Ең ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады

Ең ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады
жеке
блог
(Осы жазбаны жазсам ба, жазбай-ақ, тыныш қана Массагет ұсынған мақалалардың жай ғана оқырманы болып жүре берсем бе деп көп ойландым. Әрі бір жағынан жүрексіндім десе де болады, қанша дегенмен бұл жерде жазба жазатындардың көбісі қаламдары қайралған, тілдері төселіп қалған жандар ғой, олардың жазбасымен салыстырғанда менікі бір мөлдір судың жанындағы шалшық судай болып қала ма деген жасық ой етегімнен біраз басып жүрген еді. Дегенмен, миымда күні-түні ағыны толастамайтын асау өзендей толассыз ойлар легі қамшылап, ақыры байқап көруге бел будым)
Осы Массагетке тіркелгеніме де біршама уақыт болып қалыпты. Анда-санда тиіп-қашып кіріп, тарыдай шашыраған там-тұм пікір қалдыратыным болмаса, толыққанды жазба жазуға қолым батпай жүрген. Әртүрлі тақырыптағы мақалаларды оқып отырып, қызығып кетіп, мен де осындай бір мақала жазуға шамам жетеді ғой деп құлшынып қетем кейде. Бірақ сол құлшыныс сол жерде қалады. Жазайыншы-ақ деп ойлап қоямын, бірақ желкесі құрғыр бір жар бермей жүргені. Онымды өзімше уақыт жоқтықпен ақтап та қоямын.
Неліктен екенін, жазуға деген құлшыныс пен түйдек-түйдек ойлар тізбегі ең бір ыңғайсыз мезгілде келетінін қайтерсің. Мысалға, қалбырдағы қақталған балықтай адам лық толы қоғамдық көлікте, немесе көшеде әлдебір күйбең тіршілікке қажетті бір мәселемен шапқылап жүргеніңде, не болмаса кейінге қалдыруға болмайтын шұғыл шаруаң болғанда, әйтеуір бәрін айт та бірін айт, қол астыңда әсем ой моншақтарын тізіп алуға қажетті ешбір құрал немесе ойлануға қажетті уақыт жоқтың қасы болған кездері небір ойшылдардың нақыл сөзімен тең түспесе, кем түспейтін керемет ақылды тебіреністер лек-легімен келе бастайды ғой. Жарайды енді, жетер жеріме жетіп алған соң, не шаруам бірыңғайланғасын түртіп алармын деп қоясың өзіңше. Жайланып, жайғасқан соң, қомданып, ең ғажап туындысын нотаға түсіріп, саз аспабында ойнағалы отырған айтулы маэстродай саусақтарыңды пернетақтаның батырмаларының үстіне баппен қоя бергеніңде, басыңдағы әсем ой моншақтары бытыр етіп үзіліп, шашырайды да кетеді, оларды жинақтап, бір жүйеге келтіремін дегенше, ұшқыр қиялдың ұштығын ұстай алмай есеңгірейсің де қаласың.
Әрине, пернетақтаны қағаз-қаламмен алмастыруға да болар еді, дегенмен, әуелден жазуымның нашарлығы, оған қоса баяу жазатындығым, әрі еріншектікті де ысырып тастай алмайтындығым тағы бар (сол себепті де компьютер мен пернетақтаны ойлап тапқан адамға әлі күнге алғысым шексіз. Себебі, олар болмаса, бүгінде еш шаруам бітпей сорлап жүретіннің бірі мен болар ма едім, кім білсін). Бала кезден қиялымның ұшқырлығында шек болмайтын, сол себепті күнделік жазбақ болып бірнеше мәрте талпынғам, дегенмен жоғарыда аталған себептерден ақыры бастай алмадым. Дегенмен мұғалімдердің желкелеуімен әдебиет сабағында, қабырға газеттерінде тәп-тәуір шығармалар мен мақалалар жазып жүрдім. Қазір желкелейтін ешкім жоқ, сондықтан еріншектігім қайтадан желкеме мініп алды мықтап.
Кейінгі кездері қоғамдық желілерден мезі болып, біраз уақыт интернетке жоламай жүрдім. Дегенмен, ауру қалса да, әдет қалмайдының кері келіп, ғаламтор кеңістігіне қызығушылығым қайта ояна бастады. Ендігі зейінімді бос шарлауға ғана арнамай, осы бір толастамас ақпараттар легіне аз да болса өз үлесімді қосуға белімді мықтап будым. Осы бір құлшыныс құрдымға кетпей тұрғанда, құйрығынан мықтап ұстайын деп шештім. Нәтижесінде, алдағы жазбаларыма алғысөз болсын деген ниетпен осы бір жазбамды алға тартып отырмын. Ғаламтордың электронды баспасында алғашқы қалам тартуым болғандықтан, жазбамның осынша созылыңқы, ойларымның осыншалықты шашыраңқылығы үшін оқыған жаннан кешірім өтінемін. Массагеттің тұрақты оқырмандары мен тәжірибелі қаламгерлері тым қатаң сынға алып, сөге қоймас деп үміттенемін (біреу-міреу қызығып оқи қойса, әрине). Әйтеуір, жұмыртқа мен қызанаққа көміліп қалмасам болғаны.
«Көре-көре көсем боларсың, сөйлей-сөйлей шешен боларсың» дегендей, жаза-жаза жазушы да болып кетермін :-). Алдағы уақытта ерініп қалмай, осылай жалғастырсам, бас-аяғы бүтін, жан-жағы жұмыр жазбалар жаза бастармын бәлкім. Ал әзірге, алғашқы талпынысымның нәтижесіне қандай пікір білдіріп, қандай ескертулер жасалатынын асыға да жүрексіне күтетін боламын.