Мен – ақымақпын!

Мен – ақымақпын!
жеке
блог

     Өткен түні Барселона мен Бавария арасында футбол ойыны болды, білесіздер. Сол ойын бір қалжыңға арқау болды.  Тарқатып айтайын.

  1-мамыр күні Сәкен деген жездем үйге қыдырып  келді. Жезделерім келсе бір марқайып қалатыным бар. Әсіресе Сәкен жездем келсе. Өйткені ол кісі әзілге бір табан жақын. Екеуміздің басымыз қосылса болды, бір-біріміздің сөзімізді аңдып, шалыс, қисық сөйлеп қалатын кездеріміз болса, іліп алып, бір-біріміздің ауламызға сөзбен тас атқандай боламыз. Содан ләззәт аламыз.

Әдеттегідей Сәкен үйге кіргеннен қалжыңды жіберді. Мен де қарап қалмадым, есемді жібермедім. Әңгімесін «балдыз»(қайнысы болсам да) деп бастайды. (Қуғынбай ғой. Амал жоқ) Сонымен түнде футбол көретін болдық. Футболды жай көрмейміз ғой. Бәстесіп көреміз. Бәстесу екеуміздің арамызда әдетімізге айналған. Қанға сіңіп кетті десем, артық айтпайтын шығармын. Жездем футболдың фанаты. Бүткіл елдің футболын жібермей көреді. Өзіміздікін де. Оның командасы –Барселона. Барселона үшін жанын беруге даяр.) Мен Баварияға болысатын болдым. «Сонымен айқындап алайық, неге бәстесеміз?» дедік. Ілгеріде бәстесетін болсақ, тек ақшаға бәстесетінбіз. Соңғы бәстесуде мен ақшамнан айырылғам. «Бұл жолы ақшаға бәстеспейік» дедім. Өйткені менің «осыдан бәстессек, көрсетем» атты бұрыннан дайындап жүрген жоспарым бар болатын.) «Ал, айт, неге спорласамыз? Бәрібір жеңілесің, бала» деді жездем. Мен «неге болса да, спорласасыз ғой» дедім. Ол «иә» деді. «Онда, оу, мен-ақымақпын деп айтуға. Ұтқан адам, ұтылған адамды «оу, мен ақымақпын» деп, үш рет айтқызады. Мейлі ол көшеде болсын, мейлі, тойда болсын, қай жерде айтқызам десе де, ұтқан адамның өз еркі. Келісесіз ба?» дедім. Жездем күліп «Әй, баламысың, балдыз, қой ол болмайды»  Мен «Не Барселонаңа сенбеймісің? жаңа ғана ұтыласың деп көпіріп жатыр едің ғой. Қорыққан (сасқан үйрек дегенді өзгертіп) үйрек артымен сүңгиді деген бар). Әлде үйректей қорқып тұрмысыз?» деп күлдім. Тағы 1-2 ащы сөздермен тиістім. Ақыры көндірдім «Шешінген судан тайынбас. Әкел қолды!» дедім. Жездем «Жарайды! Өзің ақымақ едің. Сен ақымақ екеніңді мен ғана білуші едім, енді бүкіл жұрт білетін болады. Ақымақпын деп айтуға дайындала бер» деді күліп. Сонымен жігітше қол алыстық. Уәделестік. Мен жеңетініме нық сенімдемін.) Футбол басталды. Месси алаңға шықпайтынын біліп жездемнің үнжырғасы түсіп кетті. Бар сенгені- Месси еді, байғұстың) Теледидарға үңіліп, жым-жырт отырмыз. Барселонаның ойыны мардымсыз. Өйткені қарсыласы осал емес. Мессидің жоқтығы өз әсерін берді. Ойынның 30 минутында тамағымды кенеп қойдым. Жездем маған қарап «қаз көресін, соғады!»деді.  Мен «ымм» дедім күлкі қысып. Содан 1 тайм бітті. Жездем тіл қатпастан далаға шығып кетті. 2 тайм басталарда қайта кірді. Шылым тартып келіпті. Қайта экранға телмірдік. 2 тайм 48 минутында Роббен бір гол соқты. Жездеме қарадым. Жыны бетіне шығып кетіпті. Сонда да маған білдірмеймін дегендей «Үмітсіз- шайтан ғана! Қаз, көресін!» дейді. Мен намысына тие бермейін деп үнсіз отырдым. Ары қарай ойын өрнегі қалай болғанын білесіздер. 70 минуттан кейін  қатарынан 2 гол соғылды. Үшінші голдан кейін жездем шыдай алмай бөлмеден шығып, жатып қалды. Ойын бітті. Баварияның айы оңынан туып, жеңіске жетті. Таң атты. Жездем әдетінше Барселонасын ақтап жатыр. Таңғы шайды ішіп болып жездеме: «Жүр шашың өсіп кетіпті, шаштаразға барып шаш алайық, мен де шашымды алдырайын» шашты сылтау қылып, үйден бірге еріп шықтым. Жездем де өлетін жерін сезеді) «Е, бала, не ойлағаның бар» деп жатыр, жартылай шошып. Менің бар ойлағаным «гитлерский жоспарымды» іске асыру. «Жезде дайын жүр. Қәне, жезде, кімсің? дегенде ақымақтығыңды айтасың» деймін күліп.  «Әй-й, балдыз, сен де қоймайды екенсің, одан да теңге бере салайын. Енді қыр асқан шақта баланың тірлігін істемей-ақ қояйын» деді. Мен «Жоқ. Спордың аты-спор! Жігітше қол алыстың ба, істе!» деймін көнбей.  Шаштаразға кірдік. Шаштаразда адамның қарасы көп емес екен. 3-4 кісі. Кезек күтіп отырып, «Қәне, жезде, кімсің?» дедім күліп. Жездем миығынан күліп, жан-жағына қарап, дауысын қатты шығармай жай ғана «Иә, Ақымақ болған соң, амал жоқ» деді қулығын асырып. Ал, мен ашуға басайын) сыртқа шығарып алып: «Е, Жезде қойсай. Уәде қайда?!  Иә, Ақымақ болған соң, амал жоқ дегенің не? Жігітше қол алысқаның бес тиын ба сонда?!» осы төркіндес сұрақты қарша бораттым. Жездем «Мен ешнәрсе білмеймін. Бір ақымақты айтып қойдым, енді екеуі қалды» деді мейлінше күліп. Мен «Жоқ, олай болмайды! Уәде – Құдай сөзі деген бар! Егерде дұрыстап айтпасаң, мен сені омір-бақи еркек деп мойындамай кетемін!» осындай мазмұндас сөздермен шымшып алғандай болдым. Жездем мақұлдағандай болды. «Айтқанда да, оу деп елдің назарын өзіңе аударып, сосын барып, мен –ақымақпын де» дедім. Жездем болар-болмас басын изеді. Шашты қысқартып, базарға кірдік. Азық-түлік алып жүріп, бір 10 шақты адамның арасында «Қәне, жезде, кімсің?» дедім. Жездемнің көздері алақ-жұлақ етіп, жылдамдатып «Оу, мен – ақымақпын» деді.) Жұрт тегіс қарады. Мен мәзбін. Жұрт та күлді. Жездем оңбай орға жығылғанын енді сезді. Мені шегір көздерімен тесіп барады. Солай тұрғанда артынан «өй, құда, сізге не болған?» деген әйел кісінің дауысы шықты. Келген кісі құдашасы екен.(танитын адам кездеспесе екен деп тілесең де, кездесіп қалатын сәттер болады. Өмір ғой) Жездем амандасып, дереу құдашасының қолтығынан ұстап, базардың сыртына қарай жүріп кетті. Олар не сөйлескені маған беймәлім. Мен біресе күліп, біресе жездеме жаным ашып, арттарынан жүріп келемін.  Бір кезде жездем құдашасымен қош айтысты да, таксилер тұратын жаққа бет алды. Мен артынан жетіп алып, жездемнің жүзіне қарасам, ақшыл реңі қызарып кетіпті. «Жігітті намыс өлтіреді» дегендей, намыс жанын өртеп бара жатқаны байқалып-ақ тұр. «Жезде, түрің оттай лаулап тұр ғой, түріңе жұмыртқа пісірсе болатын сияқты» деймін сөйлеткім келіп.  Жездем сөйлемей келе жатыр. Аяқ астынан керең бола қалды.)  «Жарайды, бір ақымақты әзірге айтқызбай-ақ қояйын. Бірақ біліп жүр, менде «бомба» «козырь» бар екенін» деймін. Жездемде үн жоқ. Шылымын бұрқыратумен әлек. «Өй, сен, әртіс екенсің ғой. Ауылда қор болып жүр екенсің ғой. Образды жақсы сомдайсың» дедім тағы сөйлеткім келіп. Жездем әлі кереңнің образында. «Әй, жезде, сонша өкпелейсің, менің орнымда сен болсаң, менің қанымды ішіп тауысқанша тынбайтын едің ғой. Кезінде талай мен де бармағымды тістеп едім ғой. Ұмыттың ба?» деп сөйлеп келе жатсам, кенет Достық – Сүткентке жүреміз, бір адам деген таксисттің дауысы шықты. Жездем «Сүткентке мен барамын» деді де «жақсы» деп маған қол беріп, таксиге отырып кетті.  Жолың болсын деп, мен қол бұлғап қала бердім. Жездемді шығарып салып болып, сахарный диабеті, давлениесі бары есіме түсіп, ал уайымдайын. Тел соқсам, шіркін, жездем көтермейді. Сүткентке дейін 1 сағаттық жол. Сол 1 сағат ішінде қалай уайымдағанымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сонымен 1 сағаттан кейін апкеме тел соғып, аман-есен жеткенін біліп, көңілім орнына түскендей болды. Бірақ давлениесі аздап көтеріліпті.  

Осылай ойын отқа ұласуға сәл-ақ қалды. Байқап әзілдеспесек болмайды екен.