғызын сүлгіге сүрте салып, мектепке кетпек болғаныңда ай-шайға қарамай ұрсып тастадым. Аяқ киіміңді тазаламағаның үшін де қатаң түрде сөктім. Еденге бір нәрсені байқамай түсіріп алғаныңда ашулы дауыспен айқайладым. Таңғы аста дастарқан басында да қайта-қайта ескерту жасауға сылтау таптым. Сен шайыңды төгіп алдың. Тамақты аузыңды жаппай салпылдатып шайнадың. Өз алдыңнан жемедің. Нанға майды қалың етіп жақтың. Мен жұмысқа шығып бара жатқанымда аулада доп қуып жүрген сен қолыңды бұлғап: «Сау бол, әке!» дегеніңде, мен қабағымды түйген күйі: «Еңсеңді тік ұстап жүруді ұмытпа!» деп кете бардым.

Кешке бәрі тағы да қайталанды. Үйге келгенімде сенің тізерлеп отырып шыны шарлармен ойнап отырғаныңды, ал нәскиіңнің жыртылып өкшеңнің байқалып тұрғанын көрдім. Алдымнан жүгіріп шыққаныңда мен саған дүрсе қоя бердім, тіпті жаныңдағы достарыңның алдында беделің түсетінін де қаперге ілмедім: «Бұл нәскилер қымбатқа келген. Егер өзің сатып алғаныңда мұнша ұқыпсыз болмас едің!» Туған әкең осылай айтты дегенге кім сенеді, ұлым!

Кешке қарай, өзің де білесің, оқу үстелімде кітап оқып жатқанымда сен сенімсіз түрде кірдің де кінәлі адамдай маған қарадың. Кітаптан басымды көтеріп, кенеттен бөгет жасағаныңа наразылық қабағымды жүзімнен байқаған да боларсың. Сен жасқаншақтанып есік аузында тұрып қалдың. «Не болды?» дедім зілдене.

Сен ләм-мим деместен шапшаң түрде жаныма жетіп келдің де құшақтай кеттің, бетімнен сүйдің. Кішкентай қолдарыңмен қапсыра қысқанда, тек кұдай ғана жұдырықтай жүрегіңе құятын сондай бір жалынды махаббатты сезіндім. Оның қуаты соншалықты – тіпті менің қалай болса солай қарай салатын қарым-қатынасым оның қарқынын азайта алмас еді. Сосын сен шығып кеттің, баспалдақпен көтеріліп бара жатқан аяқ дыбысыңды естіп қала бердім.

Міне, балам, сенің кетуіңмен қағаздарымның қолымнан түсіп қалғанына да көп болған жоқ. Бойымды үрей биледі, күш-қуатым сарқылып қалғандай. Мен не нәрсеге әдеттендім? Мен сені айыптауға, кінә тағуға, ескерту жасауға әдеттеніппін. Сондағысы сенің өзің қатарлы қарапайым балалар секілді өзіңді ұстағаныңа жазғыру жасап жүрген екенмін. Жо-жоқ, мен сені қатты жақсы көремін. Мәселе менің сенен өте көп нәрсе күткендігімде, ал сен әлі бүлдіршін баласың. Сені өз санам деңгейінде бағалайды екенмін.

Ал мінезіңде қаншама тамаша, айтуға тұрарлық, ақкөңіл қасиеттер бар. Кішкентай жүрегің бүкіл әлемді сыйдырардай кең, төбелер арасынан түскен күннің тырмысқан жарық сәулесі секілді мейірімің сыртқа төгіліп тұрады. Бұл сенің өзіңді ұмытып, маған ұмтылып келіп сүйіп, қайырлы түн тілегеніңнен-ақ байқалып тұрды. Бұдан асқан маңызды әрекет жоқ, ұлым. Мен төсегіңнің жанына келіп, қараңғыда тізерлеп отырмын, ұят оты жанымды өртеп барады.

Алдыңда ақталуға сөзім жетпейді. Оянғаннан кейін күндіз осы сөзімді айтсам түсінбейтініңді білемін. Бірақ таңертеңнен бастап мен нағыз әке боламын! Айнымас досың боламын, бірге мұңайып, шат күлкіңмен қуанғаныңда бірге қуанамын. Саған ұрысқым кеп ішім қозып жатса, тілімді тыйып тастаймын. Ішімнен дұға секілді: «Ол балдырған бала ғой, кішкентай бүлдіршін!» деп қайталайтын боламын.

Ойлап отырсам, сені үлкен жігіт ретінде қарап келіппін. Күні бойы шаршап, жылы көрпенің астына тығыла түсіп ұйықтап жатырсың, жүзіне қарап отырмын, жаным-ау, сен әлі ана сүті аузынан кетпеген құйтақандай баласың ғой. Кеше ғана емес пе еді анаңның сені көтеріп жүргені, ал сен басыңды оның иығына қойып қоятынсың. Мен болсам, мезгілі жетпей жатып сенен өте көп нәрсе күткен екенмін, өте көп нәрсе.

 

У.Ливингстон Ларнед

Аударған: Мирас Кесебаев