Тілекшімін...
жеке
блог

Тілекшімін...

“Сәлем! Қал қалай? Не жаңалық” деп ләжі болса күнде сұрауға ерінбейтін адамдар бар. Кейде жаңалығыңды айтайын десең, оған дейінгі жаңалықтарыңнан да бейхабар екенін өздері де түсіне бермейді. Бірақ ондай адамдарды да түсінуге болады, қал сұрасып, жағдайыңды біліп, көңіл біліргені ғой. Бірақ мен өзім бұлай адамдарға сұрақ қоя бермейді екем. Тіпті көптен көріспеген сыныптас, топтастарымның да жағдайларын біліп көп жазбаймын, жаңалықтарынан да бейхабармын. Менің ойымша, жаңалығы болса өзі айтар, не біреуден естірміз. Көріскен күннің өзінде де жеке өміріне аса қызығушылық білдіруді де дөрекі санайтыным бар. Оның астарында “ал осы жылдарда не бітірдің? неге жеттің?” деген астар болып қала ма, әлде ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі болмай, ыңғайсызданып қала ма, дұрыс түсінбей қала ма деп ойлаймын. Әрине, бұлай ойламауы да мүмкін ғой, бірақ аса “любопытный” адам болуды қаламаймын. Айтар әңгімесі болса, өзі-ақ айтар деген ой жатады әркез.

Осылай жүргенде бүгін 8 жыл көріспеген топтасымды кездестірдім. Колледжді бітіргелі бері онымен бар байланыс үзілген еді. Тұрмыс құрды деп естідім, баласы бар деп естідім... Қалған әңгімесі маңызды емес, әйтеуір өмір сүріп жүргенін білдім. Ал бүгін оны көргенде сондай жүрегім жылып қоя берді. Қасына ұлын ертіп алып, аялдамада тұр. Амандасып, қал сұрасып, бір-бірімізді көргенге мәз болып тарасып кеттік. Бәлкім, көбіңіз осы уақытқа дейін неге араласпадың, қалын неге білмедің дейтін шығарсыздар. Бірақ оның жаңалығын, оның құлдырауы мен көтерілуін мен не істеймін? Менің аяулы топтасым жер басып жүр, ұлын өсіріп жатыр, ол өз тірлігімен күн кешіп жұр. Маған осы да жеткілікті. Мен оған күнде не апталап, тіпті жылдап “Сәлем! Қал қалай? Не жаңалық?” деген сұрақтармен мезі қылмаймын, ішін ақтарып, сырын ұғуға асықпаймын. Мен оның жалпы өмір сүріп жүргеніне риза болып, бұрынғы олармен өткен тәтті естеліктерді аялап жүруді қалаймын.

Және бұл жағдай өмірімде кездескен барлық адамдарға қатысты. Жазбасам, қал сұраспасам бұл ұмытып кетті, өзінше болып кетті дегенді білдірмейді. Әрқайсы өзіне жақын достар тауып, сырласатын, араласатын орта табуына құқылы. Ал менің міндетім әрқайсының бар бастамаларына тек тілекші болу деп білемін.

Жорытқанда жолдарыңыз болсын, достар!