Аппақ қарды ерімесе екен деймін...
жеке
блог

Аппақ қарды ерімесе екен деймін...

Менің газет бетінен қызықты бір мақала немесе өлең жолдарын көре қалсам қиып алып, сақтап қоятын әдетім бар болатын. Олардың біразын мейл.рудағы әлемде жазғанмын. Кейінгі кездері тағдырдың жазуымен көшпелі өмір салтының белсенді ұстанушылары болғандықтан, сіңлім «осы сенің жүк болатын заттарың онсыз да көп, азайт андағы қоқыр-соқырларыңды» деп кейігесін, көп қиындыны қимай-қимай қоқыс жәшігіне аттандыруға тура келген. Әр көшкен сайын алып қалған жиындыларымның жартысын тастауға тура келеді. Сол жиындыларыма соңғы бір ревизия жасағанымда, арасынан осы бір өлең сөзге көзім түсіп, лақтыруға қимай, алып қойғам. Өкінішке орай, авторының кім екенін ұмытып қалдым, газеттен қиғанда, аты-жөні қиылып кетіпті, әйел адам екені ғана есімде. Өзіме қатты ұнаған, жаныма жақын өлең жолдарының бірі, сіздерге де ұнайтынына сенімдімін.

Аппақ қарды ерімесе екен деймін

Аппақ қарды ерімесе екен деймін,

Адалдық айнып кемімесе екен деймін.

Аппақ арым төгілмесе екен деймін,

Сөйтіп қабырғам сөгілмесе екен деймін.

Еңбегім еш кетпесе екен деймін,

Өз ұлым өзегіме теппесе екен деймін.

Өкініштен өзегім өртеніп,

Өзімдікін өзгеге телімесе екен деймін.

Жабыққан көңілім жалындаса екен деймін,

Табаным тозып, сарылмаса екен деймін,

Қырық жылғы қырғын да ала алмай,

Беттегі арым арылмаса екен деймін.

Жағынғаннан жауыр болды қалам,

Есер өмірден есеңгіреп барам.

Тізгін тартқанның тірлігі жалған

Борбайлағаннан ел-жұртым алаң.

Бұлаң құйрық шаршатпаса екен деймін,

Бұлтартпайтын бұла күн туса екен деймін.

Абыройды да ақшаға алып,

Ақымақ текірек қақпаса екен деймін.

Аппақ қарды ерімесе екен деймін,

Адалдық айнып кемімесе екен деймін.

Аманаттарды арқалап жүрген

Сенім күдікке берілмесе екен деймін.