Жәдігердің қалдырған жәдігері

Жәдігердің қалдырған жәдігері
жеке
блог

Астана. Жастар сарайы. Халық жаймен ішке кіруде.Астатаның аспанында шындық шырқалып, қазақтың ұлттық руханиятынан сусындатқан күн. Ежелгі жыршылар мен дүлдір ақын, сал-серілеріміздің аруағы бір аунайтын күн. Себебі, бұл күні қала төріндегі шағын ғимаратта өте үлкен іс-шара өткізіліп жатыр. «Жәдігер» жобасы. Атауының өзі көзіміздің алдына бірталай нәрсені елестететіні сөзсіз, әрине сезіне білген жанға ғана...

         Қазағымның бозторғайдай шырылдап, «қайтсем де ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, беделін асқақтатамын» деген жандардың ісінің алға басқанына екі жарым жыл болып қалды. Бұл жобаның негізгі ерекшелігіне тоқталсам. Жобаға Қазақстанның әр түпкірінен командалар жиналады. Команда құрамында міндетті түрде термеші, жазба ақын мен айтыскер ақын болуы керек.  Сахна төріне «Тілімде алтын болмаса, түбінде қаптың қап кетем» деген командалар жұпталып шығып, өз қарсыласымен бағын сынап, халық пен әділ-қазылардан бағаларын алады.  Солай  тек жүйріктер сынға түскен додадан мықтылары іріктеліп ақтық айқасқа жолдама алады. Ақтық сынға дейін бір-екі ай уақыт беріліп, сайыскерлер өз өнерлерін шыңдауға мүмкіндікке ие болады. Сыйлық қомақты. Бастысы ұлтым, елім, жерім деп тебіренген, рухани азыққа сусап бара жатқан жұртты нұрлы жаңбырдай суарып, бір серпілту. Соларды бір шаңырақ астына жинап, жақсындастыру. Ұйымдастырушылар мен қатысушылардың да түпкі мақсаты сол.

         Сәуір айының 28-29 күндері тағы осындай бақытты сәтпен қауыштық. Сағат кешкі жетіден түнгі он екіге дейін созылған өнер майданы жанымызды жанартты. Өнер мен ел жанашырлары жол алыстығы мен уақыт тығыздығына қарамастан осы өнегелі шараның қайнаған қазанында жүрді. Атап айтқанда,  жобаны ұйымдастырып, бар жауапкершілікті мойнына алып, ел сауабын жиып жүрген Мейіржан Әлібеков ағамыз. Жылы лебіздерін білдіріп келіп жатқан: Бекболат Тілеухан, Жүрсін Ерман, Серікзат Дүйсенғазин, Құрмаш Маханов, Ибрагим Ескендір, Мұхамметжан Тазабеков, Қайрат Сатыпалды, Талғат Рысқұлбеков, Досымжан Таңатаров сынды биліктің биік тұтқасын ұстамаса да, жұртының шын ықыласына бөленген игі жандар болды.

 

         Залдағы көрерменнің ұлттық өнерді ұлықтап, сүйсінгені соншалық бір зал емес бір үлкен фудбол алаңының жанкүйерлеріне татыды. Қызу қайнаған тіршіліктен сон аяқты суға салып, теледидарға телміріп жылы ұясында отыратын кезде жаңбырмен жағаласып  еш бөгелместен белсенді қолдау көрсеткелі келді ғой.

         Бағдарлама да, берілген тапсырмалар да қызық болды. Бірінші күні Бекболат ағамыз толғауларын жұртқа ұсынса, екінші күні қазақ айтыс өнерінің биік тұғырынан көрінген Балғымбек Имашев, Серікзат Дүйсенғазин, Айнұр Тұрсынбаева сынды аға буын өкілдері мен 3 жас ақын айтысты. Оның ішінде суырып салмалығымен өз жетістігін көрсетіп үлгерген Жандарбек Бұлғақов бар. Сахнада алты бірдей ең жүйрік ақындар айтысқанда көрермен қауымның тебіренісін елестетіп көріңізші...

Терменің майын ағызып, балын тамызатын ағалар ақ домбыраларын арқалап, суырып салма ақындар семсердей өткір тілдерін қайрап, жазба ақындар қалам мен қағазын қойнына салып сонау Орал, Қызылорда, Алматы, Шымкент, Қостанай, Қарағандыдан келіп жатты. Астаналық өнер тобы да өз бақтарын сынып көрді. Иа, шын елім деп еміренген ерлеріміз «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп ащы шындық пен ел қасіретін жырлады. Нағыз ұлтжанды азаматтың басына қару кезеніп, табанын тіліп тұз жақса да, ұлтым дейтіні сөзсіз. Ол аңызға айналып, тарихта қалған батырларымыздың ғана қолынан келетін іс емес. Ондай батырларымыз қазір де жер басып жүр. Елін шын сүйген бір азамат мыңға татып, жиырма бірінші ғасырдың «әділетсіздік оғы» борап тұрған кезеңде, тартынбай майданда жүр.  Соы жандар тұрғанда ұлттық құндылықтарымыздан айрылмайтынымыз сөзсіз. Бәрінен бұрын, ағайындарының шексіз алғысы мен батасын алып, тілектеріне тұншығудан асқан қайырлы іс бар ма?! «Малым - жанымның, жаным - арымның садағасы» деп өзінің ғана емес елінің арын арқалап жүрген азаматтарымызға шексіз ризалығымыздан басқа береріміз жоқ.

         Оқырман қауымды осы игі істерге демеу болуға, «елім» дегенде атқа қонбаса да, әділеттілікке жол ашып, ұлы тарихымыздың киелі туын желбіретіп, абройын асқақтатса деймін. Кешегі ұрпақ - бүгінгі шежіре, бүгінгі шежіре – ертеңгі ұрпақ... Ендеше, «Жәдігердей» жобалардың берер жәдігері ұшан-теңіз. Қапы қалып, сан соғып жүрмелік...

 

Мақаланы дайындаған:

Адамқұл Айдай

Сүлеймен Демирел атындағы

Қазақ-түрік университетінің

студенті