Мұхтар Әуезовтың өз елінің абыройын қорғауы.
жеке
блог

Мұхтар Әуезовтың өз елінің абыройын қорғауы.


вв
Өз елінің абыройын қорғауды қолға алған әр адамға Мұхтар Әуезовтың басынан өткен мына жағдай жақсы үлгі болады деп ойлаймын. Белгілі тарихшы Тұрсын Жұртбайдың еңбектерін оқи отырып, осы мысалды сіздерге оқуға жариялаймын деп түртіп қойған едім. Қазір соның сәті түсіп отыр.
 

Әңгіме қысқаша былай: Николай Анов деген Семейдегі «Степная правда» гәзетінің журналисті «Айдағанның сегізінші тоқалы» деген мақала жариялайды. Бұны көрген жас Мұхтар Әуезов өз ұлтын кемсітіп көрсеткен мақалаға наразы болып, губкомның партия хатшысы Николай Иванович Ежовқа кіреді.

Сол кезде болған диалогты Тұрсын Жұртбай ағаның сөзімен беріп отырмын:
"Хатшы Мұхтардың сөзін үнсіз тыңдай отырып, үш бетке басылған кесірлі әңгімені көзімен жүгіртіп шықты.
Әрине, Ежовқа мырзасынған қазақ ұнаған жоқ. Әуезовті ол үстірт қабылдап, мына шыжық-быжықтың неден өршігенін түсінбеген сыңай танытты. Мұхтар барынша жанығып, барған сайын бастырмалата сөйлей берді. Ежов оны:
- Тоқта, тоқта... Өзіңе не керек?,- деп тоқтатты.
- Қазақстан туралы мұндай сандырақты жариялауға болмайды. Бұл әңгіме емес, барып тұрған қияли өтірік. Қазақ - мұсылман халық! Ал ислам шариғаты бойынша мұсылмандар төрт әйел алуға ғана құқылы. Сондықтан да қазақтардың сегіз әйел алуы мүмкін емес!

Ежов қабағының астымен Мұхтарға қарады да:
- Журнал орыс тілінде шығады. Оны оқитындар да орыстар. Олар шариғаттың заңын білмейді, білуге міндетті де емес. Мысалы, сендердің неше әйел алатындарың маған да белгісіз. Ал істің анығына көшсек, төрт әйел ала ма, сегіз әйел ала ма, бәрібір емес пе. Өзің айтшы, мұның қандай айырмасы бар?
Мұны естігенде Мұхтардың көзі шарасынан шығып кетті.
- Бұған қоса айтарым, Айдаған деген кім? Бай! Мыңғырғын қойы бар. Соны пайдаланып қой қорасын тоқалға толтырған екен. Ал ол тоқалдар кім және қайдан келді? Әрине, кедейдің қыздары. Бұған, міне осылай таптық тұрғыдан мағына берсек, бәрі де дұрыс дұрыс болып шығады.
Губком хатшысы кенет «сізге» көшіп, жымия қарап::
- Кигеніңіз студенттік фуражка, ал мәселенің түп тамырын ажырата алмайсыз,- деді.
Алайда, Мұхтар оңай берілгісі келмеді. Мұны байқаған Ежовтың бетіндегі күлкі белгісі дереу суый қалды. Ол орындықтан тұрды да әдеттегісіндей жирен шашын желкесіне қарай ысыра қайырып:
- Мен жұмыспен келген екен десем, қайдағы бір құлақ сасытатын болымсыз әңгімені қозғайсың. Православтардың заңы бойынша олар бір-ақ әйел алуы тиіс, ал шындығына келгенде орыстардың әйелі мұсылмандардан аз емес. Бәрі де анық және түсінікті емес пе, - деді.
Содан кейін Ежов «Қазақ тілі» газетінің редакторына мойынын бұрып:
- Осыны да өзің түсіндіріп бере алмадың ба? Редакторлығыңа болайын, - деді.
Олар кабинеттен шығып кеткеннен кейін Ежов темекісін тартып тұрып үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісіне:
- Осындай қырт шаруамен губкомға келудің өзі ұят емес пе,- деді"

Тырнағынан қан тамып қылшылдап тұрған сол заманғы большевик билігі Мұхтар ағаның өтінішіне пысқырып та қарамаса да, мақала авторы Николай Анов ертеңіне Мұхтар Әуезовтен кешірім сұраған екен.

Ержан Алаш