«Біртүрлі» жазбадан соң еске түскен бір ғибратты әңгіме
жеке
блог

«Біртүрлі» жазбадан соң еске түскен бір ғибратты әңгіме

Филолог пен дәруіш

Бірде бір дәруіш қараңғы түнде жол жүріп келе жатып, қараусыз қалып, кеуіп кеткен құдықтың түбінен жәрдем сұраған жанайғайды естиді.

– Ау, не жағдай болды? – деп құдыққа дауыс берді дәруіш.

– Мен филологпын, – деп жауап берді дауыс, – қараңғыда жол таба алмай, жазатайым осы бір терең орға құлап түстім, енді бұл жерден шыға алмай тұрған жайым бар.

– Шыда, достым, тек маған саты мен арқан іздеп табуға мұрсат бер, – деп жауап қатты дәруіш.

– Сәл кідіре тұрыңыз, – деп айғай салды филолог, – сіз сауатсыз сөйлейді екенсіз, оған қоса сіздің сөйлеу мәнеріңіз түкке жарамайды. Сізден оны түзеуді өтінемін.

– Жарайды ендеше, егер сіз үшін сөздер олардың мағынасынан гөрі маңыздырақ болса, мен дұрыс сөйлеп үйренгенше, сіздің қазір отырған жеріңізде бола тұрғаныңыз жөн шығар, – деп, дәруіш өз жолымен кете барады.

(менің аудармаларымнан)