Мақпалдың мақамды жырларынан соң...

Мақпалдың мақамды жырларынан соң...
жеке
блог

Қалайсыздар, достарым? Демалыс қалай өтіп жатыр?

Ал менің демалысымның бір күні бос өткен жоқ. Бос өтпеді дегенім не тәйірі, жүдеген жанымды жадыратып қайттым. Жүрегіме үңіліп келдім. Өткенім мен келешегім көз алдымда көлбеңдеп, өз-өзімнен булығып жылағым келгені-ай... Неге екенін...

Бәріне себепкер – гитарасын асынған сол бір бұйра шашты сүйкімді келіншек... Мақпал Жұмабай.

Мақпалдың мақамды жырлары туралы көп есітсем де, өз аузынан тыңдағанда әннің өзгеше өң алатынын біліппін бе?.. Тұла бойды иітіп, елжіретіп, буын-буыныңда жүгіретін осынша ерекше, осынша тұнық саз да болады екен-ау...

«Мен әнші емеспін, мен – ақынмын. Алдымен өлең туған соң, артынан өз-өзінен көкірекке өлеңнің сазы келіп, үйіріле қалады. Қай-қай ақынымыздың болмасын, өлеңі ауыздан-ауызға әнмен жеткен. Беріректегі Жамбыл ақынды алыңыз. Ол да домбырасымен өлең айтқан. Мен сол ақындардың сынығымын», – деп сөзін бастаған Мақпал ақын айналасына өлең мен саздың қадірін түсінетін қауымды жинап, сазымен сусындатуды дәстүрге айналдырған. 

Иә, сіз де жанарлардан мұң көріп тұрған шығарсыз?.. Ол – мөлдір мұң... Мақпалдың мақамды жырлары тудырған мақпал мұң...

Ол сөйледі бүгін. Мұңды айтам. Жүректен шығып, жүрекке жетті... 

Кірпігіме ілінген күннің бәрін өзіңе.
Көкіректі кернеген мұңның бәрін өзіңе.
О, алыстан мұнартқан шыңның бәрін өзіңе.
Өлеңге де айтпайтын сырдың бәрін өзіңе
Сақтап қоямын…

Өзім ғана сенетін шындығымды өзіңе.
Өзім ғана сүретін тірлігімді өзіңе.
Өзім ғана еститін күмбірімді өзіңе.
Мойындағым келмейтін сұмдығымды өзіңе
Сақтап қоямын…

Мейіріммен қараған көздің бәрін өзіңе.
Анам айтқан аяулы сөздің бәрін өзіңе.
Тағдырымды сел еткен тездің бәрін өзіңе.
Өтті деуге қимайтын кездің бәрін өзіңе
Сақтап қоямын…

Үзілейін деп тұрған төзімімді өзіңе.
Алданбауға үйреткен сезігімді өзіңе.
Мені Жерде бар еткен сезімімді өзіңе.
Мені түбі өлтірер сол сезімді өзіңе
Сақтап қоямын…

Қасіретті һәм сұлу заманымды өзіңе.
Кең даламда жаңғырған азалы үнді өзіңе.
Мөлт-мөлт етіп жас тұнған жанарымды өзіңе.
Жылап тұрып сүйетін қазағымды өзіңе
Сақтап қоямын…
Қара жәшік…

– деп өлеңдеткен Мақпал ақын мақамды жырларын бүгін әр жүрекке сақтап қойды...

Солдан оңға қарай: Ерлан Жүніс, Ырысбек Дәбей, Мақпал Жұмабай, Қарлығаш Досанова, осы жолдардың авторы, Асылхан Мамашұлы (Түсіріп тұрған: Қуаныш Біләл)